НОРМАТИВТІК АКТІЛЕР
Мектеп әдіскерінің лауазымдық нұсқаулығы
Лауазымдық міндеттері
- Ұйымның оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастырады және талдайды.
- Білім беру ұйымының қызметін ағымдағы жоспарлауды және перспективалық болжауды ұйымдастырады.
- Оқу-тәрбие процесінің, ғылыми-әдістемелік және әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз етудің жай-күйін талдайды.
- Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын орындау бойынша педагогтардың жұмысын, сондай-ақ қажетті оқу-тәрбие, оқу-әдістемелік құжаттамаларды әзірлеуді үйлестіреді.
- Білім беру процесінің сапасын және білім алушылардың білім беру дайындығының нәтижелерін бағалаудың объективтілігін бақылауды жүзеге асырады.
- Білім алушылардың оқу жүктемесін бақылауды жүзеге асырады.
- Оқу сабақтарының және оқу қызметінің басқа да түрлерінің кестесін жасайды.
- Білім беру процесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
- Қорытынды аттестаттауды дайындау және өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
- Педагогтердің тиімді тәжірибесін тарату бойынша шараларды жинақтайды және қабылдайды.
- Оқу үрдісіне инновациялық технологияларды енгізеді.
- Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің жеке және гендерлік ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру қызметінің дамыту және түзету бағдарламаларын әзірлеуді жоспарлайды.
- Педагогикалық кадрларды іріктеуге қатысады, олардың біліктілігін және кәсіби құзыреттілігін арттыруды ұйымдастырады.
- Педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) рәсімін дайындауға және өткізуге қатысады.
- Оқу зертханалары мен кабинеттерді қазіргі заманғы жабдықтармен, көрнекі құралдармен және оқытудың техникалық құралдарымен жабдықтау, әдістемелік кабинеттерді, кітапханаларды оқу-әдістемелік және көркем әдебиеттермен толықтыру бойынша жұмысты үйлестіреді.
- Оқу-тәрбие процесінде пайдаланылатын жабдықтардың, аспаптардың, техникалық және көрнекі құралдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
- Білім алушыларға медициналық қызмет көрсету жағдайын бақылауды, белгіленген есеп беру құжаттамасының сапалы және уақтылы құрастырылуын, дұрыстығын және тапсырылуын жүзеге асырады.
- Оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатында әдістемелік сағаттар, семинарлар, тренингтер өткізеді.
- Педагогикалық кеңестердің күн тәртібі мен материалдарын дайындайды.
- «Құндылықтарға негізделген білім беру» тұжырымдамасын ұйымда білім беру процесінің барлық субъектілерінің, соның ішінде балалардың отбасыларының қатысуымен жүзеге асырады.
- Білім алушылар, педагогтер және басқа да қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық принциптерін қалыптастырады.
Білуге міндетті
- Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарын және білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын басқа да нормативтік құқықтық актілерді;
- педагогика және психология негіздерін,
- Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу жоспарлары, педагогика ғылымы мен практикасының жетістіктері;
- менеджмент, қаржы-шаруашылық қызмет негіздері;
- қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау ережелері, өрттен қорғау, санитарлық ережелер мен нормалар.
Біліктілік талаптары:
- тиісті бейіні бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе басқа кәсіптік білімі немесе қайта даярлау курстарынан өткендігін растайтын құжат; немесе тиісті бейіні бойынша техникалық және кәсіптік білімі; білім беру ұйымдарында педагогикалық жұмыс өтілі 3 жылдан кем емес;
- оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша педагог-сарапшы немесе педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер біліктілік санатының болуы.
