Директор орынбасарының жазғы мектебі
Заманауи мектеп бүгінде дамудың динамикалық кезеңдерінің бірін басынан өткеруде, ол білім беру мазмұнын жаңартуға байланысты. Жаңартылған бағдарламаны іске асыру сәттілігі көптеген құрамдастарға байланысты, олар нәтижесінде білім сапасын қамтамасыз етеді. Сапалы білім беру процесін қамтамасыз етудің аса маңызды факторы сапаны жоспарлау стратегиясын әзірлеу болып табылады, ол сапаны болжау мен жобалауды, сапаны бақылау мен жақсартуды, сапаны басқаруды талап етеді. Осы басқару тетігін іске қосу мектеп басшылығынан стратегиялық менеджмент деңгейіндегі белгілі кәсіптік білімді талап етеді.
Бүгінде басқарушы менеджерден басқарудың ұйымдастырушылық құрылымын жобалау машығы талап етіледі. Оны талдамалы-бағалаушылық сүйемелдеу осы құрылым нәтижелілігінің міндетті шарты болып табылады. Бұл ретте сапаны кез келген бағалаудың тек сапаны арттыру және мұғалімдерді кәсіптік жетілдіру бойынша іс-шаралар осының негізінде өткізілгенде ғана мағыналы болатынын естен шығармау керек.
Білім беру ұйымының педагогикалық ұжымының күш-жігері білім беру процесінің сапасын арттыруға бағытталған. Даму бағдарламалары, негізгі білім беру бағдарламалары, білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық технологиялары және білім сапасын басқарудың жаңа тәсілдері олардың ізденістерінің нәтижесіне жатады. Сонымен бірге қарама-қайшылық туындайды: көптеген жағдайда мұндай күш салу күткен нәтижеге алып келмейді және білім сапасы көтерілмейді. Нәтижесіз басшылықтың себептерінің бірі – басқарушылық біліктіліктің жеткіліксіз деңгейі.
Әкімші басқару теориясы мен практикасын жақсы меңгерген сайын оның жұмыс істеуі жеңіл, ал еңбегі нәтижелі болатыны бәріне мәлім.
Осыған байланысты педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарының, қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің әдістемелік қызметтерінің басты міндеттерінің бірі – мектеп басшылары мен олардың орынбасарларының басқарушылық шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін ақпараттық-білім беру ортасын құру.
Павлодар қ. білім бөлімінің әдістемелік кабинеті мектеп директоры орынбасарының кәсіптік дамуын әдістемелік сүйемелдеу тәжірибесін жинады.
Директор орынбасарының жазғы мектебі апталық тренингтік сабақтарды білдіреді, оның мақсаты – өзара ынтымақтастықтың негізінде директор орынбасарларының өнімді тұлғалық және кәсіптік дамуына жағдай жасау. Сабақ өткізуге «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Павлодар облысы бойынша ПҚ БАИ» оқытушылары мен мамандары, жоғары оқу орнының оқытушылары тартылады. Сабақтар интерактивті режимде іскерлік ойындар, коучинг, семинар-практикум, практикалық кейс және т. б. түрінде өткізіледі. Сабақтар тақырыбы басқарудың өзекті мәселелерін көтереді:
- Мектептік менеджмент: тиімді басқару және сапалы білім беру. Басқарушылық шешімдермен жұмыс бойынша практикум.
- Көшбасшылық және пікірлестер командасын құру.
- Жобаларды іске асырудың негізінде мектептің дамуын жоспарлау.
- Нәтижелілік өлшемшарттары және білім беру жүйесіне мониторинг жүргізу.
- Сападан шартқа – нәтиженің сапасына қарай.
Жұмыстың ұйымдастырылуыкелесі технологиялық тізбек бойынша құрылады:
1-ші қадам. Қатысушыларды сабақ тақырыбын қамти отырып, ынтымақтастыққа бастайтын психологиялық практикум.
2-ші қадам. Презентациялық слайдтарда берілген сауалнама барысында алған ақпаратты талдау.
3-ші қадам. Мәселені көтеру арқылы шағын дәріс нысанындағы теоретикалық блок.
4-ші қадам. Шығармашылық қызметке және өзара әрекеттестік қағидаларын қабылдауға «жетелейтін» жаттығулар өткізу.
5-ші қадам. Іскерлік ойын, оның барысында жобалау бойынша ұжымдық жұмыс жүреді.
6-шы қадам. Ұсынылған мәселе бойынша қауіптерді айқындауға мүмкіндік беретін жағдаяттық ойын.
7-ші қадам. Қорытындылау. Оң тәжірибені бекіту. Рефлексия.
Жазғы мектеп мүшелерінің ойынша, басқарудың өзекті мәселелері бойынша диалог мектептің дамуына жаңаша қарауға мүмкіндік беретіндігі сабақтардың нәтижелілігін құрайды:
- Мектептің білім беру ортасының мәселелі өрістері қандай?
- Осы мәселелердің туындау себептері қандай?
- Бұл мәселелердің шешімі қандай?
- Біз қандай нәтижені қалаймыз және қол жеткізе аламыз?
- Оқу сапасын арттыру. Қандай тәсілдер нақты жұмыс істейді?
- Мұғалім мен оқушының функционалдық сауаттылық құрамдастары.
Сауалдарды талқылаудың тиімді нысаны коучинг-сессия болып табылады. Мысалы, «Басымдықтарын белгілеу және шара қолдану» коучинг-сессиясының барысында басымдықтарды белгілеу басшылардың ресурстарды жоспарлау мен бөлуді нәтижелі түрде жүзеге асыруына мүмкіндік береді. «Ромб 9» тапсырмасы ықтимал басымдықтар тізімін азайту және түсіністік, келісім, ортақ жауаптылық пен іс-қимылды бірлесе жоспарлау негізін қалыптастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге ықпал етеді. «Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігі» коучинг-сессиясының барысында бала мүддесі үшін мектеп пен отбасының бірлескен жұмыстарының оңтайлы нысандарын іздеу, отбасы мен мектептің жұмыс жүйесін құру, педагогикалық идеялармен алмасу жүзеге асады.
Коучинг-сессияның практикалық мәні – бұл нәтижеге бағытталған білім беру моделін жобалау тәсілдерін меңгеру.
Жазғы мектеп сабақтарын өткізудің қызықты нысаны – бұл директордың жас орынбасарлары үшін жаднама-шпаргалкалар жазу:
Директордың орынбасарына арналған «Сәтті табыстау өлшемшарттары» жаднамасы
- Уақытылы табыстаңыз. Сіздің нені және кімге табыстағыңыз келетіні туралы шешімді күндік жұмыс жоспарын құрастырғаннан кейін бірден қабылдаңыз.
- Қызметкерлеріңіздің қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарай табыстаңыз.
- Есіңізде болсын: уәждемесіз және ынталандырусыз табыстау мүмкін емес! Табыстау кезінде қызметкерлеріңізді ынталандырыңыз.
- Тапсырманы немесе жұмысты мүмкіндігінше толық табыстаңыз, оны жекелей оқшауланған тапсырмалар түрінде табыстаудың қажеті жоқ.
- Әр табыстау кезінде не жөнінде сөз болып отырғанын түсіндіріңіз: бірлі-жарым жағдайлар туралы немесе тұрақты табыстау туралы.
- Біртекті міндеттердің шешімін бір қызметкерге табыстаған жөн.
- Қызметкердің жұмысты орындай алатынына және орындағысы келетініне көз жеткізіңіз.
- Табыстауда қызметкерлеріңізге толық әрі нақты нұсқау беріңіз. Жүктелген тапсырманы дұрыс түсінгеніне көз жеткізіңіз.
- Нұсқау беруде тапсырманың мәнін ғана емес, оның мағынасы мен мақсатын түсіндірген маңызды.
- Ірі әрі маңызды тапсырмаларды бұйрық арқылы жазбаша нысанда табыстаған жөн. Бұл, әрине, қызметкерді ынталандыру және нұсқау беру қажеттілігін жоймайды.
- Кез келген қажетті ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етіңіз. Тапсырманың маңыздылығын қызметкерлер ақпаратты қаншалықты толық әрі уақытылы алатындығына қарай түсінеді.
- Сонымен бірге бағыныштыңыздың қиындықтар немесе мәселелер туындаған жағдайда әрдайым сіздің кеңесіңізге немесе қолдауыңызға жүгіне алатындығына сенімділігін орнатыңыз.
- Табысталған істің соңғы нәтижесін бақылаңыз және бақылау қорытындыларын қызметкерге дереу хабарлаңыз.
- Жетістіктерін құрылымдық түрде мақтаңыз және орындалатын жұмыстың кемшіліктерін әдеппен көрсетіп отырыңыз.
Жазғы мектеп жұмысының тағы бір практикалық құрамдасы – бұл қатысушылардың ашық баяндама жазу, білім беру ұйымының қызметін талдау, әдістемелік қызметтің жұмысын талдау және т. б. үшін алгоритмдерді өз бетімен әзірлеуі. Мұндай жұмыс мектеп қызметіне мониторинг пен талдау жүргізудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жазғы мектептің жұмыс жоспары
Мақсаты: өзара ынтымақтастықтың негізінде мектеп директоры орынбасарларының өнімді тұлғалық және кәсіптік дамуына жағдай жасау.
Міндеттері:
- басқарушылық қызметтің теориялық білімі мен практикалық машықтарын жетілдіру мәселесінде практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
- директор орынбасарының біліктілігін арттыруға және кәсіптік өсуіне ықпал ету;
- көшбасшылық қасиеттері мен командада жұмыс істеу машықтарын дамытуға бағытталған корпоративтік әрекеттестік мәдениетін қалыптастыру;
- өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасын арттыру.
Қызметтің негізгі бағыттары:
- білім беру ұйымының қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық құжаттамамен танысу;
- директор орынбасарының кәсіптік және ақпараттық сұраныстарына мониторинг;
- ақпараттық-консультациялық қызмет;
- білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие және әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау;
- мектептің білім беру қызметі сапасын бағалаудың квалиметриялық тәсілі;
- орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы инновациялық-жобалық қызмет.
№ | Мазмұны | Жұмыс нысаны |
---|---|---|
1-ші күн | ||
1 | Визитка. 2–3 сөйлеммен өзін-өзі таныстыру: – менің есімімнің мағынасы; – Жазғы мектеп жұмысынан күтетінім; – өзімнің бағалайтын қасиетім; – нені мақтан тұтамын; – қолымнан не келеді; – менің хоббиім | Психологиялық практикум |
2 | Мәселелі өрісті талдау: мәселелерді құрылымдау, олардың арасындағы тәуелділікті айқындау, негізгі мәселені айқындау, мәселені шешудің ықтимал нұсқаларын іздеу | Педагогикалық шеберхана |
3 | Білім беру ұйымы қызметін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету | Шағын дәріс |
4 | «Рефлексивтік нысана» тәсілі | Күн рефлексиясы |
2-ші күн | ||
1 | SWOT-талдау құрастыру: Мектептің даму бағдарламасының мықты жақтары – әлсіз жақтары, мүмкіндіктері – тәуекелдері | Практикум |
2 | Мектептің даму бағдарламасы моделін жобалау. «Ромб 9» тәсілі | Тренинг |
3 | Мектептің даму модельдерін таныстыру | Құлақтандыру |
4 | «Аралдар» тәсілі | Күн рефлексиясы |
3-ші күн | ||
1 | Жетістікті мектеп формуласының құрамдастары: ойдан ақиқатқа | Пікірталас алаңы |
2 | Басқарушылық шешім қабылдау механизмі | Коучинг-сессия |
3 | Мектепішілік бақылау: жоспарлау, орындау, нәтижелерді бағалау | Тренинг |
4 | «Телеграмма» тәсілі | Күн рефлексиясы |
4-ші күн | ||
1 | Білім беру мазмұнын жаңарту. Инновацияларды іске асырудағы көшбасшылық пен команда құру | Коучинг-сессия |
2 | Мұғалімдердің шығармашылық бастамаларын басқару: мақсаттары, міндеттері, қызмет мазмұны, күтілетін нәтижелер | «Бастама +» жобасын әзірлеу және қорғау |
3 | «Фишбоун» тәсілі | Күн рефлексиясы |
5-ші күн | ||
1 | Білім беру сапасын жобалау: нәтижелерді бағалаудың квалиметриялық тәсілі | Шағын дәріс |
2 | Ашық баяндама білім беру нәтижелілігі мен сапасын арттыру ресурсы ретінде | Алгоритм құрастыру |
3 | «Қошемет» тәсілі | Күн рефлексиясы |
