ещё
свернуть
Все статьи номера
№12, 2018

Құрметті оқырмандар!

Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз!
Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет!

Біз жыл сайын журналымыздың желтоқсан айындағы нөміріне жариялайтын жыл бойы жарияланған мақалалар тізіміне назарларыңызды аударамыз.


Айнұр Сұлтанғазиева,
бас редактор,
e-mail: moo@mcfr.kz

Журналдың https://e.metodist.mcfr.kz/ электрондық нұсқасынан қажетті мақалаларды табу оңай.

Әр кәсіп үнемі жетіліп отыруды талап етеді. Қашықтық курстарын әзірлеуге мүмкіндік беретін арнайы құралдар бар ма? Толығырақ «Қашықтық курстарын өткізу механизмі мен аспаптары» мақаласынан оқыңыздар.

Күнделікті біз балаларды дамытуға, оларды мектепке даярлауға қойылатын талаптардың өсуіне, жаңа технологиялардың пайда болуына, балаларға құрылымдауды үйретудің мақсатты әрі жүйелі тәсілінің жоқтығына жиі тап боламыз. «LEGO-құрылымдау арқылы 4К моделіне баратын жолда» мақаласын оқу арқылы жаңа лего-технологиялармен жұмыс әдістерін біледі.

«Ертегіге саяхат» квест-ойынының сценарийі де қызықты болады, оны осы нөмірден жүктей аласыздар.

№12, 2018
ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫ

Оқушыларды олимпиадалар мен зерттеу қызметіне дайындау

«Адами капитал – жаңғыру негізі», – «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осылай делінген. Өскелең ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытудағы мектептің маңызы артуда. Сондықтан дарынды және аса ынталы балалармен жұмыс аса қажет.

Біздің мектепте дарынды балалармен жұмыс басты бағыттардың бірі болып қала береді және мазмұны мынадай:

  • оқушының айрықша жетістіктері мен табыстарын талдау (әртүрлі деңгейдегі күндізгі іс-шаралар);
  • талантты және дарынды балалар бойынша дерекқор құру (дарынды балалар дерекқоры жылына екі рет жаңартылады);
  • балалардың әлеуетті мүмкіндіктерін диагностикалау (психологиялық қызметтің жұмысы);
  • оқушы үшін жетістік және сенім жағдайын құру;
  • қосымша білім беру желісін қалыптастыру және дамыту;
  • зияткерлік шығармашылық конкурстарға, пән олимпиадаларына қатысу.

Олимпиадаға қатысушыларды дайындау жүйесіне мыналар кіреді

  • пән бойынша базалық дайындық;
  • қосымша білім берудің аясында алған дайындық (үйірмелер, факультативтер, таңдау курстары);
  • өзіндік дайындық (ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиетті оқу, тест тапсырмаларын шешу, Интернеттен ақпарат іздеу және т. б.);
  • олимпиада қозғалысына қатысу тәжірибесіне ие педагогтарды тьюторлық сүйемелдеу.

Базалық деңгейге сабақтарда қол жеткізуге болады, сондықтан мына технологиялар тиімді болды:

  • тұлғалық бағдарланған оқыту;
  • ақпараттық-коммуникативтік;
  • сараланған оқыту;
  • жобалық;
  • мәселелі-ізденушілік.

Осындай технологияларды қолдану мақсаттылығы сабақтың дәстүрлі зерттеу барысында айқындалды. Ал коучинг мұғалімдермен бірге сабақта зерттеуді ұйымдастыру мен оқушының сабақтан тыс зерттеу қызметіне ауысу үшін мұғалімнің әдістемелік жинақшасын толықтырды.

 Маңызды!

Таңдау курстары мен факультативтерді теория сауалдарын талқылау үшін емес, керісінше балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін қолданған жөн.

Жыл сайын өлкетану бойынша факультативтер өткізіледі, мұнда Қазақстанның қасиетті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады, Қостанай облысы бойынша туристік бағыттар әзірленеді, «Есімде – мақтан тұтамын» акциялары өткізіледі, отбасылық құндылықтар талданады және т. б.

Тек жүйелі жұмыс болғанда ғана жоғары нәтижеге жетуге болады, ол бастауыш мектептен басталады. Сондықтан пән мұғалімдерінің осындай оқушыларды анықтау мәселесін шешу маңызды. Әр білім алушы үшін олимпиадаға дайындықтың жеке бағдарламасы қажет, мұнда оның практикадан шығармашылыққа дейінгі спецификалық траекториясы көрсетілуі тиіс. Мүмкіндігінше факультатив сабақтарда пән бойынша зияткерлік сайыстар, білімін бейстандартты жағдайда қолдану, эксперименттік тапсырмаларды шешуде ізденушілік қызметін өз бетімен үлгілеу секілді диагностикалық құралды пайдалану керек.

Осылайша, оқушыларды олимпиадаға дайындауда біз мына қағидаттарды бөліп көрсетеміз:

  • Дербестілік. Ең мықты білімді түрлі тапсырмаларды шешуде әдебиетпен жұмыс барысында өз күшімен алады. Бұл қағидат мұғалім тарапынан бақылауды, шешілмеген тапсырмаларды ұжымдық талдауды және саралауды талап етеді.
  • Білімнің белсенділік қағидаты. Олимпиадаларға дайындық кезінде үнемі білім қорын тереңдету, нақтылау және кеңейту жүреді. Өткен жылғы олимпиада тапсырмаларын саралау оқушыларды олимпиадаларға сәтті қатысуға дайындаудың тиімді нысаны болып табылады.
  • Жоғары күрделілік деңгейі қағидаты. Әр жылдары «Дарын» сайыстарына арналған тапсырмалар қорын қолдану. Психологиялық тұрғыдан осы қағидатты іске асыру сенімділік пен жұмысты сәтті орындауға мүмкіндік береді.
  • Өткен олимпиада нәтижелерін талдау. Мұғалімнің, сондай-ақ білім алушының алдыңғы қызметінде ескерілмеген кемшіліктер, қателіктер, табыстар ашылады.
  • Психологиялық қолдау. Оқушылардың зияткерлік мүмкіндіктеріне деген сенімін қалыптастыру. Олимпиаданың өзінде тапсырмаларды орындау тәсілін қалыптастыру, жүлделі орындардың аз екенін ескерту. Балалардың бәрі тең жағдайда болады және нәтиже тек олардың өздеріне байланысты.
  • Мадақтау. Дәстүрлі «Мектеп жұлдыздары кешінде» зерттеушілік жұмыстар конкурстары мен олимпиада жеңімпаздары құттықталады. Үздіктерінің портреттері «ДАР1» мектеп порталындағы «Мектеп оларды мақтан тұтады» айдарына орналастырылады.

Мәлімет үшін

Қала мектептерінің жоғары оқу орындарымен байланысы маңызды факторға жатады: қалада Олимпиада резерві мектебі жұмыс істейді, мұнда жоғары оқу орнының оқытушылары сабақ береді. Олар тереңдетілген білім беріп қана қоймай, олимпиада жұмыстарын дұрыс ресімдеуді, дереккөздермен жұмыс істеуді үйретеді.

Ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту бастауыш сынып деңгейінде басталады: жыл сайын 3–4 сыныптағы «Ғылымның болашағы» таңдау курсының аясында ұжымдық-шығармашылық жобалар дайындалады. Өткен оқу жылында екі ұжымдық жоба ұсынылды: «Жер шары» (қаламыздағы кәсіпорындарға танымдық экскурсиялардың қорытындысы бойынша), «Достық биі» (Қазақстан халықтары биін зерттеу және дайындау). Келесі кезеңі «Зерде» қалалық конкурсы болып табылады. Мұнда жұмыс жеке жоспар бойынша жүргізіледі: тақырып таңдау, оның өзектілігі және өз бетімен зерттеу мүмкіндігі, жас ерекшеліктеріне сәйкестік.

Зерттеу қызметі дағдыларын қалыптастыру үшін 5-ші сынып оқушыларына арналған «Зерттеу қызметінің негіздері» факультативі жұмыс істейді, мұнда тренингтер, рөлдік ойындар, пікірталастар, кітапханада және интернет-сайттармен жұмыс, презентация құрастыру машықтарына баулу және т. б. өткізіледі. Зерттеу қоғамға пайдалы нақты қызметпен қатар жүретін әлеуметтік жобалар нәтижелі болады. Белсенді өмірлік ұстаным, кіші отанына деген сүйіспеншілігін таныту – оқушылардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың аясындағы жұмысының басты нәтижесі осы.

Алайда, білгір, білімге құмар, ізденушілік белсенділікке ие, әртүрлі өмір саласынан хабардар, дарынды балалардың психологиясын білетін, осы жұмысқа ынталы, туындаған мәселелерді шешуге қызығатын әрі дайын мұғалім дарынды балаларды дайындаудағы басты тұлға болып қала береді.

Бұл ретте жұмыс барысында біз мына мәселелерді бөліп көрсетеміз:

  • әртүрлі деңгейлік мектеп мұғалімдерінің дарынды балалармен жұмыс сабақтастығы;
  • зияткерлік дарындылық әлеуетіне ие аз баланы қамту;
  • бұл жұмыс уақытпен шектелмейді және тьютордан көп күш жұмсауды талап етпейді, себебі мұны кез келген мұғалім қолына ала бермейді;
  • техникалық және материалдық шектеулер: оқушы жұмысы реферативтік болмауы тиіс, алайда үнемі зерттеуге мүмкіндік бола бермейді. Мысалы, мұрағатпен жұмыс (рұқсат, революцияға дейінгі мұрағат құжаттарының болмауы, сапар).

     

 

№12, 2018
БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ, АТТЕСТАТТАУ

Қашықтық курстарын өткізу механизмі мен аспаптары

Мақаланы оқу үшін тегін көру мүмкіндігін алыңыз немесе журналға жазылыңыз.

Біздің республикамызда біліктілікті арттырудың білім сапасына ықпал ету механизмін әзірлеу бойынша түбегейлі қадамдар мен шаралар қолға алынды.

Біріншіден, бұл – Кембридж жобасының идеяларын енгізу және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату, немесе біліктілікті арттырудың үш айлық деңгейлік курстарында алған білімін өзінің педагогикалық ұжымына тарату.

Екіншіден, бұл білім беру процесіне қатысушылардың бірлескен нәтижелі ынтымақтастығын, үздік мектептер мен үздік мұғалімдердің инновациялық тәжірибесін педагогикалық практикада белсенді қолдану және жалпылау жүйесін құру бойынша адекватты әрекетті қажет ететін мәселелі өріс.

Мұғалімнің, сондай-ақ оқушының жеке даму траекториясына бағдарланған инновациялық тәжірибе білім саласындағы жүйелі сипатқа ие келесі түбегейлі өзгерістердің айналасында шоғырланады:

  • білім сапасын ашық, жария, сындарлы сыртқы бағалаудың негізінде ол туралы жаңа түсінікті қалыптастыру;
  • педагог кадрлар мен білім беру бағдарламаларын аттестаттаудың жаңа тәсілдерін айқындау (Жаңа аттестаттау жүйесі педагогикалық еңбекке деген көзқарасты өзгертуге, педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға ықпал етуші оның кәсіби қызметін бағалаудың оңтайлы өлшемшарттарын қалыптастыруға бағытталуы тиіс (дарынды балалармен ғылыми-зерттеу жұмысын қоса).);
  • жалақыны мұғалімнің еңбек нәтижелерімен байланыстыратын жаңа еңбекке ақы төлеу жүйесін енгізу үшін нәтижелі ынталандырғыштарын қалыптастыру және т. б.

Бүгінде «өзін барынша іс жүзінде таныту үшін және қоғам өміріне пайдасын тигізу үшін ақпаратты өз бетімен алу, талдау, құрылымдау және тиімді қолдану машықтарын білім алушылардың бойында қалыптастыру аса маңызды әрі қиын». Басқа жағын да түсінген маңызды: осыған байланысты мұғалімнен не талап етіледі? Республикамыздағы білім беру ұйымдарының алдында педагогтардың санасын, ойлау сындарлығын өзгерту, олардың әдеттегі кәсіби қызметіне деген көзқарасын қалыптастыру, кәсіби кемелдікке және шеберлікке ұмтылу міндеті тұр.

Өмір қарқынының өсуі, қазіргі қоғамдағы ақпарат ағынының ұлғаюы мамандарға жаңа талаптар қоюда, ал жоғары оқу орындары дайындықты қамтамасыз етуге қабілетсіз, сондықтан біліктілікті арттыруды ұйымдастыру мәселесі маңызды, әсіресе білім саласында өзекті болып тұр.

Зерттеушілер Б. С. Гершунский мен Н. А. Ситникова «егер оқу-тәрбие процесі (оның мақсаттары, мазмұны, әдістері, құралдары, ұйымдастырушылық нысандары) қазіргі қоғам сұраныстарынан ілгері жүруі тиіс болса, онда педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру мазмұны осы сұраныстардан барынша, алдын ала ескерту кезеңімен ілгері тұруы тиіс деген аса маңызды жағдайға назар аудару керек. Осылайша, «мұғалімдердің кәсіби даярлығында өзіндік «екі есе ілгерілеу» туралы сөз болып отыр, бұл ретте олар бұл талаптың педагогтардың компьютерлік сауаттылығы мен ақпараттық мәдениетіне тікелей қатысты екенін ерекше атап өтті, себебі информатика және есептеу техникасы секілді осындай динамикалық, мобильді саладағы білім тез жаңарады». Сонымен бірге А. А. Кузнецов пен В. П. Долматов «оқу пәндерінің әдістемелік жүйелері 10–15 жыл кезеңмен елеулі өзгерістерді басынан өткеріп жатқанын» атап өтті, ал информатикаға «оның әдістемелік оқу жүйесін өзгертудегі динамикалық тән».

Мәлімет үшін

Әр кәсіп тұрақты жетілдіруді талап етеді. Қоғамымыздың саласында орын алған өзгерістер әр адамның қабілеттерін үздіксіз әрі еркін дамытуға жағдай жасау міндетінің өзектілігін арттырады, сондықтан да педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне жаңа талаптар қояды.

Мұғалімге кәсіби білім берудің үздіксіздігі оның шығармашылық қабілеттерін дамытудың қажетті алғышарты, оның өмірінің элементі және жеке педагогикалық тәжірибені тұрақты дамыту шарты болып табылады.

Қашықтықтан білім беру

Қашықтықтан білім беру оқу процесін телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялардың, Интернет құралдарының базасында ұйымдастыруды талап етеді. Негізінен оқу процесін басқару үшін компьютерлік технологияларды қолдануға негізделген оқытудың осы нысаны қашықтықтан білім беру жүйесінде оқу процесін ұйымдастырудың негізгі нысаны.

Қашықтықтан оқытудың басымдықтары

Біздің ойымызша, қазіргі қашықтықтан оқыту нысандарының аса маңыздыларын атап өтейік.

Оқытушы мен тыңдаушылардың жедел әрекеттестігі

Интернет технологияларына сүйену оқытушы мен тыңдаушылардың тұрақты байланысын реттеуге мүмкіндік береді. Әдеттегі поштаға қарағанда электрондық пошта тезірек жұмыс істейді – электрондық хаттар адресатқа санаулы минутта-ақ жетеді. Осы арқылы оқытушы тыңдаушының сұраныстарын жедел елеу, оның жұмысын бақылау әрі түзету мүмкіндігіне ие болады.

Әртүрлі өңір тұрғындары мен халықтың түрлі топтары үшін қашықтық курстарының қолжетімділігі

Қашықтықтан оқыту тұрғылықты жеріне қарамастан тыңдаушыларға қолжетімді. Қашық аймақтағы тұрғындар оқу орнына көшіп келместен еліміздің жетекші оқу орталықтарында оқу мүмкіндігіне ие. Жұмыстың қашықтық нысандары үй жағдайында оқи алатын мүмкіндігі шектеулі адамдар (мүгедектер) үшін де маңызды.

Оқудың даралығы, икемділігі және бейімділігі

Қашықтықтан оқытудың табиғаты ерекше. Мұнда тыңдаушы оқу уақытын жоспарлайды, материалды меңгерудің қажетті әрі ыңғайлы қарқынын таңдайды. Дұрыс ұйымдастырылғанда қашықтық курсы нақты тыңдаушының ерекшеліктерін ескереді және оқытудың дара жолына мүмкіндік береді, мұны күндізгі курстардағы топ сабақтарында ұйымдастыру қиынға соғады. Оқу материалын ұйымдастырудың гипермәтіндік стилі әртүрлі оқу міндеттеріне арналған және тыңдаушылардың әртүрлі дайындық деңгейіне бағдарланған жекелеген срездерді алуға мүмкіндік береді.

Дамыған оқу ортасының болуы

Жаңа ақпараттық технологиялар оқу ортасын барынша байытады. Тыңдаушыларға дәстүрлі оқу құралдары мен конспектілерден басқа мыналар ұсынылады

  • компьютерлік оқыту бағдарламалары;
  • электрондық оқу құралдары;
  • тестілеу мен білімді бақылаудың компьютерлік жүйелері;
  • электрондық анықтамалықтар мен энциклопедиялар;
  • оқу аудиожәне видеоматериалдары;
  • Интернетте жарияланған ақпараттық материалдар.

Қазіргі педагогикалық технологиялармен өзара байланысы

Қашықтық курстарында оқытудың инновациялық нысандарын сәтті қолдануға болады. Қашықтықтан оқытуда ұжымдық жұмыс әдістері, жобалық әдістер кеңінен қолданыла бастады. Мұндай әдістер тыңдаушылардың оқу белсенділігін арттыруға, тұлға мен ұжымның шығармашылық қабілеттерін белсендіруге бағытталған.

Қазіргі қашықтықтан оқытуда Интернет технологиясының барлық негізгі құралдары қолданылады:

  • электрондық пошта;
  • чаттар, телеконференциялар;
  • WWW-серверлер;
  • FTP-қызметтер;
  • видеоконференциялар.

 

Көптеген жетекші қашықтықтан оқыту орталықтары Интернетке шығудың жылдамдағы жоғары арналарымен жабдықталған, түрлі оқу материалдары, дерекқорлар, оқу видеофильмдерінің мұрағаттары, электрондық зертханалар бар web-серверлері мен порталдары бар.

Қашықтықтан оқытудың инфрақұрылымы жетекші индустриалдық мемлекеттерде қарқынды дамуда, мұнда сапалы білім басты басымдықтардың біріне айналуда.

Аталған қашықтан оқыту нысандарының ақпараттық технология құралдарының барлық түрі болған жағдайда ғана іске асырылмайтынын атап өтейік.

Оқу ортасы

Қашықтық курсын сәтті өткізу үшін тыңдаушыларға әртүрлі мультимедиялық оқу құралдарын, гипермәтіндік құжаттарды қамтитын оқу ортасын ұйымдастыру керек. Осындай ортаны құру және оқу материалдарын электрондық түрде дайындау курсты әзірлеушілерге түсетін жүктемені біршама арттырады. Күндізгі курстарда дәріс оқушылардың тыңдаушыларға арналған конспектілер, иллюстрациялық слайдтар, демонстрациялық мысалдар әзірлеумен айналыспайтыны құпия емес. Әдетте оқу материалы ауызша, көбіне импровизияланған мәнермен, тақта мен борды қолдану арқылы баяндалады. Дәріс оқушының мәтінді жазып алу үшін айтып тұруы немесе дәрісті студенттердің өз бетімен конспектілеуі үйреншікті жағдай.

Біздің ойымызша, жақсы дайындалған оқу материалдары қашықтықтан оқытудағы оқудың қажетті элементі болып табылады. Осы материалдар электрондық түрде тыңдаушыларға электрондық поштамен жіберіледі, ал сәйкес баспа қоры болған кезде тыңдаушыларға баспа тәсілімен тираждалған оқу құралдары (кітаптар, конспектілер, брошюралар, шағын дискілер) жіберіледі. Оқу материалы сондай-ақ оқу web-серверіне орналастырылуы мүмкін.

Білім алушылардан өзіндік жұмыс күтілетіндіктен, оларға қосымша әдебиеттер тізімін, Интернет ресурстарына сілтемелерді ұсыну керек, бұларды тыңдаушылар жұмысында қолдана алады. Сілтемелер тізімі үнемі жаңартылып тұруы тиіс, себебі Интернетке жаңа қызықты материалдар үнемі жарияланып тұрады, ал ескі сілтемелер көбіне күшін жояды.

Қашықтық курсы

  • пән саласын дамытудың заманауи деңгейін көрсететін сапасы жоғары оқу материалдарына негізделуі;
  • тыңдаушылардың түсінуі мен меңгеруі үшін қолжетімді болуы;
  • оқу материалының ойластырылған құрылымына, көлемі мен күрделілігіне қарай теңдестірілген оқу блоктары мен тапсырмаларының болуы;
  • алған білімді тексерудің әртүрлі нысандарын қамтуы тиіс.

Қашықтық курсын сәтті өткізу үшін

  • білім алушылардың нақты тобының ерекшеліктерін ескеретін оқу ынтасын арттырудың түрлі нысандарын қолдану;
  • жеке кесте немесе тыңдаушыларды оқыту жолдары мүмкіндігіне жол беру;
  • оқу сауалдарын талқылау үшін ұжымдық жұмыс нысандарын немесе пікірсайыстарды қолдану керек.

Мәлімет үшін

Курс үнемі авторлық болып табылады. Оқытушылар тіпті жалпы психологиялық-педагогикалық қағидаттарға сүйене отырып, оқу әдістемесін өз тәжірибесіне, түйсігіне, жеке тілектеріне негізге алып, әрқалай құруы мүмкін. 

Аталған талаптардың бәрін дәстүрлі күндізгі курстарға арналған материалдарды әзірлеуге де жатқызуға болады. Сонымен қашықтық курстарының ерекшелігі неде? Қашықтық курсының әрбір әлеуетті оқытушысына ойлану әрі өзіне мынадай сауал қою ұсынылады: ол оқуын сыныптан тыс аудиторияда, үй компьютерінің жанында бастайтын тыңдаушыларға не ұсына алады? Оқытушы құрастырған ұсыныстар мен тілектер тізіміне жоғарыда аталған тармақтардың көбісі кіреді деген ойдамыз.

Сөзсіз, мұндай құралдар бар, ал олардың көбісі қашықтық курстарында материал жасақтауды барынша жеңілдетеді. Алайда, курстың жаңадан келген дизайнерлері жиі жіберетін үйреншікті қателіктің алдын алғымыз келеді: қашықтық курсын құру міндетін сәйкес аспаптық құралды іздеумен алмастырудың қажеті жоқ.
 

Сұрак-жауап
Қашықтық курсын қандай ортада әзірлеу керек? 
Қашықтық курстарын әзірлеуге мүмкіндік беретін арнайы құралдар бар ма? – деген сауал жиі туындайды.

Курсты әзірлеудегі негізгі еңбек шығындары оқу материалын жазуға және таңдауға, білімді тексеру мен бағалаудың адекватты құралдарын жобалауға, курстың уәждемелік негізін ойластыруға байланысты. Құралды таңдау мәселесі екінші кезекте тұр.

Егер, мысалы, қысқамерзімдік біліктілікті арттыру курстарына арналған шағын курс әзірленсе, онда алғашқы сәтте оқу материалын (мәтіндерді, иллюстрацияларды, графиктерді, видеоүзінділерді) ұсыну үшін кеңсе пакеттерімен, көбіне Microsoft Office пакетімен ұсынылатын құралдар барынша жеткілікті. Бұл пакет бүгінде барынша қолжетімді әрі кең таралған бағдарламалық өнім болып табылады. Тіпті аталған кеңсе пакетіндегі Word мәтіндік редакторы мол мүмкіндіктерге ие, сондықтан да график, дыбыс және видео элементтерімен гипермәтіндік құрылымдарды еш қиындықсыз жасауға болады.

 Маңызды!

«Жақсы» қашықтық курсы – бұл өзінің жұмыс нәтижесіне мүдделі біліктілігі жоғары, әділ оқытушы.

Мұғалімдерге арналған біліктілікті арттырудың қашықтық курстарының артықшылықтары

Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстары мынадай артықшылықтарға ие:

  • бұл күндізгі және қашықтықтан оқытумен тең қалыптасқан оқыту нысандарының бірі;
  • қазіргі қоғамда қашықтықтан оқытуға деген сұраныс арта түсуде;
  • тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір адам қашықтық курстарында оқи алады, бұл ретте белгілі курсты таңдау арқылы және оқытудың толық бағдарламасымен танысу арқылы.

 Маңызды!

Мұғалімдер үнемі біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтуі, білім деңгейін жетілдіруі әрі көтеруі тиіс, демек, бүгінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстары аса өзекті.

Көбіне басқа қалаға бару мұғалімге қиындық тудырады, ал қашықтық курсы үйден шықпай-ақ оқудан өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттырудың әдеттегі күндізгі курстарын өткізуге кететін шығын да үйден қашықтық курсын ұйымдастыруға кететін шығыннан жоғары.

Қашықтық курсының әдеттегі біліктілікті арттыру курстарынан ерекшелігі – бұл курсқа қатысушының белсенділігі, дербестігі, жауаптылығы мен ұйымдасқандығы.

Егер мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында күндізгі оқудан өту барысында оқытушының рөлі барынша белсенді болса (ол материалды әзірлейді, сұрақ қояды, тапсырмаларды дайындайды және материалды оқиды), онда қашықтықтан оқу процесіндегі оқытушының рөлі енжар.

Қашықтан оқу процесінде курсты тыңдаушы барынша белсенділік танытуы тиіс. Ол тақырыпты оқу процесін өз бетімен ұйымдастыруы, оқу міндетін белгілеуі және белгілі нәтижеге қол жеткізуі тиіс. Қашықтық курсында оқығанда мұғалімнен барынша ізденушілік, шығармашылық қызмет талап етіледі.

Мәлімет үшін

Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстары оқыту нысандары мен әдістері бойынша қызықты. Бұл жеткілікті теоретикалық материалдың болуы және тексеру мен өзіндік тексеруге арналған көптеген тапсырмалар, сұрақтар, тесттер, біліктілікті арттыру институтының оқытушыларымен өткізілетін жүйелі онлайн-сабақтар.

Қашықтан оқу процесіндегі білім алушының психологиялық үлгісі дәстүрліден ерекше. Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың екі үлгісі әзірленді: дәстүрлі және жобалық әдіс.

Дәстүрлі үлгіге сәйкес мұғалімдерді даярлау 3 кезеңмен өтеді. Бірінші қадам – компьютерді меңгеру және ДК жұмыс істеу дағдылары. Екінші кезеңі – Интернеттің коммуникативтік технологиялар құралдарын меңгеру. Үшіншісі, маңыздыларының бірі – мектеп пәнін қашықтан оқыту әдістемесі (оқыту тәсілдері, нысандары және т. б.).

Жобалық әдіс (жеке немесе ұжымдық) курс материалын алуға ғана емес, сонымен бірге сапалы меңгеруге мүмкіндік береді. Ал жоба түріндегі қорғау жұмысы оқыту саласындағы білімді жалпылауға айналады.

Қашықтық курсынан өту үшін

  • курсты таңдау және өтінім беру;
  • оқу материалын қабылдау және оқытушымен байланыста болу үшін электрондық поштасы болуы;
  • курс модульдерімен танысуы;
  • курспен жұмыс кестесін құрастыруы;
  • модульдерді өз бетімен әзірлеуі;
  • әр модульдің соңында тесттер мен бақылау сұрақтарының көмегімен меңгерген материалды тексеруі;
  • тапсырмаларды оқытушыға тексеруге жіберуі;
  • курстан өткені туралы сертификат алуы керек.

Осылайша, мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстары өзінің заманауи коммуникативтік технологиялардың көмегімен шеберлік деңгейін арттыруға, шығармашыл әрі белсенді болуға әзір мамандарға арналған.

Қазіргі білім беру жағдайында біліктілікті арттыру жүйесінде педагогтардың кәсіптік дамуындағы өзгерістердің бірнеше желісін белгілеуге болады.

  • Инновациялық процестерді басқару механизмдері ретінде кәсіптік даму нысандарын дамыту. Олардың арасынан мыналарды белгілеуге болады:
  • мәдени педагогикалық жүйені меңгеру және оны инновациялық мектепте іске асыру, зерттеу қызметіне ену нысаны ретіндегі педагогикалық шеберханалар;
  • инновациялық мектепте семинардың жаңа түрін ұйымдастыру: ену семинарлары, семинар-мәселенамалар, семинар-рефлексия, жобалық семинар, әдіснамалық семинар, сарапшылық семинар;
  • инновациялық қызмет барысын талқылау бойынша мектеп педагогтарының конференциялары;
  • жас педагогтарға арналған әдістемелік күндер;
  • ашық кәсіптік клуб, кәсіби жетістік мектебі;
  • интернет-марафондар, интернет-педкеңестер, онлайн-режимде өтетін семинарлар және т. б.
  • Біліктілікті арттырудың жаңа нысандары мен технологияларының пайда болуы, бұл өзгерістердің келесі үлгілерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:
  • біліктілікті арттыруға білім алушының жетекші рөлін ескеретін андрогогикалық үлгіні енгізу;
  • біліктілікті арттыру бағдарламаларының модульдік құрылымы;
  • шығармашылық шеберханалар;
  • оқу бағдарламаларындағы таңдау және даралау, «еркін кесте»;
  • біліктілікті арттырудағы ақпараттық технологиялар;
  • қашықтық нысандары;
  • біліктілікті арттырудың ұйымдық-қызметтік нысандары, іскер ойындар, тренингтер;
  • жобалық тәсіл (жобалық мәдениетті дамыту, педагогтардың жобалық қызметін ұйымдастыру және сүйемелдеу);
  • педагогтардың зерттеушілік қызметі;
  • мектептің нақты педагогикалық ұжымына арналған біліктілікті арттырудың мақсатты бағдарламалары (көшпелі сессиялар, педагогикалық онкүндіктер, мектептегі өзгерістерді ғылыми-білім берушілік сүйемелдеу және т. б.);
  • мектеп командаларының біліктілігін арттыру;
  • педагогтардың біліктілікті арттыруға тапсырыстарын қалыптастыру;
  • біліктілікті арттыру бағдарламаларындағы құзыретті тәсіл;
  • мектеп командаларын жасақтау және оқыту;
  • біліктілікті арттыру кеңістігін диалогтандыру;
  • біліктілікті арттыру курстарының дамытушы сипаты бағытында сессияларды ұйымдастыруды технологияландыру (сессияны базалық процесс бойынша типтендіру: кіріспе (өзіндік диагностика) – негізгі оқу процесі – «рефлексивтік-бағалаушы»).

Оқыту семинарларының, психологиялық-педагогикалық тренингтердің, іскерлік ойындардың бағдарламалары заманауи талаптарға сай.

Мұнда ғылымның, техниканың, мәдениеттің және қоғам қызметінің басқа салаларының соңғы жетістіктерін, бағдарламаның мұғалімнің кәсіптік қиындықтарына байланысты қандай да бір мәселелерінің және бөлімдерінің басымдығын көрсету талап етіледі. Оқу және оқу-тақырыптық жоспарлар блоктық-модульдік қағидат бойынша әзірленді. Оқу-тақырыптық жоспарда мазмұнды инварианттық және вариативтік компоненттерге, базалық (үш деңгейлік) және оқу вариативтік модульдерге бөлу арқылы білім мазмұнын қалыптастыру бойынша оқу орнының құзыреті мен жауаптылығы шектелген. Оқу мазмұнының құрылымдық-модульдік құрылымы педагогтардың сұраныстары мен әдеттегі қиындықтарына қарай (мұғалімнің мәселелі өрісіндегі жұмыс) курсты әзірлеуді қамтамасыз ететін модульдерді жобалау арқылы сараланған тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Курс тыңдаушыларына арналған оқу-тақырыптық жоспардың мазмұны екі бөліктен тұрады: инвариантты, тыңдаушылар үшін ортақ және вариативтік (пән мұғалімдерінің таңдауы бойынша).

Тыңдаушыларды оқытуды саралау мен даралауды жүзеге асырудың негізгі тәсілі әртүрлі мақсатты, шығармашылық арнайы семинарлар мен арнайы курстар, шеберлік сағаттарын өткізу болып табылады (тыңдаушылардың таңдауына қарай). Курстық және курсаралық оқытудың нәтижесінде біліктілікті арттырудағы әр мұғалімнің жеке білім бағытының негізінде кәсіби мәдениет пен шеберлікті меңгеру жолында мұғалім кәсіби тұрғыдан өзіне қажетті білім мен машықтарды «эталонына» дейін толықтыра алады.

Интернеттің қарқынды дамуына байланысты оқыту курстарының танымалдылығы артты. «Видеокурстар» деп аталатын видео форматындағы оқыту курстарына деген сұраныс артты.
 

Сұрак-жауап
«Оқыту видеокурстары» дегеніміз не, және олар неліктен осындай танымалдылыққа ие?

Видеокурстар – бұл қашықтықтан оқытудың тиімді құралы. Белгілі саланың маманы осы саладағы білімін оқыту видеосабақтары түрінде видеоға жазып алады, мұнда баяндалатын мәселенің тақырыбы толық ашылады. Бұл видеосабақтар қандай да бір тақырып бойынша сабақтар тобына біріктіріледі, бұл біртұтас оқу материалын құрастыруға әкеледі, оны үйден шықпай-ақ, компьютердің алдында отырып меңгеруге болады. Бұл ретте мұғалім жаныңда отырғандай және нені қалай істеу керектігін түсіндіріп тұрғандай әсер қалады.

Интернет арқылы таратылатын видеокурстың түрлерінің біріне DVD-дискіге жазылған интернет-семинар немесе Интернеттен жүктеу үшін оның электрондық нұсқасына жазылған интернет-семинардың жазбасы жатады. Білмейтіндер үшін интернет-семинар (вебинардың дәл өзі) – нақты уақыт режимінде Интернет арқылы бір немесе бірнеше жетекшімен өткізілетін семинар.

Видеокурстар (видесабақтар) немесе интернет-семинарлар тренингтер түрінде өткізілуі мүмкін. Онда DVD немесе жүктеуге арналған электрондық нұсқа түрінде таратылатын осындай тренингтің жазбалары видеокурстың тағы бір түріне жатады. Және жай ғана «тренинг» немесе «видеотренинг» деп аталады.

Видеокурстардың көмегімен қашықтан оқытудың артықшылықтары

Видеокурстар – бұл ең қолжетімді және сонымен бірге барынша нәтижелі оқыту әдісі, ол материалдың барынша жоғары меңгерілуін қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдағы зерттеулер көрсеткендей, видеокурстардың көмегімен оқыту барысындағы материалдардың меңгерілуі шынайы өмірде курсқа қатысудағы меңгерілуіне қарағанда барынша жоғары.

Бұл, ең алдымен, адамның оқуға ыңғайлы уақытты өзі таңдайтынына байланысты. Сонымен бірге әдетте оқу жайлы үй жағдайында өтеді, сондықтан меңгеру нәтижелілігі күрт жоғарылайды. Көбісі үшін көңілді бөлетін факторлардың болмауы елеулі рөл атқарады: шулайтын, бір-бірімен сөйлесетін, білім алушының көңілін бөлетін бөтен адамдардың болмауы.

Егер білім алушы бірнәрсені бірден түсінбесе немесе мұқиятсыздығының салдарынан жіберіп алса, ол оқыту дискін кері айналдырып, түсінбеген жерін қайта көре алады. Егер бәрібір ештеңені түсінбесе, компьютердің алдында отыру арқылы Интернеттегі іздеу жолы арқылы нақтылаушы сұрақ қоюға болады (мысалы, мұғалімдерден бұрын кездестірмеген сөз нені білдіреді).

Оффлайн оқу кезінде әртүрлі себептерге байланысты қандай да бір түсініксіз сұрақты мұғалімнен нақтылау мүмкіндігі бола бермейді.

Ақпаратты барынша сапалы жеткізу

Интернет арқылы өткізілетін ақылы оқыту видеокурстарын өз ісінің шеберлері әзірлейді. Олар ақпаратты жеткізудің түсінікті әрі ыңғайлы схемасын арнайы әзірлейді, жеткізудің түсініктілігін бақылайды, сондай-ақ маңызды тұсын жіберіп алмай бақылайды. Видеокурсқа кіретін видеосабақтар мұғалімнің көзқарасы бойынша бірнеше рет жазу арқылы толық жеткізіледі және осыдан кейін ғана соңғы нұсқасы бекітіледі.

Шынайы өмірде оқу барысында материалды жеткізу сапасына адами фактор қатты ықпал етеді. Оқушылармен жанды араласуда оқытушы қаншалықты жақсы болса да, ол маңызды тұсын жіберіп алуы немесе өз ойын тыңдаушылардың көбісіне түсініксіз түрде жеткізуі мүмкін. Оффлайн-курстарда оқу барысында тіпті оқу тақырыбын жақсы білетін жоғары санатты мамандардың өзінде, практика көрсеткендей, түрлі дәлсіздіктер мен тиімсіздіктер жеткілікті.

Барлық оқу курстарына, семинарлар мен оффлайн тренингтерге тән оқудан өтудің қатаң кестесі жоқ.

Барлық видеокурстар егер адам бірнәрсені ұмытса, онда ол дискіден өзін қызықтыратын жерін оңай таба алатындай етіп құрастырылған.

Мәлімет үшін

Видеокурс авторлары көп көрнекі мысалдар келтіреді, бұл оқу жеделдігі мен меңгерілетін материалды оңай игеру мүмкіндігін арттырады.

Осылайша, қоғамның заманауи талаптарына сай болу үшін және білім беру стандарттарымен қойылатын талаптарды шебер қолдана білу үшін мектеп мұғалімі үнемі өзінің кәсіби біліктілігін арттыруы тиіс. Жаңа технологиялар және Интернет желісінің дамуы бүгінде біліктілікті арттыруға, соның ішінде қашықтықтан арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіби біліктілікті арттыру аралас кәсіпке ауысуды, қандай да бір мәселе бойынша білімді жетілдіруді, практикалық міндеттерді шешуде дағдыларды жетілдіруді және жалпы мектептік білім сапасын арттыруды мақсат етіп қояды. В ЕШКУ

Мұғалімдерге арналған біліктілікті арттырудың қашықтық курстарының артықшылықтары

  • Тұрғылықты жеріне қарамастан психологиялық қолдауға ие болу;
  • Тұрғылықты жеріне қарамастан белгілі оқу бағдарламасы бойынша белгілі курстан өту.

Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың қашықтық курстары мынадай артықшылықтарға ие:

  • бұл күндізгі және қашықтықтан оқытумен тең қалыптасқан оқыту нысандарының бірі;
  • қазіргі қоғамда қашықтықтан оқытуға деген сұраныс арта түсуде;
  • тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір адам қашықтық курстарында оқи алады, бұл ретте белгілі курсты таңдау арқылы және оқытудың толық бағдарламасымен танысу арқылы.