Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Қоқысқа екінші өмір сыйлайық» экожобасы
Мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатқа деген қамқорлығын экожабалар арқылы қалыптастыруға болады. Бұл балалардың зерттеу және қатынас дағдыларын дамытуға әрі ата-аналарды ынтымақтастыққа тартуға көмектеседі, үлгі ретінде мектепке дейінгі ересек жастағы балалармен бірге іске асыруға болатын жобаның әзірлемесін қараңыз.
Жобаның ұзақтығы: қысқамерзімдік.
Жобаның мақсаты:
- балаларды қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен таныстыру;
- адамның қоршаған ортаға әсерін білдіретін қауіпке балалар назарын аудару;
- балалардың бойынша экологиялық мәселелерге танымдық-зерттеушілік қызығушылық пен оларды шешуге қатысуға деген ынтаны қалыптастыру.
Жобаның міндеттері:
экологиялық мәселені көру және оны шешу жолдарын табу машығын дамыту;
- тұрмыстық және шаруашылық қалдықтарды қайта қолданудың дұрыстығы туралы түсінік қалыптастыру;
- эксперименттеу дағдыларын, іздену-зерттеу машықтарын жетілдіру;
- балаларды қоқыстан қол бұйымдарын және керек-жарақ жасау арқылы шығармашылық қызметке ынталандыру;
- отбасы мен мектепке дейінгі ұйым жағдайында еріктілер ретінде ата-аналарды балалармен бірлескен қызметке тарту.
Болжамды нәтиже
Ата-аналардың қалдықтарды, тұрмыстық қоқысты қолдану мәселесіне қатысты ақпараттылығы мен экологиялық мәдениеті көтеріледі.
- Балалардың іздену-зерттеу қызметінің деңгейі, эксперименттеу дағдылары көтеріледі.
- Жобаға қатысушылар тұрмыстық қалдықты қоршаған ортаға залал келтірместен қайта қолдану үшін өңдеуге болатынын білетін болады.
Жоба балалар мен ата-аналарға ойланбастан қоқыс тастауға болмайтынын түсінуге көмектеседі. Балалар заттарға ұқыпты қарап, қоқысқа тастайтын заттардан ерекше сыйлықтар, танымдық, театр және ойын қызметіне қажетті түрлі құралдар жасауға болатынын түсінеді. Балалар азық-түлік сатып алу кезінде тауардың қаптамасына көңіл бөліп, өңделетін шикізаттан жасалған тауарды таңдайтын болатын.
Жобаны іске асыру кезеңдері
Жобаны үш кезеңмен ұйымдастырыңыз. Бірінші кезеңде тұрмыстық қоқыс мәселесіне қатысты ақпарат жинап, теоретикалық және практикалық материал дайындауға қажетті әдебиетті іріктеңіз және ата-аналардан сауалнама алыңыз. Алдағы жұмыс жоспарын жасаңыз. Жоспардың үлгісін төменнен қараңыз.
Екінші кезеңде ата-аналар мен педагогтерге консультация өткізіңіз. Тұрмыстық қоқысты жинау мен сұрыптауға ерікті ретінде қатысудың маңызын ата-аналарға түсіндіріңіз. Мектеп жасына дейінгі балалармен қағаздың, пластмасса мен шынының қасиеттерімен таныстыратын тәжірибелер мен эксперименттер ұйымдастырыңыз. Қазақстан мен өзге елдердің қоқыс өңдеу зауыттарына виртуалды экскурсия ұйымдастырыңыз.
Үшінші кезеңде педкеңестің аясында жобаны қорғау өткізіп, ұжымға жұмыс қорытындысы бойынша презентация көрсетіңіз. Фойеде ұйымдастырылған көрмеде жарамсыз материалдан жасалған қол бұйымдарын көрсетіңіз.
Жобалық қызметтің өнімдері:
тәжірибелер мен эксперименттер картотекасы;
- экологиялық мультхикаялар мен видеоматериал картотекасы;
- жарамсыз материалдан жасалған бұйымдар;
- «Қоқыс жер серігі емес» суреттер көрмесі;
- жылжымалы папкалар, сәбилерге арналған кітаптар;
- экологиялық таңбалар;
- «Қоқыс қалай шіриді» экспериментінің нәтижелері көрсетілген бақылаулар күнделігі.
Жобаны іске асыру жоспары
