Заңгерлік кеңестер
Біздің, яғни «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білімге ие мамандардың еңбекақысы қандай негізде 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап G-10 бойынша есептелетін болды?
ҚР БҒМ 13.07.2009 ж. № 338 бұйрығымен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына (бұдан әрі – № 338 бұйрық) сәйкес педагог-психолог білім алушылардың психикалық және әлеуметтік амандығын сақтауға бағытталған кәсіптік қызметін жүзеге асырады. Әртүрлі бейінде және бағыттарда психология-педагогикалық диагностика өткізеді және «Психология және педагогика» мамандығы бойынша жоғары кәсіптік білімінің немесе бейін бойынша жоғары медициналық білімінің болуын қарастырады.
Демек, педагог-психолог өз қызметін оқу бағдарламасының шеңберінен тыс жүзеге асырады. Осыған сәйкес, оның лауазымы оқу үдерісін өткізуді (оқу пәндерін оқытуды) тікелей жүзеге асыратын мұғалім лауазымымен бірдей емес.
Сондықтан педагог-психологтардың еңбекақысы жоғары білімді біліктілігі жоғары маман ретінде G-10 санаты бойынша есептеледі.
Мектептік логопедтік пункттегі логопед мұғалімнің еңбекақысын төлеу қандай тарифтік кесте бойынша жүзеге асырылуы тиіс: G-9 немесе G-10 бойынша? Мектептік логопедтік пункттің логопед мұғалімі қандай нормативтік құжаттарды басшылыққа алуға тиіс? Логопед пен мектептегі логопед мұғалімнің арасындағы айырмашылық қандай? Мектептік логопедтік пункттің апталық жүктемесі қалай есептелуі тиіс?
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 29.12.2007 ж. № 1400 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес логопед біліктілігі жоғары маман ретінде G-10 санатына жатады.
№ 338 бұйрығына сәйкес логопед мұғалімнің лауазымдық міндеттері бекітілді, оқу жоспарына және сабақ кестесіне сәйкес олар сабақ өткізгенде лауазымдық міндеттерін ескере отырып, олардың еңбекақысын төлеу G-9 санаты бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
Логопед мұғалімдер тікелей оқытуды жүзеге асырады және барлық мамандық мұғалімдеріне жатады, сондықтан олардың еңбекақысы G-9 санаты бойынша есептеледі.
Мектептік логопедтік пункттің логопед мұғалімінің жүктемесі барлық мамандық мұғалімдерінің жүктемесі секілді есептеледі.
Мектептік логопедтік пункттің логопед мұғалімі өз қызметінде «Білім туралы» ҚР № 319-ІІІ Заңын, «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚР 11.07.2002 ж. № 343-ІІ Заңын, «Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 04.07.2013 ж. № 258 бұйрығын басшылыққа алады.
Логопед өз қызметін оқу бағдарламасының шеңберінен тыс жүзеге асырады, осыған сәйкес, оның лауазымы оқу үдерісін өткізуді тікелей жүзеге асыратын мұғалім лауазымымен бірдей емес. Демек, логопедтердің еңбекақысы жоғары білімді біліктілік-деңгейі жоғары маман ретінде G-10 санаты бойынша есептеледі.
Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы есептеу ережесіне (ҚР БҒМ 29.01.2008 ж. № 40 бұйрығы) сәйкес педагог қызметкерлердің оқу жүктемесі оқу жоспары бойынша оқу уақытының көлеміне, педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне және сәйкес білім беру ұйымындағы өзге-де нақты шарттарға сүйене отырып бөлінеді.
Педагогикалық оқу жүктемесін бөлу құқығы білім беру ұйымының бірінші басшысына берілген.
15 жылдан астам мектеп зертханашысы болып жұмыс істеймін. Неліктен ауылдық жерде жұмыс істегенім үшін қосымша, ақы төлемейді және санат тағайындамайды?
ҚР Үкіметінің 30.01.2008 ж. № 77 қаулысымен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының тізбесіне сәйкес зертханашы лауазымы педагог және оларға теңестірілген лауазымдар қатарына жатпайды.
Сондықтан зертханашы лауазымына маман лауазымы ретінде қойылатын біліктілік талаптары қарастырылмаған.
№ 338 бұйрығы бойынша зертханашы лауазымы жұмыс мамандығына жатпайды, сондықтан зертханашының біліміне және санатының болуына қатысты талаптар қойылмайды.
№ 1400 Қаулысы бойынша зертханашының еңбекақысы атқарып отырған лауазымын лауазымдар санатына жатқызуға байланысты олардың лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген сәйкес коэффициенттерді және мамандығы бойынша жұмыс өтілін ҚР Үкіметі бекіткен базалық лауазымдық жалақы (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен төленеді.
Ауылдық жерде жұмыс істегені үшін қосымша, ақы № 1400 Қаулыға 4-қосымшаға сәйкес ауылдық жерде және қалалық үлгідегі кенттерде орналасқан мемлекеттік және ұлттық тілдерде білім беретін барлық үлгідегі және атаудағы білім мектептері мен мектеп-интернаттардың (сыныптардың, сынып-жиынтықтардың және оқу-консультациялық пункттердің) мұғалімдеріне 1–11 (12) сыныптарда орыс тілі мен 5–11 (12) сыныптарда орыс әдебиеті бойынша сағаттары үшін төленеді.
