ещё
свернуть
Все статьи номера
№4, 2021
ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕС

Педагогикалық жұмыс тәжірибесін жалпылауға көмектесетін 14 аспаптық техника

Жеке тәжірибе талдауы біліктілікті арттырудың аса тиімді нысандарының әрі кәсіби біліктілікті қалыптастыру шарттарының біріне жатады. Тәжірибелі педагог кәсіби өмірінде көп қиындықты байқайды, оларды жою жолын іздейді, осы арқылы кәсіби қасиеттері «қалыптасады». Сондықтан мектептегі әдістемелік қызметтің өзекті міндеті – мұғалімге тәжірибені түсіну мен жалпылаудың тиісті аспаптық техникаларын таңдап беру әрі ұсыну. Мақалада мұғалім мен мектеп әкімшілігіне қолда бар инноватиканы сипаттауға мүмкіндік беретін аспаптық техникалар кешенін ұсынамыз.

Педагогикалық тәжірибені жалпылау түрлері

Озық педагогикалық тәжірибе педагогикалық мәселелерді шешу көзіне айналуы тиіс. Білім беру ұйымында білім сапасының төмендігі; оқушылар дайындығының төмендігі, жеке және сараланған түрде тіл табысудың жоқтығы, түрлі бағыт бойынша БДМ қалыптастырудағы кемшіліктер немесе тәрбиенің төмен деңгейі секілді мәселелер болуы мүмкін. Егер қиындық болса, педагог оны шешіп, тәжірибе жинақтайды, нәтижеге қол жеткізеді. Оң нәтиже тіркеледі, мұны басқаларға айтуға болады.

Педагогикалық тәжірибені жалпылаудың үш негізгі түрі бар: көрсету, әңгімелеу, сипаттау.

Көрсету – бәсекелес педагогтердің кәсіби сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған тікелей, қатынас арқылы тәжірибе алмасу нысаны. Жалпылаудың осы нысанының негізгі әрі тартымды ерекшелігі – педагогпен жеке тіл табысудың, белсенді кәсіптік қарым-қатынас өрісін құрудың айрықша мүмкіндігі. Білім беру ұйымы деңгейінде көрсетудің сәйкес нысанына ашық сабақ жатады.

Әңгімелеу (дәріс, әңгімелесу, семинар) – бұл да жалпылаудың тікелей қатынасты нысаны, ол алдын ала анықталған топтық кәсіби қиындықтарға негізделіп құрылады.

Сипаттау – жалпылаудың жоғары, аналитикалық деңгейі. Тәжірибе біртұтас, жүйелі түрде ұсынылып, оның бастапқы көзін, қалыптасу мен даму диалектикасын аша алады.

Осыдан кейін мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің тәжірибені жалпылаудың қандай нысандары арқылы қалыптасқан инноватиканы сипаттауға болатынын көрсетеміз.

Педагогикалық тәжірибені жалпылау құралдары

Аспаптық техникалар жинағы ауқымды, педагог жұмысының көп қырлы стилін бейнелей алатындай болуы тиіс. Әдістемелік қызмет тиісті жеке қолдау мен сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, жұмыс тәжірибесін түсіну әрі жалпылау техникаларының жинағын анықтауға көмектеседі.

«Сабақ рефлексиясы» техникасы

Мұғалімнің тәжірибесін түсінуі күнделікті қысқамерзімдік жоспарда «Сабақ рефлексиясы» бөлімін толтырудан басталады. «Сабақ рефлексиясы» аспаптық техникасы мұғалімнің сабақтағы дидактикалық әрекеттер құрылымын түсінуі мен сипаттауына мүмкіндік береді.

Сабақтағы дидактикалық әрекеттер құрылымы

Педагог үнемі сабақ рефлексиясын өткізе отырып, өз тәжірибесін жан-жақты әрі өзара байланысты түрде көруді үйренеді, сондықтан оның тұтастық әрі тиімділік деңгейін саналы түрде көтереді.

«Әзірлеме», «Баяндама», «Мақала жариялау» техникасы

Әдістемелік әзірлемелер, баяндамалар, мақалалар мұғалімнің инновациялық авторлық жаңалықтарын «танымал» етуіне мүмкіндік береді.

Әдістемелік әзірлемелер. Сабақ әзірлемелері кешенін жариялау мұғалімнің сабақтың тиімді элементтеріне назар аударуына мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа материалды таныстыру нысандарының алуан түрлілігі, формативтік бағалаудың нақты «жұмыс істейтін» техникалары, сыни бағалау жүйесі және т. б.

Баяндама. Бұл техника әріптестеріңмен тәжірибеңмен бөлісуге көмектеседі, мысалы, әдістемелік бірлестіктің отырысында. Мұғалім әдістемелік тәсілдерді сипаттайды, жаңалықтарын баяндайды, сабақтың белгілі үзіндісіне назар аударады, оқу мақсаттарына жету туралы тұжырым жасайды.

Педагогикалық мақаланы жариялау. Тәжірибені жалпылаудың осы техникасын қолдану үшін мұғалім басында дайындық жұмысын жүргізеді: мақала тақырыбына қатысты әдебиетпен, материалмен, сараптамалық пікірлермен танысады. Осыдан кейін мақаланың болжамдық мөлшерін анықтап, негізгі тезистерді құрастырады. Осыдан кейін контент «жанды» әрі қызықты болуы үшін авторлық қадамдық ойластырады.

Педагогикалық мақала материалын қалай құрылымдаймыз?

Кіріспеде осы тақырыпқа қатысты қолда бар әдебиетқа қысқаша шолу жасап, тақырыптың өзектілігін негіздеңіз. Негізгі бөлімде әдістемелік тәсілдерді, жаңалықтарды мысал келтіре отырып сипаттап, шыққан нәтижені талдаңыз. Соңында мақалада сипатталған тәсілдердің оқу нәтижелері мен сабақтың мақсатына жетуге қалай әсер еткенін тұжырымдаңыз. Қорытындыда сипатталған әдісті басқа сабақта қолдану тәсілі мен осы әдістердің метапәнділігі туралы баяндаңыз.

Пәндік ӘБ жетекшісі мұғалімнің материалымен танысады. Егер олар барлық талапқа сай болса, директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасарының атына ӘБ мұғалімінің белгілі мәселеге қатысты жұмыс тәжірибесін озық педагогикалық тәжірибенің дерекқорына енгізу туралы өтініш береді.

«Сабақты микрозерттеу» техникасы

Педагогтің инновациялық тәжірибесімен танысу үшін мектепте сараптамалық топ құрылады, оның құрамына ӘБ жетекшісі мен тәжірибелі педагогтер кіреді. Топты директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасары басқарады. Сараптамалық топ мүшелері «Сабақты микрозерттеу» аспаптық техникасын қолданады. Ол педагог тәжірибесін бағалауда субъективизмнің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа бағдарлама «Сабақты бақылау парағын» қолдануды ұсынады. Ол сарапшылар назарын педагогтің педагогикалық машықтарына аударады, тәжірибенің мәнін, оның әдістердегі, тәсілдердегі, нәтижелердегі көрінісін анықтауға мүмкіндік береді. Сарапшылар тәжірибеден тұжырым жасайды, онымен бөліспейді. Олардың мақсаты – сабақта орын алған қиын, ауқымды процестерді, заңды құбылыстарды, ойларды, идеяларды көру, яғни тәжірибеде барын көру.

Сабақты микрозерттеу тәжірибені педагогика санаттары бойынша сипаттауға мүмкіндік береді: мақсаты, мазмұны, нысандары мен әдістері, технологиялары, шарттары, нәтижелері. Микрозерттеу нәтижелері басқарушылық шешім қабылдауға негіз бола алады: зерттелген тәжірибенің қоғамдық презентациясын өткізеді.

Мұғалім портфолиосы

Педагогикалық жаңашылдықты портфолио түрінде көрсету тәжірибе туралы ақпаратты жүйелеуге, реттеуге мүмкіндік береді. Мұғалімнің әдістемелік әзірлемелерін көрсету үшін портфолионы қолдану ерекшелігіне мұғалімнің педагогикалық зерттеуінің дамығанын көрсету жатады. «Портфолио» техникасы өз бетімен білім алу тақырыбы бойынша мұғалім жұмысын, оның қызметінің ерекшелігін бағалауға, мұғалімнің шығармашылық әрі кәсіптік өсуін бақылауға мүмкіндік беріп, рефлексия дағдысын көрсетеді.

Рефлексивті-аналитикалық семинар

Бұл техника педагогтің жеке дидактикалық жүйесін өзіндік талдау мен негізгі ережелерді қорғауды көздейді. Ол

  • қолданылатын оқу тұжырымдамасына, авторлық көзқарасты қорғауға сүйене отырып, өзіндік таныстырылымды;
  • сарапшы-аналитиктердің педагог ұсынған дидактикалық-әдістемелік жүйенің тиімділігін жедел талдау сауалдарымен шығуын;
  • тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтиды.

Педагогтің шығармашылық зертханасына экскурсия

Мұғалімнің жеке педагогикалық жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін зерттеу үшін осындай техниканы қолданады. Экскурсия мыналарды қамтуы мүмкін

  • авторлық оқу технологиясын қолдану арқылы өткізілетін ашық сабақ;
  • сабақты талқылау;
  • мұғалімнің педагогикалық жүйесін өзіндік талдауы.

«Шығармашылық есеп» техникасы

Шығармашылық есеп тәжірибені жалпылау мен тарату нысаны ғана сонымен бірге педагогтің еңбегі мен тұлғасына құрмет көрсету белгісіне жатады. Шығармашылық есеп мыналарды қамтиды

  • әріптестерін тәжірибесімен таныстыру;
  • «ашық» сабақ пен сыныптан тыс іс-шаралар өткізу;
  • жұмыс туралы көрмені безендіру.

«Педагогикалық көрме» техникасы

Педагогикалық көрме мына материалдардың таныстырылымын қамтиды:

  • әдістемелік қызмет дайындаған педагогтің жұмыс тәжірибесінің сипаттамасын;
  • тәжірибе идеясы көрініс тапқан сабақ жоспарларын;
  • оқушылар жұмыстарын;
  • жұмыстың мазмұны мен әдістерін сипаттайтын дидактикалық материалдар жинағын;
  • сыныптан тыс іс-шаралар сипаттамасын;
  • мұғалімнің тәжірибе туралы баяндамасын: өзектілігін, мәнін, нәтиженің талдауын, маңызын;
  • тәжірибенің ғылыми негізі, жұмыс тәжірибесінің, жұмыс тәжірибесінің талдауы, тәжірибенің бұқаралық практикамен салыстырылымы берілген жазбаша сын-пікір (сыртқы сараптама); нәтижелілік, «қосымшалардың» болуы.

«Педагогтің жеке файлы»

Жеке файлды директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары жүргізеді. Педагогтің педагогикалық қызметінің түрлі аспектісіне қатысты дидактикалық материалдарды, өз бетімен білім алу жоспарын іске асыру материалдарын және т. б. қамтиды.

«Қысқаметражды фильм»

Қазіргі мектептің техникалық жарақтандырылуы мен штатты техникалық мамандардың болуы педагог-шеберлердің, педагог-зерттеушілердің жұмыс тәжірибесін көрсете отырып, сапалы педагогикалық кино түсіруге мүмкіндік береді.

«Мектептік инноватика дайджесті»

Үнемі – жылына төрт рет дайджест шығару озық педагогикалық тәжірибенің көлемді әрі жан-жақты жинақшасын құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ озық тәжірибені жалпылаудың «Шеберлік сағаты», «Авторлық семинар», «Жарияланымдар» секілді аспаптық техникалары сұранысқа ие әрі танымал.

«Әдістемелік бағыт»

Мектептерде әдістемелік жаңалықтар ішінен «Әдістемелік бағыт» секілді аспаптық техниканы қолданады. Бұл техника инновациялық тәжірибені сипаттауға ғана емес, сонымен бірге болашақта оны әйгілендіруге септігін тигізеді. Әдістемелік бағыт үлгісін төменнен қараңыздар. Оны e.metodist.mcfr.kz сілтемесі арқылы жүктеуге болады.


Қосымша