Мектеп жасына дейінгі ересек балалардың тілін, ойлауын, креативтілігін дамытудың қызметтік тәсілі
Тілдің бастапқы қызметі – қатынас қызметі. Тіл – ең алдымен әлеуметтік қатынас құралы, ойын жеткізу мен түсінісу құралы. Тілдің екінші қызметі – ойлау қызметі. Сөз дегеніміз не? Тіл немесе ойлау ма? Ол тіл мен ойлаудың дәл өзі. Сөздің мағынасы тіл бірлігін, сондай-ақ ойлау бірлігін білдіреді. Белгілерсіз (ал сөз – белгінің өзі), сондай-ақ оның мағынасы болмаса сөйлесу мүмкін емес.
Білім берудің жаңа мазмұны мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын, оның интегративтік қасиеттерін, ойлауын, негізгі біліктіліктерін, соның ішінде коммуникативтік дағдыларын дамытуды талап етеді. Тіл дамыту сабақтарында мектеп жасына дейінгі баланың коммуникативтік біліктіліктерін дамытудың тиімді жолдарының бірі – оқу-коммуникативтік жағдай құру, оның мағынасы – балалар қызметіне тән қатынас жағдайын құру, бұл оларды осы қызметке тарту үшін қажет.
Мұндай сабақтарды өткізу педагогтан тақырыпты, қатынас міндеттерін нақты белгілеуді, рөлді дұрыс бөлуді, ұйымдастырылатын қатынас нысанының құрылымын жақсы білуді талап етеді. Қатынас машықтарын (біліктіліктерін) меңгеру өлшемшарттарына мына көрсеткіштер жатады:
- тіл мазмұны;
- белсенді сұхбаттас;
- белсенді тыңдаушы;
- байланысты сөйлеудің қалыптасуы;
- тілдің эмоционалдығы;
- дауысын, ым-ишаратын басқару;
- әңгімені қолдау машығы және т. б.
Мектеп жасына дейінгі балалардың қатынас біліктіліктерін дамыту қағидаттары:
- сабақтың эмоционалды қанық тақырыбы;
- тапсырманың вариатитік-сараланған мазмұны;
- тапсырма мазмұнының тартымдылығы, қызықтылығы, бейнелілігі;
- мақұлдау қағидаты.
Қатынас-тілдік біліктіліктерді қалыптастыру көрсеткіштерінің арасында тілдік шығармашылық қызмет бар.
Болашақ оқушылар үшін шығармашылық әңгімелеу дағдысы аса маңызды. Осы арқылы балалардың тақта алдында жауап беруі, олардың талқылауы, дәлелдеуі, шығарма, баяндама жазу және т. б. дағдылары қалыптасады. Шығармашылық әңгіме құрастыру барысында бала қиялын дамыту баланың танымдық қызметі мен тұлғалық қасиеттеріне оң әсер етеді.
Белсенді жұмыс нысандарын, инновациялық әдістер мен тәсілдерді қолданбай шығармашылық тілдік қызмет дағдыларын қалыптастыру мүмкін емес. Оқу технологияларын таңдау өлшемшарттары арасынан мыналарды атауға болады:
- педагогикалық процестің мақсатты бағдары;
- педагогикалық процес мазмұнының спецификасын ескеру;
- балалармен жұмыстың жеке тәсілі мен саралау;
- педагогтың заманауи оқу технологияларын іске асыруға дайындығы.
Мәлімет үшін
Барлық тиісті нормаларды: сауаттылықты, құрылымын, тұтастығын сақтай отырып шығармашылық әңгіме құрастыру машығы – А. М. Леушинаның анықтамасы бойынша «мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытудың жоғары жетістігінің» өзі. Әңгіме құрастыру кезінде бала тілі мазмұнды, толық, логикалы, байланысты, сауатты, лексикалық тұрғыдан нақты, фонетикалық тұрғыдан дәл болуы тиіс.
Осы дағдылардың бәрін жұмыста тіл шығармашылығын дамытуға арналған ойындар мен жаттығуларды қолдану арқылы дамытуға болады.
- «Қиял биномы»
Балаларға кез келген екі сөз ұсынылады. Оларға әңгіменің атауын немесе өз әңгімесін шығару ұсынылады.
Мысалы, «үй» және «қар» сөздері
- «Қарлы үй»;
- «Қар басқан үй»;
- «Үй қары»;
Гипотезаларды ұсынуды үйренеміз
- Оқиғаның шындыққа жанасатын (жанаспайтын) себептерін ата:
- суып кетті;
- балалар ұрсысып қалды;
- адам ашуланды;
- жел соқты.
- Мына сөздерден баста: мүмкін, делік, ойлаймын, егер.
- Мұндай жағдайда бұл заттар пайдалы (пайдасыз) болады:
- поролон бөлігі;
- алма;
- картон қорап.
- Оқиғаның ықтимал себебін табыңыз:
- күшік Кузя Машаның артынан мұңайып қарады;
- марғаулар күні бойы ұйықтады.
- Егер пілдер мысықтардан кішірейіп қалса, не болады? Алтын балық жер бетіндегі адамдардың бәрінің тілегін орындай ма?
- Аталған оқиғаны түсіндіре отырып, сөйлемді аяқтау. Себебі жалғаулығы бар бағыныңқы құрмалас сөйлем құрылымын қолдану.
- Анасы ұлына ұрысты, себебі …
- Бала киімін ауыстырмақ болды, себебі …
- Әже теледидарды өшірді …
- Қонақтар қатты күлді …
- Анам терезені ашты …
Бұдан әрі жұмыс сюжетті шығармашылық баяндау түріне сәйкес трансформациялаудан, мәнін талқылаудан, басын, шарықтау шегін, түйінін (оқиғаның басын, ортасын, соңын) таңдаудан, «предикативтік тізбекті» құрастырудан (баяндалатын іс-әрекеттер мен бала атайтын бағдарламаны құрастыру мақсатына, толық баяндау жоспарына сәйкес етістіктер тізімі), баяндау жоспарын құрастырудан (графикалық нұсқада болады), төл сөздің объектісін анықтаудан, әңгімеге тақырып беруден тұрады.
Бұл кезеңде келесі ойындарды қолданған дұрыс:
- «Ертегіні бұрмалау»: Баяғыда Сары телпек атты қыз өмір сүріпті. Бірде оны әкесі шақырыпты…
- «Ертегіні керісінше айт»: жағымды кейіпкерлері жағымсыз және керісінше жүреді:
- Қызылтелпек – зұлым;
- Аленушка – жалқау;
- Қасқыр – мейірімді.
- «Ертегілерден салат»: Қызылтелпек орманда Шынашақтай баланы кездестірді.
- Пассаторе карталары. Ойынның мәні ұжыммен бірге әңгіме құрастыру мен иллюстрациялаудан тұрады. Ол үшін арнайы карта колодасы керек, олар өзара сюжетке байланысы жоқ әртүрлі картинадан құралуы тиіс. Бұл картина әр кезде әрқалай оқылады, немесе әр карта алдыңғымен тек ерікті ассоциациялар мен қиял арқылы байланысады.
Жүргізуші колодадан бір карта алуды ұсынады. Бала түсіндіре бастайды, қалғандары әңгімені жалғастыруға дайындала отырып, тыңдайды. Алғашқы бала айтқан нәрсе келесі әңгімелеушілердің материалына айналады. Соңғы ойыншы алдыңғы балалар айтқандардың бәрін ескеруі тиіс. Барлық бөлігі өзара байланысты болуы тиіс. Соңында карталардың бәрін панноға сол реттілікпен қойып, ұжымдық әңгімені қайта баяндау керек.
- «Ертегілер жаңа мақамда»: «Қазіргі заманғы Күлбике», «Бауырсақ үйіне оралды», «Ашық» әңгімелер, яғни аяқталмаған немесе бірнеше нұсқасы бар әңгімелер. Балалар әңгімені өз бетімен аяқтауы тиіс.
- «Сөз – түстер». Балаларға И. Зиедонистің түсті әңгімесінің басы ұсынылады, ал олар жалғасын ойластыруы керек. Мысалы, «Кеше қар жауды…» аппақ ертегісі», «Күн жұмыртқаның сарысы секілді …» сары ертегісі».
Шығармашылық әңгімелеуді үйретудің аса тиімді тәсілінің бірі мәселелі сюжетке ие картина бойынша жұмыс болып табылады. Қызықты, жарқын, стандартты емес картиналар сюжеті баланы талдауға, талқылауға, себеп-салдарлық байланысын іздеуге, тұжырымдауға ынталандырады. Әр сюжет түрлі талқылау нұсқаларына ие, сондықтан бір картина бойынша бірнеше әңгіме құрастыруға болады. Мәселелі сюжетке ие картиналарды қолдану сабаққа деген ынтаны арттырады, шығармашылық және логикалық ойлауды ынталандырады, байланысты сөйлеуді жетілдіруге мүмкіндік береді, білімді толықтыруға ықпал етеді және т. б.
Талқылау – тіл қызметінің құрылымдық компоненті. Талқылаудың негізін себеп-салдарлық қатынас құрайды. Логикалық пікірді тұжырымдау – бұл ойлау әрі сөйлеу машығы.
Тілді және ойлауды дамыту бойынша жұмыстың ажырамас бөлігі арнайы ойындар мен жаттығуларды қолдану болып табылады, оның барысында баланың талдауға, синтездеуге, салыстыру мен жалпылауға деген қабілеті талданады. Жаттығу барысында мектеп жасына дейінгі бала тілдік пікірлерді қолдану, нақты лексикалық және грамматикалық құралдарды таңдау қажет болады. Тіл қызметінің осы түрі баланың шығармашылық қабілеттерін белсендіреді, қиялын ынталандырады.
Мысал үшін ертегі материалының негізінде мектеп жасына дейінгі балалардың ауызекі-логикалық ойлауын дамыту жолын қарастырайық.
Ертегі кейіпкерлерін көріп шық. Оның қайсысы артық? Неліктен? (Сыртқы белгілері, іс-әрекеті, мінезі, бір ертегіге қатыстылығы бойынша және т. б.). Бір-біріне сәйкес келетін ертегі кейіпкерлерін біріктір (сыртқы белгілері, іс-әрекеті, мінезі, бір ертегіге қатыстылығы бойынша және т. б.) Өз таңдауыңды негізде.
Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға негізгі объектінің кейбір бөлшектерін бейнелейтін сөздер қатарынан бір-екі бастысын таңдауды ұсынуға болады, бұларсыз аталған ұғым болмайды, өз таңдауыңды толық түсіндір. Ұғымдар қатарын талдау ыңғайлы болуы үшін ересек бір сөзді атай отырып, әр кезде объектінің маңызды қасиеттерін көрсету үшін осы бөлшектің маңызды екенін баламен бірге нақтылайды. Мысалы: (бақша). Жылыжайсыз бақша бола ма? Ал қарауылсыз?
Бақша: қарауыл, жылыжай, жүйек, қоршау, аумақ, арам шөптер.
Бақ: қоршау, жеміс ағаштары, ит, сәкілер.
Көше: жол, үйлер, шамдар, адамдар, дүкендер.
Орман: жидектер, саңырауқұлақтар, аңдар, гүлдер, ағаштар, құстар.
Теңіз: жағажай, тұзды су, құм, демалушылар, балықтар.
Өзен: қайықтар, ағым, жағалау, су, балықшы, балық.
- «Салыстыру» ойыны
Педагог ұсынылған тұжырымдардың қатесі қандай екенін толық түсіндіруді ұсынады. Әр салыстыру бөліктерін жекелей қолдану арқылы өз бетімен екі дұрыс нұсқасын құрастыру керек. Үлгі. Алма домалақ, ал лимон қышқыл. Салыстырудың бірінші бөлігінде жемістің пішіні туралы, екіншісінде дәмі туралы айтылады. Ал ортақ белгілерін салыстыру керек (түсі, пішіні, көлемі, салмағы және т. с. с.) Дұрыс салыстырулар мынадай: алма домалақ, лимон сопақ немесе алма тәтті, лимон қышқыл.
- Сәбіз қызғылт, ал қияр жерде өседі.
- Қаздың мойны ұзын, ал балапан кішкентай.
- Ваза таза шыныдан, ал стақан жеңіл.
- Тоңазытқыш аппақ, ал кілем жұмсақ.
- Мақта жеңіл, ал гір тасы қара.
- Қоянның құлағы ұзын, ал аю қоңыр.
- Зебра теңбіл-теңбіл, леопард зұлым.
- «Қиял биномы» ойынының нұсқасы
Сөйлемде мағынасы әртүрлі 3 ұғымды біріктіру керек. Үлгі. Ботқа – жапырақтар – балық. Отбасы серуенге шықты. Әкесі шатырды жапырақ түскен жерде қалдырды. Кешке бәрі ботқа пісірді және өзеннен ұстап алған балықты қуырды.
Үлгі. Балыққа ұқсайтын сары жапырақтар қою ботқаға ұқсайтын жерге төгілді.
- қайық – қарындаш – құмырсқаның иелуі;
- орман – парта – сусиыр;
- сағат – тақта – теңіз;
Мағынасы әртүрлі 3 ұғымды өз бетімен таңдау және оларды шағын әңгімеде біріктіру.
Осылайша, әңгімелеу, ойындар мен жаттығулар арқылы шығармашылық тіл қызметін қалыптастыру жұмысы қатынас дағдыларын дамытуға, мектеп жасына дейінгі балалардың себеп-салдарлық байланысты анықтау машықтарын, рефлексиялау қабілетін қалыптастыруға ықпал етеді, бұлар ойлаудың, коммуникабельділіктің, креативтітіліктің негізін құрайды.