Ашық сабақты қалай өткіземіз: сәттіліктің сегіз өлшемшарты
Ашық сабақ — бұл білім беру бағдарламасының шеңберінде өткізілетін, қонақтар немесе сарапшылар қатысатын оқу сабағы.
Оқытушы ашық сабақта әріптестеріне инновациялық тәжірибесін көрсетеді, әдістемелік идеяны іске асыру, әдістемелік тәсілді, оқыту әдісін қолдану жолын көрсетеді.
Ашық сабақтың нәтижелілігін бағалаудың негізгі өлшемшартына оқытушының жетекшілігімен студенттердің кәсіби және жалпы құзыреттерді, білімді, машықтар мен тәжірибені меңгеру сапасы жатады.
Көбіне ашық сабақтар төменде көрсетілген адамдар үшін өткізіледі
- циклдік әдістемелік комиссия (бұдан әрі – ЦӘК) мүшелері;
- жас педагогтар (мұнда жас ұстаздарды оқытудың аясында классикалық сабақ көрсетуге болады);
- инновациялық қызметті меңгеру мүмкіндігін көрсету мақсатында бүкіл педагогикалық ұжым;
- білім беру ұйымындағы немесе облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі «жыл оқытушысы» конкурсы.
Сондай-ақ ашық сабақтар біліктілік санатына аттестаттау мақсатында білім беру ұйымы әкімшілігінің немесе сарапшылардың қатысуымен өткізілуі мүмкін.
Ашық сабаққа қойылатын талаптар
- Жаңашылдықтың болуы. Бұл оқу материалының мазмұнына немесе оны меңгеру әдістемесіне қатысты болуы мүмкін. Бірақ кез келген жағдайда қатысушылар үшін ашық сабақ жаңа нәрсені қамтуы тиіс. Педагогтың өзі сабақта белсенді қолданатын әдістемені ашық сабақта әріптестері аса қызығушылықпен бақыламайды.
- Оқытушы жұмыс істейтін әдістемелік мәселенің шешімін көрсету. Оның жеке мәселесі колледждің ортақ әдістемелік мәселесіне байланысты болуы тиіс. Бұл әдістемелік жұмысты ұйымдастыруға жүйелі тұрғыдан келуді іске асырудың көрсеткіші.
- Жаңашылдықтың артықшылықтары мен жоғары нәтижелілігін көрсету. Сондықтан ашық сабақ өткізіп жатқан оқытушы немесе өндірістік оқыту шебері мазмұны сәйкес келетін тақырыпты таңдайды.
- Оқу-тәрбие процесіне қойылатын талаптарды сақтау.
- Сабақты әдеттегі ұзақтықпен үйреншікті жағдайда өткізу.
- Сабақ білім алушылардың білім, машықтар мен дағдылар жүйесіне залал келтірмеуі тиіс. Студенттер сабаққа қатыспай тақырыпты меңгеру кезінде өздері меңгере алатын деңгейде білім алуы тиіс.
- Қатысушылар үшін міндетті түрде жұмыс орындарын дайындап қойыңыздар. Олар білім алушылардың көңілін бөлмеу үшін олардың артқы жағында орналасуы тиіс.
- Келушілер санын шектеңіздер.
Мәлімет үшін!
Сабаққа кем дегенде бір бөтен адамның қатысуы педагог үшін де, студенттер үшін де ыңғайсыздық тудырады, осыған байланысты қазіргі кезде сабақтың бейнежазбалары бойынша педагогтың сабағымен танысу тәжірибесі кеңінен қолданылуда.
- Оқу бағдарламаларына сәйкестік. Жаңа әдістемені көрсету үшін оқу материалын шексіз толықтыруға болмайды. Бағдарламаға енгізілмеген мәселелерді меңгеруді ұйымдастыруға болмайды. Сондай-ақ тақырыпты меңгеруге бөлінген уақытты ұзартуға болмайды.
- Ашық сабақты бір оқу тобымен «қайталауға» болмайды. Студенттерге ашық сабақ өтетіні туралы хабарлау ұсынылады (кем дегенде жақын қалғанда). Бұл оларды сабаққа бөтен адамдар қатысатын жағдайға дайындайды.
Ашық сабақтың құрылымы
Құрылымдық тұрғыдан ашық сабақ әдеттегі сабақтан ерекшеленбейді. Ашық сабақ әдістемелік мақсатқа ие, оған жету оқу материалының мазмұнына және білім алушылардың оқу-танымдық, практикалық-зерттеушілік қызметін ұйымдастыру нысандарына тәуелді.
Сабақтың негізгі әдістемелік мақсатын белгілеу — оның негізінен нені қамтитынын белгілеу: жаңа материалды меңгеру, оқу материалын бекіту, қайталау, жүйелеу немесе оқу материалын тексеру мен есепке алу.
Сабақтың негізгі әдістемелік мақсатына сүйене отырып, мынадай сабақ түрлерін көрсетуге болады:
- жаңаны меңгеру сабағы;
- бекіту сабағы;
- білім алушылардың БМД кешенді қолдану сабағы;
- білімді жалпылау және жүйелеу сабағы;
- білімді, машықты, дағдыны тексеру және түзету сабағы;
- құрамдастырылған сабақ.
Оқу сабағы туралы қазіргі ғылыми тұжырымның ортақ идеясына сүйене отырып, оның мазмұнды мақсаты үш бірлікті сипатқа ие және үш өзара байланысты аспектіден құралған: танымдық, дамытушы және тәрбиелік, бұлар оқу материалының мазмұны бойынша мақсатта көрсетіледі.
Сабақтың әрбір аталған түрі оқытушы мен білім алушы қызметінің ерекшелігіне және қолданылатын білім көзіне қарай әртүрлі сабаққа бөлінеді. Бұл ретте сабақ түрі оқыту мен білім алушының өзара байланысты қызметін ұйымдастырудың негізгі әдісімен және осы сабақта басымдыққа ие білім көзімен анықталады.
Сабақ типтері | Сабақ түрлері | Мақсаттары |
---|---|---|
Жаңаны меңгеру сабағы | Дәріс, экскурсия, зерттеу жұмысы, практикалық сабақ | Жаңа білімді меңгеру және бастапқы бекіту |
Білімді бекіту сабағы | Практикалық сабақ, экскурсия, зертханалық жұмыс, әңгімелесу, кеңес беру | Білімді қолдану бойынша машықты қалыптастыру мақсатына ие |
Білімді кешенді қолдану сабағы | Практикалық сабақ, зертханалық жұмыс, семинар | Білімді өз бетімен кешенді түрде, жаңа жағдайда қолдану машығын қалыптастыру мақсатына ие |
Білімді жалпылау және жүйелеу сабағы | Семинар, конференция, дөңгелек үстел және т. б. | Бірыңғай білімді жүйеге біріктіру мақсатына ие |
Білімді бақылау, бағалау және түзету сабағы | Бақылау жұмысы, сынақ, коллоквиум, білімді бақылау | Білімді, машықты және дағдыны меңгеру деңгейін анықтау мақсатына ие |
Сабақ жоспарын құрастыру
Ашық сабақтың жоспарын – уақыты нақты әрі орынды бөлінген сабақтың технологиялық картасын әзірлеу керек. Сабаққа шақыртылғандар үшін бірнеше данасын әзірлеу ұсынылады. Сабақ жоспарында сабақтың барлық негізгі кезеңдері, білім алушының, сондай-ақ оқытушының негізгі қызмет түрлері, жұмысты ұйымдастыру түрлері мен нысандары, жаттығу түрлері көрсетілуі тиіс. Нәтижесінде сабақ жоспары сабақты талдауға және өзіндік талдауға негіз болуға тиіс. Кейбір тармақтары оқытушының қалауы бойынша толықтырылуы немесе алынып тасталуы мүмкін.
Ашық сабақтың мақсатын белгілеу
Ашық сабақтың мақсатын тұжырымдау – өте жауапты сәт, себебі «Кемеге қандай атау берсең, ол солай жүзеді …».
Сабақтың мақсаты – бұл сабақтың соңында педагог пен студенттер қол жеткізуі тиіс оқытушымен алдын ала жоспарланған нәтиже.
Дұрыс тұжырымдау үшін екі қадамнан өту керек:
- 1 -ші қадам. Ашық сабақтың әдістемелік мақсатын тұжырымдаңыз. Ол сабақты өткізудің негізгі әдістемесін, оқытушының әдістемелік мәселені іске асыруын бейнелейді. Бұл сабақты талдау мен өзіндік талдауға барынша құрылымдық әрі әділ қарауға, таңдалған әдістер мен тәсілдердің және ұйымдастыру нысандарының дұрыстығын бағалауға көмектеседі.
Сабақтың әдістемелік мақсатына сәйкес сіз жұмыс істейтін педагогикалық технология мен шеберліктің негізін құрайтын әдістерді, тәсілдер мен құралдарды барынша ашып көрсетуге мүмкіндік беретін оқу материалын таңдаңыз.
- 2 -ші қадам. Сабақтың үш бірлікті мақсатын тұжырымдаңыз (оқытушы, дамытушы, тәрбиелік).
Оқу мақсаты студенттердің кәсіби және жалпы құзыреттерін, практикалық тәжірибесін, ғылыми білімдер жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Оны осы сабақ тақырыбына қатысты нақтылау керек.
Дамытушы мақсаттары сабақта білім алушылардың танымдық психикалық процестерін, кәсіби машықтары мен дағдыларын, тұлғалық қасиеттерін (ерік-жігерін, дербестігін, жауаптылығын және т. с. с.) дамытуды талап етеді.
Тәрбиелік мақсаттары білім алушылар тұлғасының белгілі қасиеттері мен мінезін қалыптастыруды талап етеді.
Нағыз дамытушы оқыту тәрбиелік бола алмайды. Әр сабақта педагог студентінің бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға ұмтылуы тиіс, сондықтан әр сабақтың алдында тәрбиелік мақсаттар да белгіленуі тиіс.
Ашық сабақ драматургиясы
Маңызды!
Сіз ашық сабаққа дайындалған кезде оны бәрі қызықты болатындай етіп режиссуралауға тырысыңыз.
Ашық сабақ – бұл әдеттегі сабақ емес, керісінше көпшілік алдына шығу. Ал көпшілік алдына шығу кез келген жағдайда драматургия заңдылықтарына бағынуы тиіс.
Жақсы ашық сабақтың басы шытырманға толы, сабақ барысы нақты жоспарланған, импровизацияға арналған шағын аралдар, шабыттану сәті мен эмоционалды-зияткерлік өрлеу сәті қамтылуы тиіс. Сабаққа қатысушылар мен қонақтардың керемет таңданысын тудыратын «түйіндері» көбірек болғаны дұрыс. А. В. Суворов айтқандай, «Таң қалдыру – жеңіске жетумен тең!»
Ашық сабақ материалдарын ресімдеу
Ашық сабаққа сабақтың әдістемелік қамтымын анықтайтын құжаттардың толық кешенін дайындаңыз. Ол келесі құжаттарды қамтиды:
Мәлімет үшін!
Бұл тізім оқу сабағының түрі мен нысанына қарай толықтырылуы мүмкін.
- күнтізбелік-тақырыптық жоспар;
- оқу сабағының жоспары;
- дәрістің конспектісі;
- түрлі бақылау нысандары бойынша материалдар жинағы;
- дидактикалық, үлестірме материал;
- өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар;
- ОТҚ арналған бейнематериалдар жинағы;
- сабақтан тыс өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар немесе сұрақтар нұсқасы.
Әдістемелік әзірлеме сабақ өткізу барысында алған құнды дүниенің бәрі мұнда көрініс табуы және басқа оқытушылар қолдана алуы үшін ашық сабақ өткізгеннен кейін толықтырылуы және ішінара өңделуі мүмкін.
Назар аударыңыз!
Ашық сабақтың дайындалған және ресімделген әдістемелік әзірлемесі ЦӘК-да қарастырған соң директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасарымен келісіледі, директордың ОӨЖ жөніндегі орынбасарымен бекітіледі және осыдан кейін әдістемелік кабинетке өткізіледі.
Ашық сабақты талдау
Келушілердің қатысуымен ашық сабақты талдау «Білім беру ұйымында ашық сабаққа дайындық және өткізу туралы» ережеге сәйкес міндетті болып табылады.
Алғашқы сөз кезегі педагогқа – сабақтың авторына беріледі. Ол әдістемелік мақсатты еске түсіреді, оған жету бойынша жұмысқа сипаттама береді. Ол сөз сөйлегенде мына сауалдарға жауап беруге тиіс: сабақтың әдістемелік мақсаты іске асырылды ма, оқу-тәрбие процесінің міндеттері орындалды ма.
Келушілер сабақты сондай-ақ әдістемелік мақсатқа жету тұрғысынан бағалайды. Бақылау мақсатында қатысқан сабақты талдаумен салыстырғанда мұнда басты нәрсе – пікір алмасу, пікірсайыс, дауласу және т. с. с.
Ашық сабақты талдау және өзіндік талдау тәртібі
№ | Педагогикалық құбылыстар | Бағалау көрсеткіші |
---|---|---|
1 | Әдістемелік мақсат пен инновациялар | – Инновацияның мәні және оның оқу-тәрбие процесін жетілдірудегі рөлі. – Пән бойынша оқу міндеттерін орындаудағы инновацияның рөлі. – Дәстүрлі әдістемемен өзіндік байланысы. – Ашық сабақтың әдістемелік мақсатына жету. – Әдістемелік мақсатқа толық жетуге кедергі келтіретін факторлар |
2 | Сабақтың әдістемелік мақсаты мен мазмұны | Тақырып мазмұнының әдістемелік мақсатқа сәйкестігі (инновацияны іске асыру) |
3 | Сабақтың әдістемелік мақсаты мен құрылымы | – Сабақ құрылымын таңдаудың педагогикалық мақсаттылығы. – Сабақтың таңдалған құрылымының әдістемелік мақсатқа сәйкестігі |
4 | Әдістемелік мақсат пен әдістемелік тәсілдер, оқу әдістері | Әдістемелік мақсатқа сай әдістер мен әдістемелік тәсілдерді таңдау, олардың мақсатты үйлесімі |
5 | Инновациялар мен білім алушылардың оқу-танымдық қызметі | – Білім алушылардың танымдық қызметін белсендірудегі инновацияның рөлі. – Білім алушылардың танымдық дербестік деңгейі. – Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. – Білім алушылардың ашық сабақтағы белсенділігі |
6 | Инновацияларды сабақта қолдану вариативтілігі | Инновацияны сабақта қолдану нұсқалары |
7 | Инновацияларды білім беру практикасында қолдану келешегі | – Инновацияларды қолдану шектері. – Басқа пәндерді меңгеруде қолдану. – Инновацияларды жалпы білім беру практикасына енгізу мақсаттылығы (теоретикалық зерттеулер, технологиялар, оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу) |
Мәлімет үшін!
Толық талдау да осындай логикаға ие болады.
Педагог сабағын өзіндік талдау сарапшыға елеулі көмек көрсетеді. Ол педагогтың жұмыс жүйесімен, оның шығармашылық зертханасымен, сабақтың мақсаты мен жоспарымен танысудың бірегей мүмкіндігін береді (қатысқан сабақты біртұтас талдау).
Жұмысты жақсарту бойынша оқытушыға берілген кеңестер мен ұсынымдар өзіндік талдау арқылы жеңіл меңгеріледі, озық педагогикалық тәжірибені меңгеру және педагогикалық ғылым жетістіктерін, түрлі жаңашылдықтарды білім беру қызметі практикасына енгізу жүзеге асады.
