«Бір-екі-үш» дегенде авторлық интерактивті жаттығуларды қалай құрастырамыз
Қашықтан оқу жағдайында мұғалімдердің басым бөлігі онлайн-сервистер мен қосымшалардағы тапсырмалар мен білім беру тренажерлерінің конструкторларының мүмкіндіктерін қолдана бастады. Біз LearningApps.org сервисіне толық тоқталып, қарапайым құралдардың көмегімен қашықтан өткізілетін сабақтың интерактивті тапсырмаларын құрастыру жолын көрсетеміз. Осы сервиспен жұмыс істеу бойынша шеберлік сағатының видеосын мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
Сервис қандай мүмкіндік береді
Learningapps.org – педагогтерге арналған қашықтан өткізілетін сабақты интерактивті модульдердің көмегімен түрлендіруге көмектесетін тегін сервис. Дайын шаблондарды қолдана аласыз немесе оларды өзіңізге модификациялап, жаңа тапсырма құрастыра аласыз. Интерактивті тапсырмалар оқушылар білімін ойын түрінде тексеруге әрі пысықтауға және оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сервис қарапайым және интуитивті интерфейстің арқасында танымал болды. Мұнда интерактивті тапсырмаларды құру үшін сізге компьютерде жұмыс істеу туралы қарапайым білім ғана қажет. Сервис басқа авторлар жасаған дайын тапсырмалардың үлкен жинағын ұсынады, сонымен қатар бұл жинақты жасауға, сақтауға және өзіңіздің ерекше жаттығуларыңызбен толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сіз өз материалдарыңызды кез келген уақытта редакциялай аласыз.
Интерактивті оқу тапсырмаларын оқушыларын білімін ағымдық бақылау үшін, тақырыпты жалпылау және қайталау кезінде, тақырып бойынша сыныптан тыс жұмысты тексеруге немесе БЖБ, ТЖБ, ОЖСБ, ҰБТ-ға дайындық кезінде тренажер ретінде пайдалануға болады
Learningapps.org сервисінің дидактикалық материалдары сабақтың әр кезеңдерінде: білімді жаңарту, жаңа материалды оқып-үйрену (кірістірілген бейнежазба), үйренгендерін пысықтау үшін (сұрыптау, жіктеу) және сауалнамаларда (жұмбақтар, сөзжұмбақтар, ойындар, викториналар және тест тапсырмалары) қолданыла алады. Тапсырмалар жүйелік-қызметтік тәсілдің логикасына толық сәйкес келеді, оқушылардың дамуына ықпал етеді. Жаттығуларды жеке жұмыс үшін де, оқушылардың бірлесіп шешуі үшін де құрастыруға болады.
Егер сіз оқушыларға есептік жазба ашсаңыз, онда сіз өзіңіздің ресурстарыңызды сайтта пайдалана аласыз. Сонымен қатар, «Менің сыныптарым» қосымша бетін қолдану арқылы оқушылар тізімін құжаттан импорттай аласыз. Бұл жағдайда оқушылардың әрқайсысына автоматты түрде логин мен құпиясөз тағайындалады, осы арқылы олар сайтқа кіріп, жаттығуларды орындайды/құрастырады. Оқушының есіміне қарама-қарсы тұрған хатқалта белгішесін басу арқылы сіз олардың жұмыс процесін басқарып, түсініктемелер жаза аласыз.
LearningApps.org-дт қолданбалы тапсырмаларды педагогтер ғана емес, оқушылар да жасай алады. Бұл әсіресе білім беру жобаларымен жұмыс істейтін оқушыларға қатысты.
Сервисті тек сабақта ғана емес, сонымен қатар пәндер бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырған кезде де, тәрбие жұмысында да қолдануға болады. Таңдалған материалға байланысты кез келген қосымшалар білім беру және тәрбиелеу міндеттеріне сәйкес келуі мүмкін. Мұның бәрі балаларды таңдауға, зерттелетін тақырыптың күрделілігіне, сіздің қиялыңызға және қызығушылыққа байланысты.
Күн сайын қызметтің «Барлық жаттығу» парағы түрлі елдің мұғалімдері жасаған жаңа материалдармен толықтырылып отырады. Егер сіз осы сервистегі тапсырмалардың авторы болсаңыз, онда сіздің жаттығуларыңыз жинаққа кіреді.

LearningApps.org шаблондарының көмегімен сіз викториналар, «Сөзді белгілеңіз», «Миллионер болғың келе ме?», «Әріптерден сөз құра», «Жұптар» ойындарын, сәйкестіктер кестесін, хронологиялық желіні, сөзжұмбақтар мен басқаларын құрастыра аласыз.
Сервистегі жұмысты қалай бастаймыз
Сервисті қолдану үшін http://learningapps.org/ сілтемесі бойынша өтіп, тіркеліңіз. Жоғарғы оң жақ бұрыштағы «Кіру» батырмасын басыңыз. Тиісті батырманы басып аккаунт ашыңыз және тіркелу нысанын толтырыңыз. Материалдың авторын растау үшін сіздің деректеріңіз қажет болады.
Дайын тапсырмалардың галереясын көру үшін «Барлық жаттығу» батырмасын басып, тақырыпты таңдаңыз. Егер сізді белгілі бір тапсырма қызықтырса, «Ұқсас қосымшаны құру» батырмасын басып, тиісінше әрекет етіңіз. Егер интерактивті жаттығуды веб-сайт парақшасында немесе әлеуметтік желіге орналастыру қажет болса, LearningApps арнайы код ұсынады.
Қызметтің кемшілігіне орыс тіліне аудару кезіндегі қателіктерді жатқызуға болады, оны қолмен түзетуге болмайды және барлық тапсырма түрлері кирилл қарпімен жұмыс істеуге жарамсыз.
Өз тапсырмаңызды құрастыру үшін «Жаңа жаттығу» қосымша бетіне өтіп, тапсырма түрін таңдаңыз. Мысалы, «Қарапайым реттілік» жаттығуы. «Қарапайым реттілік» батырмасын басыңыз, сонда сіз мүмкін тапсырмалардың мысалдары бар диалогтық терезеге түсесіз (1-сурет).

Мысалдардың оң жағында «Жаңа жаттығу құрастыру» батырмасы орналасқан, мұнда қажетті өрістерді толтыру қажет: жаттығу атауы, тапсырманың сипаттамасы. Тапсырманың сипаттамасы көмек сөздермен бірге жүреді. Бұл жаттығуда сіз мәтінді, фотосуреттерді немесе күндерді ретімен орналастыра аласыз. Жаттығуды сақтаған кезде, жүйе оларды автоматты түрде араластырады, сонда оқушы дұрыс жауапты көрмейді (2-сурет).
Құрылған тапсырманы көру үшін «Аяқтау және алдын ала қарау» батырмасын басып, құрылған тапсырманы көре аласыз. Егер сіз тапсырмаға өзгертулер енгізгіңіз келсе, «Қайта құрастыру» батырмасын басыңыз. Егер мазмұнына түзетулер енгізу қажет болмаса, оны тиісті батырманың көмегімен сақтаңыз. Осыдан кейін жаттығу «Менің жаттығуларым» парақшасына ауысады.
Сақталған жаттығудың астындағы гиперсілтемені қолдану арқылы құрастырылған кез келген жаттығуды Whatsapp немесе Telegram көмегімен оқушыларға жіберуге болады.

Сонымен, LearningApps.org. сервисінде жұмыс істеу педагогке интерактивті тапсырманың ауқымды базасын қолдануға, сондай-ақ оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру үшін авторлық жаттығуларды құрастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл оқушылардың пәнге деген танымдық қызығушылық деңгейін, АКТ-біліктілігі мен ынтасын көтеруге ықпал етеді.

Мектеп жасына дейінгі балалардың 4К дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін белсенді оқыту әдісі
Жаңартылған білім беру мазмұнының талаптарына сай болу үшін білім беру қызметіне 4K моделіне сәйкес келетін оқытудың белсенді әдістерін қосыңыз. Мысалы, Лисаков қаласындағы «Болашақ» бөбекжай-балабақшасы» КМҚК-ғы әріптесіңіз сияқты үш ойын түрін қатар жүргізіңіз. Әрі қарай біз ойындардың мәні неде екенін және бұл әдіс қандай нәтиже беретінін айтып береміз.
Белсенді оқыту нәтижеге қалай әсер етеді
Балалар тәжірибе мен идеяларды динамикалық іздеуге белсенді қатысқанда жақсы оқиды. Белсенді оқыту оларға жақсы нәтижелерге қол жеткізуге, өз біліміне сүйенуге, пәндердің мәнін түсінуге, білім мен ойлауды біріктіруге көмектеседі.
Оқытуды қызықты, креативті және ерекше өткізу тәсілдерін табатын педагогтер балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алатындықтан, олардың тәртібіне қатысты қиындықтар аз болады. Белсенді оқитын, өзіне сенімді, оқу процесін жақсы көретін балалардың коммуникативті дағдылары мен есте сақтау қабілеттері дамыған.
Балалардың ойынға деген табиғи қажеттілігін белсенді оқыту процесіне қосуға болады. Қызметтің ұжымдық формаларын ұйымдастыруға бағытталған ойын әдістері оқушыларды кіші топ мүшелерінің пікірлерін құрметтеуге, соңғы нәтижелерді болжауға, іс-әрекеттерді өз бетінше жоспарлауға және мақсатқа жету әдістерін анықтауға баулиды. Баланың дамуы мен оқуы тұрғысынан ойын – бұл оның мектепке дейінгі кезеңдегі негізгі қызметі.
Белсенді оқытудың жаңа әдісі ойынның үш түрін бір уақытта қолданудан тұрады: педагог басқаратын, құрылымдық және еркін ойындарды. Ойындардың мұндай формасы әр баланың қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін қанағаттандыратын және интеллектуалды, жеке және әлеуметтік дамуға ықпал ететін ресурстардың саралануын ескере отырып, балаларға арналған түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Балалардың ойын барысындағы түрлі мінез-құлқы, олардың қарым-қатынасы бақылау барысында әр баланың күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Құрылымдалған ойынның ерекшеліктері
Құрылымдық ойынның нақты мақсаты – мектеп жасына дейінгі баланың өмірлік дағдыларын дамыту мен қалыптастыру. Бұл ойындарға қимылды ойындар мен жаттығулар (секіру, өрмелеу), сумен, құммен, балшықпен ойнайтын ойындар; арт-терапияға қатысты ойындар тобы (саусақпен, қылқаламмен, пастельмен, түрлі түсті қарындаштармен сурет салу) жатады. Құрылымдық материалға су, құм, саз, ермексаз кіреді. Олар балаға өз тілектерін жанама түрде білдіруге көмектеседі. Құрылымдық материалы бар сабақтар ойын терапиясының алғашқы кезеңдерінде, әсіресе баланың сезімін әлі анықтап, жүзеге асырмаған кезде өте маңызды. Атап айтқанда, сумен, бояулармен, сазбен ойнау жетістікті мақсатты түрде білдіруге және жетістікті сезінуге мүмкіндік береді.
Түрлі материалдардың арқасында балаларды белсенді іс-шараларға оңай тартуға болады. Олар жұппен жұмыс істейді, келіссөздер жүргізуді және бір-бірінің нәтижелерін бағалауды үйренеді.
Педагогтің жетекшілігімен ойнаудың мәні
Педагог ойынға материал береді, оны бастайды немесе ойынға басшылық ету үшін немесе балаларға кеңес беру үшін ойынға қосылады. Мұндай ойында мұғалім балаға нені және қашан істеу керектігін көрсетеді. Педагогтің басшылығымен өтетін ойын әрқашан нақты қорытындыға ие. Бұл ойында туындауы мүмкін оқиғалардың даму нұсқаларын азайтады, ал оны бала жеңіл қабылдайды. Нақты нұсқаулық оқушыға ойынның түпкі мақсатына жету үшін қандай қадамдар, дағдылар, іс-әрекеттер мен түсініктер қажет екенін түсінуге көмектеседі.
Жетекшілік мәжбүрсіз болуы керек, сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларда наразылық және ойыннан бас тарту сезімін тудырмайды. Тәрбиеші жетекші сұрақтар қояды, кеңес береді, ұсыныс жасайды. Мысалы, ол «Дүкен» ойынында кассир рөлін атқаратын баладан касса қайда орналасқанын, кассир кім екенін, неге дүкенде белгілі заттар жоқтығын, тұтынушыға не таңдаған ыңғайлы екенін, сатып алған затты кім салып бергенін сұрайды. Сатып алушылардың сатушыға қалай алғыс білдіретінін ұсынады, ал сатушы оларды сыпайы түрде дүкенге келіп тұруды ұсынады.
Мектеп жасына дейінгі балалар барлық талапты бірден меңгере бермейді. Педагог оларға тиісті тәртіпті сақтауды үйретеді, талаптарды дұрыс орындаған жағдайда мадақтайды, материалды ойыннан кейін қалай қойғанын тексереді, көмектеседі.
Педагог басқаратын ойынның ерекшеліктері – бала үшін күйзеліс деңгейі төмен ойын кеңістігі, ол басқа балалармен ойнау және қарым-қатынас жасау үшін қажетті дағдыларды жетілдіре алады. Бала ойынға қажетті әрекеттерді біле салысымен, ойынды ешкімнің көмегінсіз ойнайды.
Еркін ойынның ерекшеліктері
Нақты талаптары мен ережелері жоқ еркін ойынды ұйымдастыру өте қиын, содан бала қалағанын жасайды. Сонымен қатар бұл ойынның маңыздылығы балалар арасындағы байланысты дамытуда. Олар өз белсенділіктерін қайталанатын қимылдармен көрсетеді: ойыншықтарды немесе кез келген заттарды көтеріп, бір жерден екінші жерге жүгіреді, аласа орындықтарға, дивандарға шығып-түседі, жүреді және жүгіреді, көліктерді, қоларбаларды, тікұшақтарды лақтырады және домалатады, қуалайды және т. б. Дербес қимыл белсенділігі баланың жалпы дамуының маңызды шарты болып табылады, сондықтан кіші топ педагогі топтағы және ойын алаңындағы бос кеңістікті қарастырып, балалардың қозғалысы мен қарым-қатынасын ынталандыратын ойыншықтардың, оқулықтардың жеткілікті мөлшерін қамтамасыз етуі тиіс.
Еркін әрі ұйымдасқан ойынды салыстыру кестесі
Қандай нәтижеге жетуге болады
Ойынның үш түрін бір уақытта өткізудің арқасында педагог оқу әрекетін ойын ережелеріне бағындыра алады және оқу ресурстарын ойын құралына қалай айналдыру керектігін біледі. Педагог балалар үшін қызығушылықтарын қанағаттандыратын және ресурстарды таңдауда тәуелсіздік танытатын кеңістікті ғана ұйымдастыра отырып, балалардың еркін ойынына жанама бағыт бере алады. Балаларға бақылау жасай отырып, педагог қай бала осы немесе басқа ойыншықпен қалай ойнауды білмейтінін, кімнің аз немесе керісінше, көп қозғалатынын атап өтеді. Ол кей балаларға жаңа ойыншықпен ойнауға көмектеседі, ал басқаларына доп ойнауды ұсынады, үшіншісіне – жайлы ойын ойнауға көмектеседі. Сәбилердің, әсіресе бірінші кіші топ балаларының жалғыз ойнағанды ұнататынын біле отырып, ол балаларға осындай мүмкіндік беруі керек, сонымен бірге балаларды бірге ойнауға тартуға тырысуы керек. Балалармен жұмыс кезінде ересек адамның тікелей басшылығымен өтетін арнайы ұйымдастырылған ашық ойындар мен жаттығулар маңызды.
Тәрбиеші ұсынған шеберлік сағатының видеосын төменнен көре аласыз.
Ойындарды қолдану тәжірибесін жетілдіру үшін оларды жүйелі түрде ҰОҚ-қа қосыңыз. Балалардың ойын барысында алатын 4K дағдылары оларға өмірлік мәселелерді шешуге, белсенді, табысты болуға және тұрақты танымдық қызығушылықты сақтауға көмектеседі.
