Тәрбиешілерге оқу жылы бойынша талдамалы есеп дайындау жөнінде кеңес береміз
Педагог жыл сайын оқу жылы аяқталғанда атқарған жұмысын талдайды және оның нәтижесін есеп түрінде өткізеді. Талдау схемасы еркін болады. Бірақ мұнда міндетті түрде педагог жұмысының барлық аспектілері мен ерекшеліктері қамтылуы тиіс.
Бұл есеп не үшін қажет
Педагогикалық талдамалы есеп – мектепке дейінгі ұйымдағы есептік құжаттаманың маңызды элементтерінің бірі. Ол ішкі ақпаратты талдауды қарастырады және ол
- жыл ішінде әр топта атқарылған жұмысты қорытындылау;
- тәрбиешінің алдағы қызметінің жоспарын сауатты құрастыру;
- аттестаттау портфолиосына қоса тіркеу;
- өткен және жаңа оқу жылындағы жұмыс сабақтастығын белгілеу;
- МДҰ-ның кезекті жылдық жоспарын құрастыру үшін қажет.
Есептегі маңызды нәрсе – талдау. Оның негізгі бөлімі – нақты мәліметтерді талдау және бағалау, ал мәліметтер қосымшаларға кесте түрінде енгізіледі. Бұл есепті шағын әрі мазмұнды етеді.
Жұмыс талдауы – бұл атқарылған жұмыс туралы деректерді баяндау ғана емес, сонымен бірге мыналарды талдау: не және қалай істелді? не шықты және не шықпады? Тәрбие-білім беру процесінің нақты жай-күйін, қызметтің нәтижелілігін және мақсатқа жету үшін ықпал ету шаралары мен тәсілдерін қолдану негізділігін түсіну үшін, сондай-ақ шыққан нәтижені әділ бағалау үшін педагогтер қызметіне талдау жүргізу қажет.
Талдамалы есепті құрастыру жолы
Есеп құрастыру технологиясы бес кезеңнен тұрады:
- 1-ші кезең – тәрбие-білім беру процесінің жай-күйі туралы мәлімет жинау: бақылау, әңгімелесу, тестілеу, сауалнама алу және т. б.
- 2-ші кезең – алған мәліметпен танысу және талдау.
- 3-ші кезең – соңғы нәтижеге қандай факторлар мен шарттардың оң әсер ететінін анықтау.
- 4-ші кезең – мәселелерді айқындау.
- 5-ші кезең – анықталған кемшіліктерді жою тәсілдерін табу.
Көрнекілік үшін педагогтерге мәліметтердің кесте түріндегі нысанын қолдануға немесе ақпаратты диаграммалар мен графиктер түрінде ұсынуға кеңес беріңіз.
Маңызды
Есептің тілі міндетті түрде ресми, сондай-ақ қысқа әрі анық баяндалуы тиіс екеніне тәрбиешілердің назарын аударыңыз.
Есепті сауатты құрастыру үшін тәрбиешіге мына құжаттар қажет болады:
- өткен жылдағы балалармен жұмыстың перспективалық және күнтізбелік жұмыс жоспары;
- өткізілген іс-шаралар жоспары және оны талдау;
- балалардың МДҰ-ның негізгі білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейіне мониторинг жүргізу нәтижелері;
- ата-аналармен әрекеттестік жоспары мен нәтижелері: пікірлер, сауалнама алу және т. б.
Есеп құрастыру алгоритмі
- 1-ші тармақ. Топтың жалпы мінездемесі
Тәрбиеші жылдың басы мен соңындағы бала саны мен жасы туралы мәліметтерді көрсетеді. Оның ішінде қанша ұл және қыз бар екенін міндетті түрде нақтылайды, топтағы тәрбиеленушілердің даму және қарым-қатынас ерекшеліктерін сипаттайды. Кіші жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйым жағдайына бейімдеу қалай өткені туралы ақпарат береді.
- 2-ші тармақ. Мақсаттары мен міндеттері
Мұнда педагог осы оқу жылында алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін көрсетеді.
- 3-ші тармақ. Топтағы білім беру ортасын талдау
Тәрбиеші бұл тармақта мектеп жасына дейінгі балалардың дамуын қамтамасыз ету жағдайларын сипаттайды және бағалайды. Ол үшін толтырылған кестелерді алады, нәтижесінде бұлар нақты материалдар берілген есепке қосымша болады: РППС, өткізілген іс-шаралар, педагогикалық технологияларды қолдану және білім беру ортасының басқа құрамдастары бойынша мәліметтер. Оның міндеті – жыл бойы жинаған мәліметтерді талдау, мықты және күшті тұстарын белгілеу, топтағы білім беру ортасы оңтайлы болуы үшін қандай ішкі және сыртқы мүмкіндіктерді қолдануға болатынын жазып алу. Бұдан әрі ең мықты жақтарын және білім беру қызметінің нәтижелерін және ең әлсіз, қиын жақтарын қарастырып, оларды талдау кестесіне енгізу керек:
Мықты жақтары | Әлсіз жақтары | Мүмкіндіктері |
---|
- 4-ші тармақ. Білім беру бағдарламасын орындау нәтижелері
Күтілетін оқу нәтижелерін білдіреді. Мектеп жасына дейінгі балалар жас тобына сәйкес әр білім беру бағдарламасы мен ұйымдасқан оқу қызметі бойынша тиісті білім, машық, дағды көлемін меңгеруге тиіс. Бұл көлем мектепке дейінгі тәрбие және оқудың үлгілік оқу бағдарламасында көрсетілген.
- 5-ші тармақ. Машықтары мен дағдыларының даму мониторингінің көрсеткіштерін талдау
Тәрбиеші педагогикалық диагностика нәтижелерін жалпылайды, мектеп жасына дейінгі балалардың қандай бағыт бойынша көрсеткіштері жоғары, ал қайсысы бойынша төмен екенін белгілеп алады. Бұдан әрі төмен көрсеткіштерді түзету мен өсу нүктелерін қолдау мүмкіндіктерін қарастырады. Бала жетістігіне мониторинг жүргізудің негізінде оның жасына сәйкес диагностика нәтижелерін график, диаграмма түрінде ұсынады.
- 6-шы тармақ. Балалармен бірге өткізген іс-шаралардың қысқаша сипаттамасы
Балалардың конкурсқа, спорттық сайысқа, үйірмеге, фестивальға және т. б. қатысу нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады. Тәрбиеші мұнда ата-аналардың пікірлерін көрсете алады.
- 7-ші тармақ. Жеке жетістіктері
Педагог біліктілікті арттыру және педагогикалық тәжірибені тарату үшін қандай жұмыстар атқарылғанын талдайды: біліктілікті арттыру курстарынан өтті ме, семинарларға, дөңгелек үстелдерге, әдістемелік бірлестіктерге, кәсіби байқауларға қатысты ма, баспа жұмыстары бар ма, сайтта парақшасы бар ма немесе жеке кәсіби сайты бар ма және т. б.
- 8-ші тармақ. Өз бетімен білім алу бойынша есеп
Педагог қандай әдістемелік тақырыппен және қанша мерзім жұмыс істегенін көрсетеді, мақсаттарын, міндеттерін сипаттайды, қандай кәсіби ақпарат көздерін қолданғанын тіркейді, олардың пайдасын бағалайды: ...таныстым, ...әзірлеу үшін негізге алдым. Тәжірибе жалпыланған есепті тапсырады: педкеңесте, тәрбиешілердің әдістемелік бірлестігінде, педагогикалық оқуларда сөз сөйлеу, тақырып бойынша конкурстарға қатысу, шеберлік сағаты, өз бетімен білім алу тақырыбына байланысты ашық сабақ көрсету және т. б. Нәтижесі бойынша диаграмма ұсынуға болады. Үйірме қызметін жариялау: атауы, жұмыс бағдарламасы, бағыты, мақсаты, балалардың үйірмеге қатысу пайызы, нәтижелері графиктер мен диаграммалар түрінде. Педагог өз бетімен білім алу тақырыбының аясында қандай технологияларды, соның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданады, қолдануға мысал келтіреді. Екі-үш тиімді технология жеткілікті.
- 9-шы тармақ. Ата-аналармен жұмыс нәтижелері
Бұл бөлімге педагог
- отбасының қатысуымен жүргізілетін білім беру жобаларын;
- ата-аналар белсенді қатысушы, ұйымдастырушы, жүргізуші болған бірлескен іс-шараларды;
- ашық есік күндерін;
- дөңгелек үстелді;
- ата-аналармен бірге экскурсияларды;
- бірлескен қабырға газетін және отбасымен қарым-қатынастың басқа белсенді нысандарын;
- топтағы бірлескен көрмелерді (көрме атауы, мақсаты, фото, суреттер);
- нәтижелерді (мадақтамалар, дипломдар);
- ата-аналар жиналыстары мен кездесулерін (тақырыбы, мақсаты);
- жалпы ата-аналар жиналысын енгізеді (қатысушының мәртебесін хабарлау: баяндама немесе хабарлама жасады, өз жас тобындағы балалармен бірге баяндама, компьютерлік презентация дайындады, тыңдаушы болды).
- 10-шы тармақ. Атқарылған жұмыс туралы жалпы тұжырым
Перспективалық жоспардың белгілі міндеттері қаншалықты сәтті шешілгенін көрсетеді. Келесі оқу жылына арналған мақсаттары мен міндеттерді белгілейді, белгіленген стратегияларды іске асыру бойынша алдағы жұмыс бағытын айқындайды.
Маңызды
Егер тәрбиеші туындаған мәселелерді жеңу жолын білмесе және өсу нүктесін же- тілдіру мүмкіндіктерін көрмесе, есепте көрсетілген мәселе әріптестердің тәжірибесіне жүгінуге және мәнін терең түсінуге ынталандырады.
Тәрбиеші мәселелі жақтары ретінде жете алмаған мақсаттарын көрсетеді. Тәрбиешілер әдістемелік іс-шараға қатысуы мен олардың ұйымдастыру сапасын төмен бағалаудан қорқақтамауға тиіс. Қызметіндегі қиындықтарды көру және оны шешу жолдарын табу машығы оның жоғары кәсіби деңгейін дәлелдейді.
Жылдық талдамалы есепті жазудың осындай тәсілі талдау мен жоспарлауды біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Сапалы талдау педогтің жұмысын дұрыс жоспарлауына мүмкіндік береді, кәсіби дамуға қосымша серпін береді.
Есептің көлемі сапасын анықтамайтынын тәрбиешілердің есіне салыңыз. Жас және тәжірибелі оқытушылардың есепте ұсынған материалының көлемі ерекшеленуі мүмкін. Есепте педагогтің жұмысындағы қиындықтарды көретіндігі және оларды жою бойынша қандай шара қолданатынын көрсетуі тиіс. Әдіскер үшін мұндай есептер педагогтерді әдістемелік қолдаудың тиімді бағдарламасын құруға көмектеседі.
Есепті сауатты құрастыру үшін тәрбиешіге мына құжаттар қажет болады:
- өткен жылдағы балалармен жұмыстың перспективалық және күнтізбелік жұмыс жоспары;
- өткізілген іс-шаралар жоспары және оны талдау;
- балалардың МДҰ-ның негізгі білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейіне мониторинг жүргізу нәтижелері;
- ата-аналармен әрекеттестік жоспары мен нәтижелері: пікірлер, сауалнама алу және т. б.
