Қуыршақ терапиясы әдісін қолдану
Ана тілін меңгеру, тілді жан-жақты дамыту – бұл мектепке дейінгі балалықтағы толыққанды баланың маңызды шарттарының бірі және қазіргі заманғы психология-педагогика ғылымында тәрбие мен оқытудың негізі ретінде қарастырылады.
Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйым (бұдан әрі – МДҰ) қызметкерлерінің алдында мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту деңгейін көтеру, балалардың тілдік даму деңгейін айқындау үшін қандай әдістемелерді таңдау, олардың тілін дамытуда барынша мүмкін нәтижеге жетуге қандай құралдар мүмкіндік беретіндігіне қатысты мәселелер туындайды.
Л. С. Выготский, Е. И. Тихеева, Е. А. Флерина, сондай-ақ отандық ғалымдар Н. Т. Алипова, Е. Н. Жұматаева, С. Р. Сәдуақасова жүргізген әралуан зерттеулерге қарамастан мектепте оқуға сапалы дайындаудың басты шарты ретінде МДҰ жағдайында мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуды әдістемелік сүйемелдеу мен қамтамасыз ету мәселесі сақталады. Тілді дамыту тәсілдерінің бірі театр қызметі болып табылады, ол тілді дамытып қана қоймайды, сонымен қатар көптеген басқа педагогикалық міндеттердің де шешімін табады.
Бұрындары «театрландырылған қызмет» балаларды МДҰ-да ұйымдасқан оқыту жүйесіне кірмеген. Өкінішке орай, педагогтар оны көбіне балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту жұмысында және мерекені сахналау ретінде жиі қолданды, ал күнделікті өмірде – эпизодтық тұрғыдан, қалауы бойынша, көбіне балалардың топтағы өмірін барынша қызықты, жан-жақты ету үшін қолданды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес осы жылдың қыркүйегінен бастап МДҰ-да мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін үлгілік бағдарламасына «Драма» жаңа бөлімі енгізіледі, ол мектепке дейінгі ұйымдағы білім беру үдерісінде балалармен бірге театрландырылған қызметті іске асыруды, педагогтың балалардың театрында ойнауына деген байыпты көзқарасын және мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды мәнерлі тілін дамытуды тұспалдайды.
Аталған жаңашылдық кездейсоқ емес, себебі бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың «Қатынас» білім беру саласындағы дамуын талдау балалардың аудиторияның алдына шығарда, тілінде вербалды емес қатынас құралдарын (ым мен ишарат) қолдануда, интонацияның көмегімен тілге қосымша мағыналық жүктеме беруде қиналатындығын, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтік жүріс-тұрыс дағдылары, өзін өзі реттеу машықтары мен тағы басқалары қалыптаспағандығын көрсетті.
Сондықтан білім беру мазмұнын жаңартудың қазіргі кезеңінде балалармен бірге жүргізілетін театрландырылған қызметке деген қызығушылық арта түсті.
Зерттеушілер театр өнерінің, оның құралдарының бала тұлғасына жан-жақты ықпал ететіндігін, балалар театрының маңыздылығын арттыратынын зерттеді.
Театрландырылған қызмет балаға жақын әрі түсінікті, оның табиғатынан бастау алады, себебі ол ойынмен тікелей байланысты. Баланың кез келген ойына алған нәрсені, қоршаған ортадан алған әсерлерін жанды бейнелерге айналдырғысы және жандандырғысы келеді. Ол бейнеге еніп, кез келген рөлді ойнайды, көрген әрі өзін қызықтырған нәрсеге еліктеуге тырысады, және одан эмоционалды тұрғыдан рақаттанады. Балалар ойынның көмегімен әлемді таниды, үйренеді, өзара қарым-қатынаста болады.
Н. Д. Кажаспирова атап өткендей, театрландырылған ойын жаңа кейіпкерлермен, оқиғалармен, тарихи сюжеттермен таныстыру арқылы қуаныш сыйлайды. Баланың шығармашылық үдеріске саналы түрде бейімделуі орын алады, ол қатысуға және жасампаздыққа деген ыстық ықыласқа айналады. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойыншықтары арасында өзінің қоршаған адамдармен қарым-қатынасын, өз сезімдері мен көңіл күйін түсіну машықтарын дамыту тұрғысынан қуыршақтар айрықша рөл атқарады. Қуыршақ ең көне ойыншықтардың бірі болып саналады. Оның сәбидің өміріндегі рөлі айрықша: бұл ойын барысындағы серіктесің әрі жаныңды түсінетін жақын досың. Балалар қуыршақты өздері істеуге ұялатын нәрселерді істеу үшін немесе айту үшін, немесе айналасындағылар бұрыс қабылдауы мүмкін сезімдерін жеткізу үшін қолдана алады.
Осылайша, баланың әлемі – іс-қимылдар мен қызмет әлемі, ал қуыршақ болса баланы ұялтпай әрі жараламай, қоршаған ортаға енуге мүмкіндік береді.
Бүгінде психологияда қуыршақ терапиясы деп аталатын дербес бағыт бар. Бұл әдіс үш негіз- гі ұғымға негізделеді: «ойын» – «қуыршақ» – «қуыршақ театры». Түзетушілік әсер етудің негіз- гі тәсілі ретінде қуыршақ бала мен тәрбиешінің өзара қарым-қатынасының аралық объекті- сі ретінде қолданылады. Бала қолына қуыршақты кию арқылы оған өз сезімдерін жеткізеді, өзінің қиындықтары мен қорқыныштарын ұмытады, өзінің жасырын қорларын ашады.
Қазіргі кезде қуыршақ терапиясының нақты анықтамасы жоқ. Әртүрлі авторлар оны арт-терапияға (Г. Денисова, Л. Лебедева, А. Осипова), ойын терапиясына (А. Тащева, С. Гриднева) жатқызады немесе жекелей бөледі.
И. Я. Медведеваның анықтамасымен келіскеніміз жөн болады: «Қуыршақ терапиясы – қуыршақтар арқылы орындалатын әртүрлі театралдық тәсілдердің (арнайы таңдалған жаттығулар, жағдаяттар, этюдтер, ойындар, спектакльдер) көмегімен адамдарға кешенді әсер ету. Театрландырылған ойындар және қуыршақтармен сахналау, қуыршақ жасау шығармашылық және танымдық қабілеттіліктерді, алған білімін жаңа өмірлік жағдайға өз бетімен ауыстыру қабілетін, әртісшілдігін дамытады, өзін өзі танытады, өзіне деген сенімді, өзіндік бағасын арттырады».
Отандық және шетелдік педагогтар мен психологтардың ойынша, қуыршақ терапиясы әдісін қолдану арқылы баланың тек эмоционалды күйі мен психологиялық қиындықтарын реттеп қана қоймай, зияткерлік, коммуникативтік тілінің бейнелілігі мен мәнерлілігін, көркем-эстетикалық тәрбиесін қалыптастыруға, музыкалық және шығармашылық қабілеттіліктерін дамытуға қатысты көптеген мәселелердің шешімін табады.
Қуыршақ терапиясын ұйымдастыру кезеңдері
Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыстағы қуыршақ терапиясы үдерісі бірнеше кезеңмен жүзеге асады.
I кезең – балалардың қуыршақ жасау кезеңі
Балалар қуыршақ жасаумен айналыса отырып, барынша сабырлы, байсалды болады. Ойын барысында олардың психикалық үдерістерінің еркіндігі дамиды, зейін қою дағдылары, шыдамдылығы қалыптасады, қиялы дамиды.
Мектеп жасына дейінгі балалармен бірге қуыршақтардың келесі түрлерін жасауға болады:
Қуыршақ түрлері және олардың сипаттамасы | Міндеттері |
---|---|
Қуыршақ-марионеткалар Басы мен қолдары тігілген көйлегі бар. Оны басқару оңай: бір жібі басын басқаруға, басқасы қолдарын басқаруға қызмет етеді. Қуыршақтың бір немесе ауысып тұратын бет-әлпеті болуы мүмкін, бұл баланың әртүрлі эмоцияларды жеткізуіне мүмкіндік береді, кейде бет-әлпеті болмауы да мүмкін, бұл баланың кейіпкердің көңіл күйіне қатысты қиялдауына мүмкіндік береді. Қуыршақ-марионеткамен жұмыс қолдың жұқа моторикасын және жалпы қимылдар үйлесімділігін жетілдіруге, бала қандай да бір себептерге байланысты көрсете алатын немесе көрсете алмайтын эмоцияларды, сезімдерді, жай-күйді көрсетуге мүмкіндік береді | Креативтілікті, дөрекі әрі ұсақ моториканы, коммуникативтік дағдыларды, тілді, кеңістікте бағдарлануын дамыту. Эмоционалды шиеленісті басу. Тұлғалық ресурстарын белсендіру. Өзіндік бағасын көтеру. Отбасыішілік қарым-қатынасты нығайту (балалар мен ата-аналардың бірлескен қызметінде) |
Саусақ қуыршақтары Кез келген материалдан жасауға болады: картоннан, матадан, жіптен, пинг-понгтың шариктерінен. Қуыршақтың көлемі баланың саусағына тура келуі тиіс | Қиялын, импровизациясын, эмоционал- ды саласын, тілінің мәнерлілігі мен нақтылығын, ұсақ моторикасын дамыту. Қорқыныштың алдын алу және түзету |
Көлеңке қуыршақтары Қара картоннан немесе қағаздан жасалады. Мұндай қуыршақтар көбіне балалардың қорқынышымен жұмыс істеуге, қатты алаң- даушылығын түзетуде қолданылады. Қорқыныштың нақты немесе абстрактілі бейнесіне жіп немесе таяқша бекітіледі, бұл оны | Ұсақ моториканы, тілді, шығармашы- лық қиялды, фантазияны, коммуника- тивтік дағдыларды дамыту. Эмоционалды шиеленісті басу. Қорқыныш- тардың алдын алу және түзету |
экранда жүргізуге мүмкіндік береді. Бала көлеңке театрында қуыршақпен ойнау арқылы өз мәселесін шешу тәжірибесін жи- нақтайды. Әдетте қорқыныш байқалмайды. Қорқынышты қуыр- шақтың көмегімен көрсету арқылы бала жағдайды түсінеді, және қуыршақпен жеткізілген қорқынышы оның қорықынышты құрам- дасының эмоционалды шиеленісін жояды. Бала өзінің «қорқы- ныш қуыршағымен» ойына алған нәрсесін істей алады, тіпті толық жоя алады. Көлеңке театрының түзетушілік мәні де осыдан тұрады | |
Жіптен жасалған қуыршақтар Балалардың қарым-қатынас барысындағы қиындықтарын шешуде тиімді. Қуыршақтың бойы баланың бойымен бірдей болуы мүмкін. Оны дайындау өте оңай: жіптен (арқаннан) қуыршақтың сұлбасы жасалады, қуыршақтың басындағы ілмек баланың жейдесіне түймеленеді, ал баланың саусағы қуыршақтың алақанындағы ілмекке ілінеді. Осылайша, бала өзінің қимылдарымен бірге қуыршақтың қимылын имитациялайды | Өзіндік бақылауды, коммуникативтік дағдыларды, эмоционалды саланы, тілді дамыту. Тұлғалық ресурстарды белсендіру. Өзіндік бағасы мен қиындықтарды еңсеру қабілеттілігін арттыру |
Жазықтық қуыршақтары (түрткіштер) Бір жазықтықта жылжитындықтан осындай атауға ие болды. Жазықтық қуыршақтары қатты картоннан немесе жұқа фанерадан қиылған қуыршақтың үлгісін білдіреді. Әдеттегідей, қуыршақтың қолдары топсамен немесе түймешіктермен бекітіледі және еркін қозғалады. Мұндай қуыршақтардың бет-әлпеті ауыспалы болады, олар әртүрлі эмоционалды жай-күйге сәйкес келеді. Әдетте олар қарым-қатынас барысында қиындықтары бар, «Мен» бейнесі бұзылған балалармен жұмыс барысында қолданылады | Креативтілікті, дөрекі және ұсақ моториканы, коммуникативтік дағдыларды, тілді, кеңістіктік бағдарлануын дамыту. Эмоционалды шиеленісті басу |
Қолғапты қуыршақтар Қуыршақтың негізі-денесі қолғаптар болып табылады. Мұндай қуыршақтар әдетте балалар қуыршақ театрларында, әртүрлі сахналауларда, ертегілерді бейнелеуде қолданылады | Қиялын, импровизациясын, эмоционалды саласы мен тілдің айқындығын дамыту. Қорқыныштардың алдын алу және түзету |
Балалармен бірге қуыршақ жасау бойынша жұмыс жасай отырып, ең алдымен, халық ертегілерінде, әртүрлі жас тобына ұсынылатын шығармаларда жиі кездесетін кейіпкерлерді жасап шығару керек. Бала қиялдай отырып, өзінің эмоционалды күйін жеткізеді, талқандаушы аффектілерден: реніштен, қорқыныштан, ашудан, түңілуден арылады.
II кезең – балалармен жұмыс барысында қуыршақтарды қолдану
- Балаға басында бәріне ересек көмектеседі, ол одан «басқаруды» үйренеді (қуыршақ аэробикасы: қуыршақ отырды, тұрды, иілді).
- Осыдан кейін ересек қуыршаққа «жан бітіруге» көмектеседі, яғни қуыршақтардың жағымды (жағымсыз) қасиеттерін көрсетуге баулиды.
- Кейіннен бала ойыншықтың рухани әлемін өзінің қалауына қарай толықтырады, және ол нақты мәселелі жағдайда өзін қожайыны қалаған күйде «ұстайды». Бала қуыршақпен ойнау арқылы өзінің сезімдерін, қорқыныштарын, қарым-қатынасын нақты жеткізеді, бұл ретте айтылғандардың бәріне бала емес, қуыршақ жауапты болады.
- Бала қуыршақпен бірге өзіне түсінікті эмоционалды және адамгершілікті тұрғыда өз өмірінің барлық оқиғаларын басынан өткереді.
- Қуыршақ немесе жұмсақ ойыншық бәрін түсінетін және ешқашан ашуланбайтын мінсіз достың рөлін атқарады.
- Қол қуыршақтарымен ойнау тілдік қиындықтардан баланың ойын бөледі және тілдің дамуына жағымды әсерін тигізеді.
- Ертегі кейіпкерлері болып табылатын қуыршақтармен ойнау бала үшін әлеуметтік қарым-қатынастың белгілі мектебіне айналады, себебі бұл қуыршақтар адамгершілікті кейіпке ие.
III кезең – қуыршақтардың көмегімен «ертегі терапиясы»
Бұл кезеңде қуыршақ театрын, шағын спектакльдердің қойылымы, оларды сахналау, ойын-драмаландырулар, жасалған қуыршақтардың көмегімен сюжеттік тапсырмаларды орындау секілді тәсілдер мен әдістерді қолдану орынды болып табылады.
Балалармен жұмыс барысында келесі жаттығуларды қолдануға болады:
- Бұлшық ет шиеленісін басуға арналған ойындар. Мультимедиялық презентацияларды қолдану арқылы өткізілетін релаксациялық жаттығулар: теңіздің түбінде, ғаламшарға саяхат, орман алқабында және т. б.
- Ым-ишаратты дамытуға арналған ойындар. Ым-ишаратпен әртүрлі бейнелерді жеткізу: үзілген гүл; таңертең қатты ойнайтын оятқыш; бұзақыға ашулы; досты кездестіру; лимон жеу; иттің ойнағысы келеді; «көз салу»: көз қысамыз, реніш, таңданыс, қорқыныш және т. б.
- Пантомимиканы дамытуға арналған ойындар. Пантомимикалық қимылдардың көмегімен бейнелерді жеткізу: ұлпа қар айналады, күннің шұғыласы түседі, мұз ериді, тәтті балмұздақ, марғау күннің астында, көбелек ұшады, гүлдер гүлдеді және т. б.
- Ойын-өзгерулер. Перизаттың сиқырлы таяқшасының көмегімен балалар әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне (Мальвинаға, Чебурашкаға), аңдарға (қоянға, түлкіге), тұрмыстық заттарға (шкаф, орындық), жеке гигиена заттарына (тіс пастасына немесе қылшағына) және т. б. айналады.
- Тілдік сүйемелдеусіз саусақ ойындары (мүйізді ешкі, көбелек және т. б.) және тілдік сүйемелденетін ойындар (ала қанат сауысқан, тату саусақтар және т. б.).
- Интонациялық мәнерлілікті дамытуға арналған ойындар («Қасқыр мен жеті лақ» әнінен Ешкінің әнін алдымен Ешкінің дауысымен, содан кейін Қасқырдың дауысымен орындау; балаға досынан ойыншық сұрап алуды ұсыну: сыпайы, ренішпен, өтініп; берілген сөйлемді әртүрлі интонациямен айту; фразаны әртүрлі эмоционалды бояумен жеткізу; өлеңді мәнерлеп оқу және т. б.).
- Балалардың қиялын дамытатын, әртүрлі эмоцияларды жеткізуге және мінезінің жекелеген тұстарын жеткізуге машықтандыратын театралдық этюдтер (қолымызға ұлпа қарды аламыз және оған жақсы сөздер айтамыз, еріп кеткенше тез айтамыз; көктемгі күн басынан өткен аққала қорқып кеткен, әлсіреген және науқастанып тұр, бала марғауды сипалайды, ол рақаттанып көзін ашып, пырылдайды, басымен қолға үйкеледі және т. б.).
Осылайша, қуыршақ терапиясы әдісін шебер қолдана білу балалардың әртүрлі машықтары мен дағдыларын қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге тәрбие жұмысының аса маңызды міндеттерін шешуге мүмкіндік береді. Олар мектеп жасына дейінгі балалардың байланысты сөйлеуін дамытуға септігін тигізеді, сөздік қорын барынша толықтырады, тілін барынша эмоционалды әрі мәнерлі етеді.
