Мұғалімге интерактивті жаттығулар құрастыруға көмектесетін бес тегін онлайн-сервис
Қашықтан оқу кезінде бүкіл әлемнің ІТ-компаниялары мұғалімге интерактивті тапсырмалар, жаттығулар, тесттер және т. б. құрастыруға көмектесетін бағдарламалар мен қосымшаларды белсенді түрде шығара бастады. Мұндай тапсырмалар оқушылардың онлайн-форматтағы сабаққа қызығушылығын арттыруға көмектеседі.
Мақалада өз бетіңізбен интерактивті жаттығу құрастыруға, сондай-ақ дайын интерактивті материалдарды қолдануға көмектесетін танымал онлайн-сервистерге шолу жасаймыз.
Оқыту ойындары мен жаттығулары
https://learningapps.org/ — оқыту ойындары мен жаттығуларын құрастыруға арналған тегін сервис. Ол орыс тіліне аударылған. Егер өз жаттығуларыңызды құрастырғыңыз келсе, сайтқа тіркеліңіз. Ал жай ғана мазмұнымен танысу үшін тіркелудің қажеті жоқ.

Сервис шаблондарының көмегімен ойын жаттығулары мен онлайн-ойынның 20-дан астам түрін құрастыруға болады. Шаблондар арасынан «Жұбын тап», «Жіктеу», «Хронологиялық желі», «Картиналарды реттеу», «Бос жерді толтыру», «Пазлдар», «Сөзжұмбақтар» және т. б. секілді жаттығу түрлерін таба аласыздар. Дайын жаттығуды оқушыларға не сілтеме арқылы, не QR Code түрінде жіберіңіз.
Сервис сынып ашып, оқшылардың жаттығуды қалай орындағанын (өткен/өтпегенін) қадағалауға мүмкіндік береді.
Сервистің кемшіліктері: бұлыңғыр дизайны мен жаттығулар бойынша толыққанды статистиканың жоқтығы.
Практикалық тапсырмалар
https://childdevelop.ru/generator/ – балаларға арналған практикалық тапсырмаларды құрастыруға көмектесетін тегін генератор. Мұнда әр жастағы балаларға математика, оқылым мен жазылым бойынша белгіленген параметрлері бойынша тапсырма құрастырып, басып шығаруға болады. Сонымен бірге генератор белгіленге сәйкес жаттығулар құрастыруға көмектеседі. Мысалы, тапсырма мысалын терген кезде матерматикалық есептер генераторы оның күрделілігін есептеп, қаншама ұқсас, бірақ әртүрлі, бірегей мысалдарды генерациялайды. Тапсырмалар бірден торкөз парақшада генерацияланады, бұл балаға цифрларды дұрыс шығаруды үйрену мүмкіндігін береді. Генерацияланған есептерді тегін жүктеп алуға болады, қаласаңыз жауаптарын да жүктеуге болады.
Сайтта тапсырманың 19 шаблоны бар, оның ішінде «Сөзді тап», «Анаграммалар», «Арифметикалық айла-амалға берілген есептер», «Оқу жылдамдығы», «Өлшем бірліктер» және т. б. бар. Сонымен бірге сайтта «Практикалық есептер» айдарынан мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған дайын тапсырмаларды таба аласыздар:
- ауызша және жазбаша есептеу негіздерін меңгеру;
- уақыт, жыл мезгілдері, апта күндері ұғымдарымен танысу;
- әліпбимен танысу;
- логикалық тізбектер;
- өсімдіктер мен жануарлар әлемімен танысу;
- мектепте өткен материалды пысықтау және т. б.

«Эксперименттер мен шығармашылық» бөлімінде түрлі бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағаттары ұсынылып, эксперименттер сипатталған, көркемөнер қызметінің толық сипаттамасы бар. Мысалы, «Гравитация мен объектілер: апельсинмен сынақ өткізу», «Су тұрғындары – қарапайым бактериялар», «Табиғат сұлулығы күз жапырағында», «Балауыз қарындашпен тасты безендіреміз».
childdevelop.ru интерактивті тапсырманың ауқымды жинағы мен ыңғайлы интерфейске ие.
Олар тегін қолжетімділікпен бірге мұғалімге сабақты немесе үй тапсырмасын қызықты әрі жанды өткізуге мүмкіндік береді.
Қызықтыруға арналған тапсырмалар
Kahoot (https://kahoot.com) – білім алушыларды қызықтыру үшін интерактивті контент құрастырып, оны сыныпта және дербес жұмыста қолдануға мүмкіндік береді. Мұнда интерактивті тапсырманың төрт нұсқасы берілген: викторина (quiz), жауабы аралас ойын (jumble), талқылау (discussion), сауалдама(survey). Сайттың базалық мүмкіндіктері үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, ал қосымша мүмкіндіктеріне төлеуге тура келеді.
Платформа танымалдығының себебі түсінікті: интерфейсі ашық әрі түсінікті, орыс тілінде тапсырма құрастыру мүмкіндігі бар, нақты уақыт режимінде жұмыс істеу. Соңғы сипаттама оқушыларды қызықтыратыны анық, себебі олар ойынның қалай өткенін және кімнің жеңіске жеткенін онлайн-режимде көреді.
Сайттың жұмысымен танысуға видеонұсқаулық көмектеседі.
Викториналар мен сауалдамалар
Quizizz.com – викторина, сауалдама, тест құрастыруға арналған халықаралық онлайн-сервис. Quizizz-дің көмегімен әртүрлі тақырып бойынша тапсырма құрастырып, сауалдама, үй тапсырмасын, сайыстар және т. б. ұйымдастыруға болады.
Сервисте бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Оқушылар ойынға қосылу үшін сілтемемен өтіп, арнайы кодты тереді. Барлық қатысушыға берілген тапсырма бірдей, бірақ әркімнің сұрақ реттілігі әрқалай. Шыққан нәтижені педагог Excel кестесіне экспорттай алады.
Педагогтің өз тесті мен викториналарын құрастырып қана қоймай, сонымен бірге дайын білімнің ауқымды кітапханасын қолдану мүмкіндігі бер. Дайын тапсырманы электронды почтамен жіберуге немесе әлеуметтік желіде бөлісуге болады.
Сайт ағылшын тілді, бірақ интерфейсі түсінікті. Сервиспен жұмыс кезінде браузерге орнатылған автоматты аудармашы қолдану керек.
Quizizz сервисінің базалық, тегін әрі ақылы нұсқасы бар. Ақылы нұсқасында базалық нұсқамен салыстырғанда жарнама жоқ және тапсырма құрастырудың біршама ауқымды мүмкіндігіне ие. Ақылы нұсқаның құны – айына $3. Сервиске тіркелу үшін http://quizizz.com сайтына өтіп, парақшаның жоғарғы оң жақ бұрышындағы Sign up батырмасын басу керек.
Оқу тренажерлері
https://etreniki.ru/ – ресейлік оқу тренажерларының онлайн-конструкторы. Мұнда педагог интернет-браузердің көмегімен шағын веб-қосымшаларды – тренажерларды конфигурациялау алады.
Тренажер тегін, мұнда жұмыс істеу үшін тіркеуден өту керек.
Сервисте тренажердің бес түрі ұсынылған:
- «Кокла» – сәйкестікке тест құрастыруға арналған тренажер. Бірақ жалпыға ортақ объектілерді немесе графикалық кескінді сызықтың көмегімен жылжытудың орнына әзірлеушілер кеңістікті ойлау дағдыларын дамытуға көмектесетін физикалық модельді ойлап тапты (1-сурет).

Оқушы блок өтетін жолды басынан-ақ елестетіп, кедергілерді аудару арқылы дұрыс жауапқа апаратын жолды құруы тиіс.
Мұндай тренажерді кез келген пән мұғалімі қолдана алады. Конструктордың басты артықшылығына қаріп өлшемдері мен тапсырманы орындау уақытын редакциялау мүмкіндігі жатады.
- «Картофан» – географиялық объектілердің сәйкестігіне тест құрастыруға мүмкіндік береді. Оқушы мәтінді картадағы нүктелермен біріктіруі тиіс. Бұл тренажерді география мен тарих сабақтарында қолдануға болады.
- «Морфанкалар» – сөзді құрамы бойынша талдау тренажерлерін құрастыруға арналған конструктор.

Бұл тренажерларды орыс тілінен басқа тіл сабақтарында да қолдануға болады.
- «Криптон» – орныауысқан әріптерден бастапқы сөзді құрастыруға арналған тренажер. Мұндай тапсырмалар Айзенка тесттерінде кездеседі (3-сурет).


- БҰО – топтағы артық объектілерді іздеу мен өшіруге арналған тренажер. Тренажерге сөз жазуға, сондай-ақ мысал құрастыруға болады (4-сурет).

Тренажермен жұмыс істеу тәсілін сайттағы видеонұсқаулықтан көре аласыз.
Осы сервистерден басқа https://www.proprofs.com онлайн-конструкторы мен https://flippity.net. онлайн-сервисі де көңіл аударуға лайық. Алғашқысы шаблондар негізінде әдемі тест пен құрастырып, оларды талдауға мүмкіндік берсе, екіншісі – Google-кестеге негізделген ойын жаттығулары.
Сонымен білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде оқушылардың ашықтығымен, интерактивтілігі мен қолжетімділігімен тартатын, сондай-ақ жаңа сапалы деңгейде оқытуға мүмкіндік беретін онлайн-платформа көп. Оның көбі тегін және қолдану оңай.
