ещё
свернуть
Все статьи номера
№4, 2019
ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕС

Ашық сабақтарға дайындық пен өткізуге қойылатын талаптар

Ашық сабақтарға дайындық және өткізу туралы ереже

I. Жалпы ережелер

Осы Ереже «Гуманитарлық колледж» КМҚК ашық сабақтарға дайындық және өткізу тәртібін айқындайды.

1.1. Ашық сабақ озық тәжірибені тарату мен насихаттаудың нысаны, сондай-ақ оқытушының әдістемелік жұмысының нәтижесі, оқу және тәрбие процестерінің әсерлі құралы болып табылады, бұл ретте оқу-тәрбие процесін жетілдіру бойынша жаңа міндеттерді шешу барысында оқытушыға көмек көрсету қажеттілігін жоққа шығармайды.

1.2. Ашық сабақтың мақсаты – оқу-тәрбие процесінің озық нысандары мен әдістерін көрсету, оқу құралдарын қолданудың дидактикалық тиімділігін талдау, оқу процесі сапасын ұйымдастыру және бақылау тәсілдерін жалпылау.

1.3. Ашық оқу сабағын өткізіп жатқан оқытушының міндеті – қолданылатын технологиялардың тиімділігін бағалау, оқыту әдістемесін көрсету, жекелеген тәсілдерді, педагогикалық жаңашылдықтарды жетілдіру, білім алушылармен оқу-тәрбие жұмысының дербес жүйесін қалыптастыру.

1.4. Ашық сабақты өткізу үшін кез келген оқу нысаны бойынша оқу сабақтарының кез келген түрлері мен типтері қолданылады.

1.5. Ашық сабақтың модельдері:

  • колледждің жаңадан келген оқытушыларына, жас педагогтар мектебінің мүшелеріне арналған ашық сабақ. Мұнда жас оқытушыларды оқытудың аясында немесе жаңа педагогикалық технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасу үшін классикалық сабақты көрсетуге болады;
  • инновациялық қызметті меңгеру бойынша мүмкіндіктерін көрсету мақсатында ғылыми-әдістемелік дайындықтың жоғары деңгейіне ие колледж оқытушысының ашық сабағы;
  • біліктілік санатына аттестаттау мақсатында оқытушы өткізетін ашық сабақ;
  • «Жылдың үздік ашық сабағы» аталымы бойынша педагогикалық шеберлік конкурсының аясында оқытушы өткізетін ашық сабақ.

1.6. Оқу жылының басында циклдік әдістемелік комиссиялар (бұдан әрі – ЦӘК) бойынша ашық сабақтар өткізу кестесі мен колледжде ашық сабақтар өткізудің бірыңғай кестесі жасалады. Бекітілген кесте колледж оқытушыларының назарына жеткізіледі және орындауға міндетті болып табылады.

1.7. Ашық сабақты бағалауға арналған негізгі өлшемшарттарға білім, машықтар мен тәжірибе сапасы, педагогтың жетекшілігімен білім алушылардың негізгі және кәсіби біліктіліктерін қалыптастыру жатады.

2. Ашық сабақтарды жоспарлау

2.1. Оқу жылының соңында ЦӘК мәжілісінде педагогтардың өзара сабаққа қатысуына талдау жасалады, іс-тәжірибеде өзін дәлелдеп шыққан тәжірибе айқындалады және келесі оқу жылы көрсетілуі мүмкін. Педагогтардың шығармашылық тәжірибесін талқылаудың негізінде комиссия мүшелері олардың тәжірибелерін жалпылау мақсатында ашық сабақтар өткізу жоспарын жасайды.

2.2. Ашық сабақ өткізу жоспарын құрастыру кезінде ашық сабақ өткізуді ең алдымен біліктілік аттестаттаудан өтіп жатқан оқытушыларға және тәжірибелі, шығармашылық тұрғыдан жұмыс істейтін педагогтарға тапсыру керек. Егер жас оқытушылардың қызықты ізденістері, педагогикалық жаңалықтары болса, ашық сабақтарға олар да тартылады.

2.3. Ашық сабақтарды жоспарлау кезінде пән, топ, нақты әдістемелік мақсат, сабақ түрі айқындалады.

2.4. Ашық сабақтың тақырыбын таңдау ашық оқу сабағын өткізетін педагогқа беріледі. Өзге тең жағдайда пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру, білім алушылардың негізгі және кәсіби біліктіліктерді меңгеруі үшін маңызды бағдарламаның күрделі тақырыптары басымдыққа ие болады.

2.5. Ашық сабақты өткізудің тиісті шарттарына ОӘК кез келген компоненттерін, АКТ құралдарын қолдану жатады.

3. Ашық сабаққа қойылатын талаптар

3.1. Ашық сабақтың деңгейі қолдағы материалдың ғылымилығы мен дәлдігін, ғылым мен іс-тәжірибенің соңғы жетістіктерінің қарастырылып отырған мәселеде қолданылуын, білім беру, тәрбие және дамыту міндеттерін іске асыруды қамтып көрсетуі тиіс.

3.2. Сабақтың әдістемелік оңтайлылығы мыналарды айқындауы тиіс: көрнекілікті, ОТҚ, оқытудың жаңа әдістерін қолданудың таңдалған түрінің дұрыстығын; уақытты сабақтың құрылымдық элементтеріне және басқа құрамдастарға дұрыс бөлуді.

3.3. Білім алушылардың дербес танымдық қызметінің негізінде сабақтың мақсаттары іске асырылатын, білімді, машықтар мен дағдыларды, базалық және кәсіби біліктіліктерді қалыптастыру жүзеге асырылатын жаңа педагогикалық технологияларды, оқыту тәсілдері мен әдістерін қолдану ашық сабақтың негізгі талаптарына жатады.

4. Ашық сабаққа дайындық

4.1. Ашық сабаққа дайындық сабақты өткізудің оңтайлы әдістемесінің талаптарына сәйкес өткізіледі:

  • оқу материалының мазмұнын талдау;
  • осы сабақта нақты топтың оқу ерекшеліктерін талдау; оқу нысандарын, әдістері мен құралдарын таңдау;
  • оқу сабағы жоспарының талаптарына сәйкес сабақтың барысын қысқаша сипаттау.

4.2. Дайындықты ашық сабақтың әдістемелік мақсатын тұжырымдаудан бастау керек. Оқытушы ашық сабақтың тақырыбын өз бетімен таңдайды, бұл ретте ол өзі әзірлеген жетілдірулерді, тәсілдер мен әдістерді жақсы көрсете алатын материалдың талдауын, сабақтың түрлі кезеңдерінде студенттердің оқу қызметін ұйымдастыруды ескеруге тиіс.

4.3. Сабақтың әдістемелік мақсатына сәйкес оқытушы өзінің педагогикалық шеберлігінің негізін құрайтын әдістемені барынша толық ашуға мүмкіндік беретін оқу материалын таңдайды.

4.4. Ашық сабаққа дайындық барысында оқытушы заманауи ақпаратты қолдануы, педагогикалық, ғылыми-техникалық және әдістемелік әдебиеттен материалдарды таңдауы, кәсіби немесе әдістемелік көрмелерді, озық кәсіпорындарды, ұйымдарды аралау нәтижелерін қолдануы тиіс. Осының бәрі сабақты қызықты әрі пайдалы етуге көмектеседі, білім алушылардың заманауи жетістіктердің ағымында болуына мүмкіндік береді.

4.5. Сабақ уақытын нақты әрі орынды бөлу арқылы және оқытушы мен білім алушылардың нені әрі қалай орындайтынын көрсете отырып, ашық сабақтың жоспарын құрастыру керек. Сабақты материалдық-техникалық жарақтандыруды алдын ала ойластыру әрі дайындау керек.

4.6. Көрнекілік құралдары мен аудиовизуалды құралдарды қолдану белгіленген мақсаттарға жету үшін оңтайлы нәтиже беретіндей етіп таңдау керек. Көрнекілік құралдардың тым көп мөлшерінің білім алушылардың көңілін бөлетіндігін естен шығармау керек.

4.7. Циклдік әдістемелік комиссия ашық сабаққа дайындық барысында, оны өткізу жоспарын талқылауда, сабақты әдістемелік және техникалық жарақтандыруда педагогқа тиісті көмек көрсетуге тиіс.

Ашық сабақ материалдарының бәрі ЦӘК мәжілісінде қарастырылады, ЦӘК төрағасымен тексеріледі және бекітіледі, мұны хаттаманың үзіндісі дәлелдейді.

5. Ашық сабақтың әдістемелік қамтымы

5.1. Ашық сабақтың әдістемелік қамтымын айқындайтын материалдардың толық жинағы мына құжаттарды қамтиды:

  • оқу жұмыс бағдарламасы;
  • күнтізбелік-тақырыптық жоспар;
  • тақырыптық жоспар;
  • оқу-өндірістік жұмыстар тізімі;
  • оқу сабағының жоспары;
  • нұсқамалық карта;
  • дәрістің конспектісі;
  • түрлі бақылау түрлері бойынша материалдар жинағы;
  • дидактикалық және үлестірме материал;
  • өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар;
  • электрондық жеткізгіштердегі презентациялар мен өзге материалдар;
  • үй тапсырмасын беруге арналған тапсырмалардың немесе сұрақтардың нұсқалары;
  • ашық сабақты өткізу бойынша әдістемелік әзірлеме немесе ұсынымдар. Оқу нысанына, сабақтың түріне қарай әдістемелік қамтымның сәйкес құрамдастары таңдалады.

5.2. Ашық сабақты дайындап жатқан оқытушы бұл сабақты қызметінің негізін құрайтын педагогикалық міндеттер тұрғысынан қарастырады, бұл қолданылатын білім алушыға ықпал ету әдістері мен құралдары, сабақ барысында олардың жұмысын ұйымдастыру тәсілдері басқа педагогтардың көргенін сыни тұрғыдан бағалауына көмектесуі және өз пәнін оқыту кезінде жекелеген элементтерді қолдану ниетін тудыру үшін қажет.

5.3. Сабақты өткізу барысында алған құнды дүниелердің бәрі мұнда көрініс табуы және өзге оқытушылар қолдана алуы үшін оны өткізгеннен кейін сабақтың әдістемелік әзірлемесі толықтырылады және ішінара өңделеді.

5.4. Сабақтың әдістемелік әзірлемесінің мазмұны мен ресімделуі әдістемелік талаптарға сай болуы тиіс.

5.5. Ашық сабақтың дайындалған және ресімделген әдістемелік әзірлемесі ЦӘК мәжілісінде бекіткен соң директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасарының мақұлдауына өткізіледі және директордың ОӨЖ жөніндегі орынбасарымен бекітіледі.

6. Ашық сабақты өткізу бойынша ұсынымдар

6.1.  Сабақ өткізерден бір апта бұрын (ең көбі екі апта бұрын) оқытушы немесе ЦӘК төрағасы педагогикалық ұжымға және оқу бөліміне ашық сабақ өтетіндігін хабарлайды.

6.2. Ашық сабақ үйреншікті іскер ортада өтеді:

  • шақырту алғандар қоңырау соғылғанға дейін аудиторияға кіреді, алдын ала дайындалған орындарына отырады, бұл орындар басқалардың көңілін бөлмейтіндей етіп таңдалған;
  • студенттер және оқытушылар мен білім алушылардың іс-әрекеттерін кедергісіз бақылайды;
  • шақырту алғандардың бәрі педагогикалық әдеп сақтап, сабақ барысына араласпауға тиіс; білім алушылардың көзінше сабақты өткізіп жатқан оқытушының жұмысына қатысты көзқарасын білдірмеуге тиіс.

6.3. Шақырту алғандар бақылау барысында оқытушының белгіленген мақсаттарға қалай жеткенін, оқу бағдарламасының талаптарын қандай әдістемелік тәсілдер мен оқу құралдарының көмегімен іске асыратынын, қызметінің нәтижелері қандай екендігін атап өтуге тиіс.

7. Ашық сабақты талқылау және талдау

7.1. Ашық сабақты талқылау ол өткен күні өткізіледі.

7.2. Талқылау мақсаты – сабақ мақсатының дұрыс қойылуын, таңдалған әдістер мен құралдардың мақсаттылығын бағалау, жекелеген қолданылған әдістемелік тәсілдерге назар аудару кезінде оқытушыға көмек көрсету, белгіленген міндеттер тұрғысынан олардың нәтижелілігін қарастыру.

7.3. Сабақты талқылау кезінде оқытушыға қойылатын сұрақтар нақты сипатқа ие болуы (жұмыстың жекелеген тәсілдері мен әдістері, осы сабақтың нақты құбылыстары туралы), белгіленген мақсатты талқылаудан ауытқымауы тиіс.

7.4. Өткізілген сабақты талқылау кезінде қатысушылардың сөз сөйлеуін мынадай реттілікпен өткізу ұсынылады:

  • ашық сабақты өткізген оқытушы;
  • шақыртылған оқытушылар;
  • ЦӘК төрағасы;
  • әдіскер, директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасары.

7.5. Алғашқы сөз кезегі өзіндік талдау жасау үшін ашық сабақты өткізген оқытушыға беріледі. Ол сабағына нақты баға беріп, таңдаған әдістері мен құралдарын, оларды қолдану сапасын негіздеуі, оқу сабағын өткізу және таңдалған материалдың мазмұны бойынша сыни ескертулерді жеткізуге тиіс. Оқытушының сөзі қатысушыларға оның педагогикалық ниетін, қолданылған әдістер мен тәсілдердің ерекшеліктерін, жұмысының негізін құрайтын жетекші мақсаттарды түсінуіне көмектесуге тиіс.

7.6. Сөз сөйлейтін оқытушылар ашық сабақтың артықшылықтары мен кемшіліктерін толық талдауы, белгіленген оқу, тәрбие және даму мақсаттарының жетістіктеріне, қолданылған әдістердің нәтижелілігіне, мультимедиялық компьютерлік техникаларды қолдану мақсаттылығына және т. б. ерекше көңіл бөлуі тиіс. Сабақты дидактикалық қағидаттарды іске асыру тұрғысынан мұқият бағалау керек. Талқылау барысында сабақты ұйымдастыру мен мазмұнында жіберілген кемшіліктерді, қателерді атап өтіп, оқытушының алдағы жұмысын жетілдіру бойынша ұсынымдар беру керек.

7.7. Ашық сабақты бағалау келесі өлшемшарттарды ескере отырып жүзеге асырылады:

  • бағдарламаға сәйкестік;
  • сабақ жоспары мен барысының әдістемелік әзірлемесі;
  • тақырып бойынша қолданылатын материалдардың толықтығы мен алуан түрлілігі;
  • материалды жеткізу қолжетімділігі мен бірегейлігі;
  • білім алушылардың қызметін ұйымдастыру әдістері мен тәсілдері;
  • білім алушылардың қызметін ынталандыру;
  • қолданылатын техникалық және бағдарламалық құралдардың алуан түрлілігі;
  • белгіленген мақсат қорытындыларының сәйкестігі;
  • әріптестерінің қолдану мүмкіндігі.

7.8. Соңында әдіскер мен директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасары сөз сөйлейді. Олар талқылауды қорытындылайды, сөз сөйлегендердің нені ескермегенін атап өтеді, сабақта қолданылған тәсілдер мен әдістерге баға береді, ашық оқу сабағының белгіленген әдістемелік мақсатын ашу тереңдігін белгілейді және ұсынылған тәжірибені бұдан әрі қолдану мақсаттылығы туралы тұжырым жасайды. Талдау барысында сөз сөйлегендер сабақтың оқу, сондай-ақ тәрбиелік рөлін, мамандықты/кәсіпті меңгеру үшін оның маңызын бағалауға тиіс.

7.9. Талқылау мәнері іскер әрі игілікті болуы тиіс. Шығармашылық тұрғыдан пікір алмасу, пікірталастар қажет, бұлар әріптестердің жұмысын сыни тұрғыдан бағалау ғана емес, сонымен бірге оны жұмыс тәжірибесінде шығармашылық тұрғыдан қолдану ниетін оятады.

7.10. Қатысушылар сөз сөйлегеннен кейін сабақты өткізген оқытушыға қайтадан сөз беріледі. Ол қай ескертулерді қабылдайтынын, немен және неліктен келіспейтінін атап өтеді, өзінің ұстанымын дәлелдейді.

8. Жауаптылық және құзыреттер және нәтижелерді педагогикалық іс-тәжірибеге енгізу

8.1. Ашық сабаққа дайындық үшін жауаптылық оқытушы мен ЦӘК төрағасына жүктеледі.

8.2. Ашық сабаққа қатысушылардың бәрі ЦӘК төрағасына сабақ нәтижелерінің талдауын тапсырады.

8.3. Ашық сабақтардың әдістемелік әзірлемелері әдістемелік кабинеттің мұрағатында сақталады.