ещё
свернуть
Все статьи номера
№12, 2024
ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП

Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін жаттау техникасы арқылы дамыту

Қалай ойлайсыздар, тақпақтар мен ережелерді жаттауы қиын кейбір балалар кинофильмдер мен мультфильмдердің сюжетін қалайша жеңіл әрі тез есте сақтайды? Сабақ материалын түсіндіргеннен кейін не туралы айтылғанын кейбір балалар есте сақтағанын, ал кейбір балалар ұмытып қалғанын байқадыңыз ба? Жалпы, барлығы зейінмен тыңдаған сияқты еді. Сонда білімді сіңіріп, баланың есінде қалдыратын «нәрсені» қалай табуға болады?

Назарды аудартып, есте сақтау барысын қарапайым әрі еркін ете алатын не нәрсе?

Мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істеу барысында олардың кейбіреуінің оқу әрекетіне құлықсыз қосылатындығы байқалды. Әдеттегідей мұндай балалардың есте сақтау қабілеті толық дамымаған, назар аударуы төмен, психикалық үдерістері айтарлықтай қозғалмайды. Сондықтан да балалар іздестіру әрекетіне қызықпайды және оның кез келген түрін әрең жоспарлайды, тапсырмаларды орындауға дайын емес, жоғары жұмысқа қабілеттілігімен ерекшеленбейді. Осы және өзге де себептермен бұл балалар тақпақ жаттауды, мәтіндердің мазмұнын айтып беруді, әңгіме құрастыруды жақсы көрмейді, есте сақтау тәсілдері мен әдістерін игермейді.

Сөзсіз, мектепке дейінгі жастағы балаларға баланың толық пікір айтуын жеңілдететін және қалыптасу барысына бағыттайтын қосымша құралдар қажет. Осындай құралдардың бірі — көрнекілік. Ұлы педагогтардың пікірлері негізінде өз тәжірибемде көрнекі материалдың тиімділігін ескере отырып, мен балалармен жұмыс істеуде ертегі арқылы тіл дамыту бойынша жаттау техникасы әдісін пайдалануды жөн көрдім.

Жаттау техникасының мақсаты

Ұлы орыс педагогы К. Д. Ушинский «балаға өзіне белгісіз қандай да бір бес сөз жаттатқызсаңыз, ол ұзақ әрі бекер қиналатын болады, алайда осындай жиырма сөзді суреттермен байланыстырсаңыз, ол оларды жылдам жаттап алады» деп есептеген.

Мектепке дейінгі жас – тілді меңгеру және тануға арналған маңызды сезімталдық кезең, сөздіктің белсенді даму уақыты.

Балалармен жұмыс істеу тәжірибесі оқыту үдерісінің олар үшін қызықты, ойын-сауық, дамытушылық түрінде болуы тиіс екенін көрсетеді, дұрыс таңдалған технологиялар тілді жетілдіруге, оның даму үдерісіне тиімді әсерін тигізеді.

Отандық психологтар С.Я. Рубинштейн, Л.В. Элькониннің көрнекілікті пайдалану туралы, психолог Л. С. Выготскийдің пікір айту жоспарын жасау туралы ережелерін негізге алып, осы жастағы баладағы негізгі бейнелі құралдар сезімталдық эталондары, әртүрлі нышандар мен белгілер екенін біле отырып, өз жұмысымда жаттау техникасының тәсілдері мен әдістерін қолданып көрдім және олардың тиімділігіне тез арада көзім жетті.

Заттарды, суреттерді қарау балаларға заттардың атын атауға, олардың сипаттамалық белгілерін, олармен жасалатын әрекеттерді атауға көмектеседі.

«Жаттау техникасы ертегі арқылы балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыру құралы ретінде» тақырыбы бойынша жұмыс тәжірибесі ерекше маңыздылыққа ие, өйткені дамыған жүйелі сөйлеу – баланың мектепке дейінгі балалық шағындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі.

Жұмыстың мақсаты:

  • балалардың тіл белсенділігін тудыру;
  • мектепке дейінгі жастағы балалардың жүйелі сөйлеуін қалыптастыру үдерісін жетілдіру;
  • біріккен және өзіндік әрекет етуде ертегілер арқылы жаттау техникасының тәсілдерін пайдалана отырып, дұрыс сөйлеттіру.
Жаттау техникасы деген не?

Жаттау техникасы – грек тілінде «есте сақтау өнері», еске сақталатын ақпараттың маңызды элементтерін білдіретін көру бейнелері арасындағы байланыстардың миға тікелей жазылуына негізделген «ішкі жазу» жүйесі.

Басқаша айтқанда, бұл — балалардың табиғат нысандарының ерекшеліктері туралы, қоршаған орта туралы білімдерін тиімді есте сақтауын, сәтті меңгеруін, әңгімелеу құрылымын тиімді жаттауды, ақпаратты сақтауды және айтуды, тіл дамытуды қамтамасыз ететін әдістер мен тәсілдер жүйесі.

Жаттау техникасы арқылы есте сақтау кезеңдері

  • Бейнелер түрінде кодтау.
  • Есте сақтау (екі бейнені біріктіру).
  • Бірізділікті есте сақтау.
  • Жадыға бекіту.
Жаттау техникасы не береді?
  • Сөздік қор ғана емес, қоршаған орта туралы білім де кеңейеді.
  • Мазмұнын айтып бергісі келеді, бала мұның мүлдем қиын емес екенін түсінеді.
  • Өлеңдер жаттау балаларға қатты ұнайтын ойынға айналады.
  • Бұл — мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудың тиімді әдістерінің бірі.
  • Қолдың ұсақ моторикасы жетіледі.

Жаттау техникасының құралдары

Мнемоквадрат – бұл бір сөзді немесе қарапайым сөйлемді білдіретін жалғыз сурет.

Күн

Мнеможолақ – бұл сөйлем немесе 2-3 сөйлемнен кішігірім әңгіме құрауға болатын 3-4 суреттен тұратын шаршы.

Бұлттың арғы жағынан күн көрінді.

Қар астында орман ұйықтап жатыр.

Мнемокестелер есте сақтау үдерісін жылдамдатады, тіл әрекетін белсендендіреді, ойлауды, қиялдауды дамытады.

Осы әдістемені пайдаланғаннан бері топтағы балалардың сөйлеу жүйесі айтарлықтай жақсарғанын айта кеткен жөн:

  • балалар ертегінің дайын мәтінін ересектердің көмегінсіз жүйелі, бірізді және айқын жеткізе алатын болды;
  • олар жаттау техникасын пайдалана отырып, өздігінен сипаттамалық немесе баяндамалық әңгіме құрастырады;
  • тәрбиеленушілер сюжеттік желіні ертегінің мазмұнына сәйкес дамытады, жеке сөйлемдер мен сөйленім бөлімдерін баяндамалық мәтінге біріктіреді.

Әрбір ұйымдастырылған оқу қызметінде тіл тапсырмаларының кешенді шешілуі көзделеді, мұнда тақырып пен нақты тапсырмаларға қарамастан, бір мезгілде тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық аспектілерімен жұмыс жүргізіледі, жүйелі сөйлеудің машықтары қалыптасады.

Өз жұмысымда мнемокестелермен, сондай-ақ балалардың сөздік қорын байытуға арналған түйсіну кітаптарымен, пазлдармен, қуыршақ және саусақ ертегі-театрларымен жұмыс істеудің тиімді әдісін пайдаланамын, олар жаңа лексиканы бекітуге, диалог пен жүйелі мәтіндер құру қабілетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеңіл әрі жылдам есте сақтауға әсерін тигізеді.

Мнемокестелермен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеру ертегі арқылы балалардың сөйлеу белсенділігіне бағытталған тапсырмаларды шешуге әсерін тигізеді, атап айтқанда:

  • Кішігірім әдеби шығармалардың мазмұнын жүйелі түрде, бірізді және айқын айтып бере алуды дамыту.
  • Сөздікті байыту.
  • Ертегіні қабылдай білу, түсіну және эмоционалды үн қата білуін дамыту.
  • Қоршаған орта туралы ұғымын дамыту.
  • Халық шығармашылығына деген қызығушылыққа және сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
  • Өзіндік ойнау және шығармашылық қызметте ертегілік сюжеттерді пайдалануға ниеттендіру.

Мнемокестелер балаларға толығырақ етіп, логикалық және жүйелі түрде әңгіме құрастыруға немесе мәтінді мазмұндап беруге көмектесетін өзгеше жоспар болып табылады.

Сондай-ақ балалар бұл ертегілерді драмалай отырып, лексика мен грамматиканы жеңіл меңгереді, өздерінің зияткерлік және тілдік мүмкіндіктерін жүзеге асырады. Ал халық ертегілерін пайдалану мектеп жасына дейінгі балалардың тіл белсенділігі мүмкіндіктерін анықтауға, мектеп жасына дейінгі балаларды тіл дамыту бойынша оқытудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін қалыптастыруға және мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың негізгі әдістерін анықтауға көмектеседі.

Ең алдымен тіл дамыту бойынша пәндік-кеңістіктік дамыту ортасы құрылды:

  • тіл дамыту орталықтары, театрланған қызмет, тілдік ойындар картотекасы толықтырылды;
  • жүйелі сөйлеуді дамыту бойынша жаттау техникасының әдістері мен тәсілдеріне бірте-бірте өтуге әсер ететін ойындар, жаттығулар енгізілген перспективалы жоспар әзірленді.

Жаттау техникасы бойынша өз жұмысымды қарапайымнан қиынға қарай құрамын. Балалармен жұмыс істеуді оларды қарапайым мнемоквадраттармен таныстырудан бастаймын. Мысалы, үй құстары мен жануарларын белгілеу үшін үй пайдаланылады, ал жабайы жануарлар мен құстарды белгілегенде шырша пайдаланылады. («Жабайы және үй жануарлары» жіктемесі).

Балалар сөзді шартбелгімен көрсетуді біртіндеп түсіне бастайды. Содан кейін біртіндеп мнеможолақтарға көшуге болады. Сөз тіркестерін кодтай отырып, балалар нышандарды есте сақтайды және ақпаратты сыртқа шығарады. Бұдан кейін мнемокестелерге көшемін.

3-5 жастағы балаларға түрлі-түсті мнемокестелерді беру қажет, өйткені баланың жадында түрлі-түсті бейнелер тез сақталады. Мектеп жасына дейінгі ересек балаларға түрлі-түсті суреттерге алаңдамауы үшін қара-ақ түсті кестелерді беру керек.

Кестедегі ұяшықтар саны мәтіннің құрылымына және мөлшеріне, сондай-ақ баланың жасына байланысты болады.

Жаттау техникасының тәсілдерін пайдалану барысында сұлбалар мен үлгілер өзгеріп және жетілдіріліп отырды. Өзім жұмыс істейтін балалардың тіл дамыту деңгейі мәселесін ескере отырып, жаңа, өзіндік бірдеңе ойлап тапқым келді.

Педагогтар Т. В. Большова, Е. Е. Васильеваның жұмыс тәжірибелеріне сүйене отырып, өлеңдерді жаттауға, ойыншықтар, жануарлар, ыдыс-аяқ, киім туралы сипаттамалық әңгімелер құрастыруға арналған, сондай-ақ әңгімелер мен ертегілердің мазмұнын айту кезінде пайдаланылатын мнемокестелерді әзірледім.

Менің тәрбиеленушілерім өте икемді және жеңіл үйренеді, бірақ кей кезде ұйымдастырылған оқу қызметі уақытында олардың назарын сақтау қиын болады, ал мнемокестелерді құру және оларды қайта кодтау балалардың қызығушылығын арттырып, бұл тапсырманы шешуге көмектеседі.

Сызбалар балаларға:

  • әңгіменің құрылымын және оның бірізділігін;
  • лексикалық грамматикалық толымдылығын құруға көмектеседі.

Күтілетін нәтижелер:

  • бала жеткілікті түрде ауызша сөйлеуді меңгереді;
  • өзінің ойы мен тілектерін айта алады;
  • әңгімелесу жағдайында өзінің ойын, сезімі мен тілектерін білдіру, тілдік сөйленімді құру үшін сөйлеуді пайдалана алады;
  • сөздердегі дыбыстарды ажырата алады;
  • бала сауаттылығының алғышарттары қалыптасады.

Жаттау техникасының тәсілдері мен әдістерін пайдалану арқылы балалардың тілін дамыту бойынша жүйелі жұмыс оң нәтижесін берді:

  • балалардың қоршаған орта туралы түсінігі кеңейеді;
  • жүйелі сөйлеу қалыптасады;
  • назар аудару, жады, логикалық және бейнелі ойлау деңгейі артады;
  • балалар әңгіме құрастырып үйренді, бұл оларға мектепте білім алу кезінде жетістікке жетуге мүмкіндік береді және олардың әрі қарайғы зияткерлік және жеке дамуына әсер етеді.

Тәрбиешілерге арналған бірнеше ереже, оларды сақтаған кезде сабақ барынша пайдалы өтеді:

  • Жаттау техникасы бойынша сабақ міндетті түрде конспектілерде немесе технокарталарда көрсетілуі тиіс.
  • Жаттығуды мнемоквадраттардан бастайды, кейін мнемотізбекке және содан кейін кестелерге өтеді.
  • Сурет есте сақталып қалатындай міндетті түрде ашық, анық болуы керек.
  • Бір оқу құралындағы шаршылар саны тоғыздан артық болмауы тиіс. Бұл мектеп жасына дейінгі баланың қабылдауы үшін ең жоғарғы сан болып табылады.
  • Бір күннің ішінде екіден артық мнемокесте пайдаланбаған дұрыс.
  • Егер осы әдістемені күнделікті қолдануды ұйғарсаңыз, онда суреттемелерді ауыстырып отыру қажет.

     
 
Дұрыс жауап үшін жұлдызша. Звезда за правильный ответ
Өзінді тексер!
Қате! Неправильно!
Дұрыс! Правильно!
Жауаптың қай нұсқасы жаттау техникасының құралы болып табылмайды?
Жаттау техникасының құралы
Мнемоквадрат – бұл бір сөзді немесе жай сөйлемді білдіретін жалғыз сурет.
Мнеможолақ – бұл сөйлем немесе 2-3 сөйлемнен кішігірім әңгіме құрауға болатын 3-4 суреттен тұратын шаршы.
Мнемоквадрат
Мнемосәуле
Мнеможолақ