Масару Ибук, Глен Доман және Никитин бойынша балаларды ерте дамыту әдістемесі: практикада қалай қолданамыз
Колумбия университетінде жүргізілген зерттеулер ерте дамыту бағдарламасы бойынша оқыған балалардың өмірде табысты екенін көрсетті: олар жұмысқа оңай орналасады әрі табысты. Сонымен бірге адам өмірінің алғашқы үш жылының мидың дамуына тигізетін әсерінің маңызын дәлелдеді. Сондықтан балаларды ерте дамыту мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің біріне жатады. Мақалада үш авторлық әдістемені көрсетеміз әрі оларды жұмыс барысында қолдану жолын үйретеміз, ерте жастағы балалармен жұмыс барысында осы әдістемелерді қолдануға болады.
Глен Доманның ерте дамыту әдістемесі
Глен Доман — нейрофизиолог дәрігер. Ол 6 жастағы адамның алдағы жылдармен салыстырғанда ақпаратты үш есе көп қабылдай алатынын дәлелдеді. Сондықтан оның әдістемені 3 айлық сәбилер үшін әзірленген. Осы кезде көру жадысын жаттықтырып, физикалық дағдыларды жетілдіреді. Теорияда әдістемені 7 жасқа дейін қолданады, себебі бас миы осы жасқа дейін белсенді түрде дамиды.
Әдістеменің негізін балаларды интеллектуалды дамыту мен физикалық тәрбиелеу құрайды. Физикалық тәрбие туғаннан бастап барлық бұлшықетті ерте жаттықтырудан тұрады: аунау мен еңбектеуден бастап спорттық жаттығуларға дейін, себебі ақыл-ой әлеуеті дененің физикалық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты.
Интеллектуалды дамудың негізін ақпарат құрайды. Глен Доман ақпараттың ең кіші бірлігін бит деп атаған. Егер балаға оқуды үйретсеңіз, онда бит қандай да бір сөздің нақты картинасын немесе фотосуретін білдіреді, егер математиканы оқытсаңыз, онда бит дегеніміз – белгілі санға сәйкес нүктелер жиынтығы. Биттер он немесе одан да көп картина бойынша санатқа біріктіріледі.
Әдістеме бойынша қалай жұмыс істейміз
Балаға картинаны көрсетіп, оның атауын дауыстап айтыңыз. Карточкаларды баладан 45 см арақашықтықта көрсетіңіз. 15 секунд ішінде 15 карточка көрсетіңіз, демек әр карточкаға 1 секундтан көп уақыт бөлмеңіз. Біраз уақыттан кейін жаттығуды қайталаңыз, бірақ жаңа карточкаларды қолданыңыз. Негізгі қағида: әр битті 30 рет – 10 күн бойы күніне үш рет көрсетіңіз.
Жаттығуды таңғы уақытта ұйымдастырыңыз, осы кезде бала жаңа ақпаратты жақсы қабылдайды.
Доман балаға оқуды үйрету үшін ұсынатын әдістеме балаға күніне бірнеше рет көрсетілетін сөздерді механикалық түрде есте сақтауға негізделеді. Глен Доманның ойынша, уақыт өте келе бала ауызекі тілді жазумен жеткізетін заңдылықты өзі түсінеді. Жаттығу кезінде баланы артық ақпаратпен шатастырмау маңызды. Егер сіз анасы бейнеленген карточканы көрсетсеңіз, онда «ана» деп дауыстап айту жеткілікті, қосымша пікір не толықтырулар қажет емес. Сөз жазылған карточкадан сөз тіркестері мен тұтас сөйлем жазылған карточкаларға ауысамыз.
Қорытынды кезең – кітап оқу. Бірнеше күн бойы балаға бір кітапты оқиды. Белгілі бір кезеңде бала оны өз бетімен оқығысы келеді.
Доман бойынша математиканы оқыту зат санын білдіретін нүктелермен жұмыстан тұрады. Мысалы, балаға 1+3 дегеніміз не екенін түсіндіру үшін үш карточканы мына реттілікпен қойыңыз: бір нүктелі, екі нүктелі, үш нүктелі. Бірінші карточканы көрсетіп, былай дейсіз: «Бір». Осыдан кейін «Плюс» деп қосасыз және екі нүктесі бар екінші карточканы көрсетіп, «Екі» дейсіз. Айтқаныңызды қорытындылайсыз: «Үшке тең» және үшінші карточканы көрсетесіз.
Балалар үлгілермен амалды жалғастыру үшін алдымен барлық карточканы нүкте санымен бірге есте сақтайды (2-сурет).

Глен Доман әдістемесі бойынша карточканы өз бетіңмен дайындауға болады: өлшемі 28 х 28 см екі жағы ақ картон алып, қызыл маркермен тиісті жазба қалдырыңыз. Бұл ретте әріптердің биіктігі 2,5 см-ден кем болмауы тиіс. Егер бит картинаны білдірсе, онда карточканың ішкі жағына оның атауын жазыңыз. Егер таңдалған объект фонда орналасса немесе жазба сәйкес келсе, оны қиып алып, ақ картонға жапсырыңыз.
Биттер карточкасын жалпыдан жекеге қағидаты бойынша жүйелеңіз. Мысалы, басында жануарлар әлемін «Жәндіктер», «Құстар» санатына бөліп, осыдан кейін біртіндеп нақтылаңыз.
Доман әдістемесінің жоғары нәтижелілігіне және осы әдістеме бойынша жаттыққан балалардың жоғары көрсеткіштеріне қарамастан педагогтер оның бірқатар кемшілігін көрсетті:
- ойынның жоқтығы: жұмыс барысында үнемі карточка көрсетіледі;
- ақпарат дайын күйде жеткізіледі – аналитикалық және сыни ойлау қабілеті дамымайды;
- шығармашылық әлеуетті дамытуға арналған тапсырмалар жоқ.
Сондықтан бала жан-жақты дамуы үшін бұл әдістемені баланың креативтік қабілеттерін дамыту көзделген өзге әдістемелермен үйлесімде қолданыңыз.
Масару Ибуктің әдістемесі
Жапон инженері әрі өнеттапқышы Масару Ибуктің баланы дамытуға қатысты көзқарасын шартты түрде әдістеме деп атайды. Незінде бұл дамыту әдістемесі емес, керісінше жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуге қатысты құнды ұсынымдар.
Ол өз ұсынымдарын «Үш жастан кейін кеш болады» атты кітабында жазған, бұл жарылған бомба әсерін қалдырды. Ғылыми кітаптармен салыстырғанда «Sony» компаниясының негізін қалаушы бала 3 жасында скрипкада жеңіл ойнап, қиын мысалдарды шешіп, көркем шығармаларды оқуы үшін не істеу керектігін түсінікті етіп жеткізді.
Оның кітап жазуына ұлының балалық шағында сырқаттанып, нәтижесінде басқа балалардан ақыл-ойының кем болуы түрткі болды. Осы қасіреттен арылу үшін Масару Ибук ұлымен күнделікті жаттықты. Ол осы тәжірибесін бестселлерге жазған болатын.
Масару Ибуктің ұсынымдары
- баламен бірге көп өлең жаттаңыз: оның миы қысқа өлеңнің ауқымды мөлшерін есте сақтай алады. Баланың жадысын қарқынды қолданған сайын ол жақсы дамиды әрі жұмыс істейді. Бұған А. Барто мен К. Чуковскийдің өлеңдері сай келеді.
- Жаттығуды түрлендіріп отырыңыз: балаға өз күшін сынау пайдалы.
- Бала мен ата-ананың дене байланысын тәжірибеде қолданыңыз. Бұл баланың зердесіне оң әсер етіп, сезімтал әрі нәзік адамды тәрбиелеуге ықпал етеді.
- Баланға ойыншықты көп алмауға тырысыңыз: баланың зейінін тұрақтандырмайды, сондай-ақ бейстандартты ойлауын, қиялы мен өнертапқыштығын дамытуға кері әсер етеді.
- Балаға қарындаш, фломастер, қайшы секілді заттарды ерте ұстатуға тырысыңыз. Бала өз қолымен жасағанның бәрі: сурет салуы, қағазды жыртуы немесе ойыншықты шашуы оның шығармашылық қабілеті мен зердесін дамытады.
- Көп қозғалыңыз: жаяу серуендеу ойлау процесін ынталандырады.
Тәрбиешінің міндеті – балаларды осы ұсынымдармен таныстыру, семинар, әңгімелесу өткізу. Бұл отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтып, баланы жан-жақты дамытуға ықпал етеді.
Никитиндер отбасының әдістемесі
Борис Павлович пен Елена Алексеевна Никитиндер – педагог әрі көпбалалы ата-ана. 60–70-ші жылдар олар жеті баласын ерекше әдістеме бойынша тәрбиелеу арқылы танымал болды. Соңғы сұқбатының бірінде Елена Никитина «осы ерте дамыту әдістемесінің барлық халықта болғанын» атап өтті. Мысалы, моңғолдар әлі тәй-тәй баспаған баласын атқа отырғызған. Ал орыс крестьян отбасында қалай болған? Бала өмірге келіп, өсіп, бес-алты жасында үйдің еденін сыпырып, от жаққан. Бала ересекке, табиғатқа еліктеп өскен. Қазіргі ерте білім беру (дамыту емес!) сәнінің басты қаупі – нәтижесінде кітапқа тәуелді, ебедейсіз, нақты өмірді естімейтін әрі көрмейтін адамдар өсіп шығады».
Никитиндер әдістемесінің қағидаттары
Авторлар өз әдістемесінің негізгі қағидаттарын былай анықтайды. Біріншіден, жаттығу кезінде балалар шығармашылығына еркіндік берілуі тиіс. Ешқандай арнайы жаттығулар, ширатулар, сабақтар қажет емес. Балалар спортты басқа қызмет түрімен үйлестіре отырып, қалағанынша жаттығады. Екіншіден, жеңіл киім мен үйдегі спорттық жағдай ерте жастан балалардың күнделікті өміріне енеді, олар үшін жиһаз бен өзге үй заттарымен бірде шынайы тіршілік ортасына айналады. Үшіншіден, балалардың іс-әрекетіне ата-анасы селқос қарамауы тиіс, олар балалар ойындарына, сайыстарына, тіпті олардың өміріне араласуы тиіс.
Ата-ана мен тәрбиешілердің мақсаты біреу ғана: бала дамуына кедергі келтірмеу, оған көмектесіп, өзінің ойына сәйкес оған қысым көрсетпеу, керісінде баланың көңіл күйі мен ниетіне қарай олардың дамуына жағдай жасау.
Балалардың интеллектуалды дамуы нәтижелі болуы үшін Борис Никитин ойын сериясын әзірледі, оқу әдістемесінің негізін де осы құрайды. Никитиндер ойынының басты айырмашылығы – олардың көп қызметті атқаруы әрі шығармашылық кеңістігінің шексіздігі. Бір ойын 3 жасар балаға да, ересек адамға да жарамды. Сондықтан да Никитиндер ойыны мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері арасында аса танымал.
Әр ойын – бұл тапсырмалар жинағы, бала оны текшелердің, кірпіштердің, шаршылардың, конструктор-механиктің көмегімен шешеді. Тапсырмалар түрлі нысанда беріледі: модель түрінде, тегіс сурет, изометрия суреті, сызба, жазбаша немесе ауызша нұсқау түрінде, осылай оны ақпарат жеткізу тәсілдерімен таныстырады. Тапсырмалар жеңілінен күрделісіне қарай орналасқан.
Ойын қағидаттары
- Балаға тапсырманы шешу тәсілі мен ретін түсіндіруге, әрі көмектесуге болмайды. Бала шешімін практикалық тұрғыдан жүзеге асыра отырып, қоршаған ортадан қажеттінің бәрін өз бетімен алуды үйренеді.
- Баланың тапсырманы бірден шешуін талап етуге әрі соған тырысуға болмайды.
Меңгеруіне қарай бала тапсырманы, өрнекті, пішінді өзі ойлап табады және т. б. Бұдан әрі Никитендердің «Унитекше» ойынының үлгісі берілген.
«Унитекше» – бұл баланы үшөлшемді кеңістікпен таныстыратын әмбебап текшелер. «Унитекше» 27 шағын ағаш текшеден тұрады. Әр текшенің шеті үйлесімі сирек, бірегей болатындай етіп боялған. Сондықтан да ұсынылған схема бойынша тапсырманы орындау оңай емес. Никитин «унитекше» үшін 60 тапсырма ұсынады. Оның алғашқыларын автор 1,5–3 жасар балалармен бірге орындаған, ал ең қиынын барлық ересек адам түсіне бермейді.
Сонымен бірге «Бөлшектер», «Жиектеме мен қосымша беттер», «Шаршы құр», «Өрнек құр» секілді ойындардың танымалдығы артты. Бұл ойындарды білім беру процесінде қолдану логикалық, кеңістікті ойлауды, тапқырлықты, түсті қабылдауды, көркемдік әрі құрылымдық қабілетті, сондай-ақ қиял мен зейінді дамытуға ықпал етеді.
Кез келген басқа ерте дамыту әдістемесі секілді Никитиндер жүйесі мектепке дейінгі ұйымның білім беру процесіне толық енгізілді. Бірақ әр тәрбиеші оны топтағы баланың тұлғалық ерекшеліктеріне қарай бейімдей алады.
Қарастырылған үш әдістеменің авторлары ерте дамытудың данышпандарды тәрбиелеуге емес, керісінше адамның шынайы қабілетін уақтылы ашуға бағытталуын ұсынады.

Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Қоқысқа екінші өмір сыйлайық» экожобасы
Мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатқа деген қамқорлығын экожабалар арқылы қалыптастыруға болады. Бұл балалардың зерттеу және қатынас дағдыларын дамытуға әрі ата-аналарды ынтымақтастыққа тартуға көмектеседі, үлгі ретінде мектепке дейінгі ересек жастағы балалармен бірге іске асыруға болатын жобаның әзірлемесін қараңыз.
Жобаның ұзақтығы: қысқамерзімдік.
Жобаның мақсаты:
- балаларды қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен таныстыру;
- адамның қоршаған ортаға әсерін білдіретін қауіпке балалар назарын аудару;
- балалардың бойынша экологиялық мәселелерге танымдық-зерттеушілік қызығушылық пен оларды шешуге қатысуға деген ынтаны қалыптастыру.
Жобаның міндеттері:
экологиялық мәселені көру және оны шешу жолдарын табу машығын дамыту;
- тұрмыстық және шаруашылық қалдықтарды қайта қолданудың дұрыстығы туралы түсінік қалыптастыру;
- эксперименттеу дағдыларын, іздену-зерттеу машықтарын жетілдіру;
- балаларды қоқыстан қол бұйымдарын және керек-жарақ жасау арқылы шығармашылық қызметке ынталандыру;
- отбасы мен мектепке дейінгі ұйым жағдайында еріктілер ретінде ата-аналарды балалармен бірлескен қызметке тарту.
Болжамды нәтиже
Ата-аналардың қалдықтарды, тұрмыстық қоқысты қолдану мәселесіне қатысты ақпараттылығы мен экологиялық мәдениеті көтеріледі.
- Балалардың іздену-зерттеу қызметінің деңгейі, эксперименттеу дағдылары көтеріледі.
- Жобаға қатысушылар тұрмыстық қалдықты қоршаған ортаға залал келтірместен қайта қолдану үшін өңдеуге болатынын білетін болады.
Жоба балалар мен ата-аналарға ойланбастан қоқыс тастауға болмайтынын түсінуге көмектеседі. Балалар заттарға ұқыпты қарап, қоқысқа тастайтын заттардан ерекше сыйлықтар, танымдық, театр және ойын қызметіне қажетті түрлі құралдар жасауға болатынын түсінеді. Балалар азық-түлік сатып алу кезінде тауардың қаптамасына көңіл бөліп, өңделетін шикізаттан жасалған тауарды таңдайтын болатын.
Жобаны іске асыру кезеңдері
Жобаны үш кезеңмен ұйымдастырыңыз. Бірінші кезеңде тұрмыстық қоқыс мәселесіне қатысты ақпарат жинап, теоретикалық және практикалық материал дайындауға қажетті әдебиетті іріктеңіз және ата-аналардан сауалнама алыңыз. Алдағы жұмыс жоспарын жасаңыз. Жоспардың үлгісін төменнен қараңыз.
Екінші кезеңде ата-аналар мен педагогтерге консультация өткізіңіз. Тұрмыстық қоқысты жинау мен сұрыптауға ерікті ретінде қатысудың маңызын ата-аналарға түсіндіріңіз. Мектеп жасына дейінгі балалармен қағаздың, пластмасса мен шынының қасиеттерімен таныстыратын тәжірибелер мен эксперименттер ұйымдастырыңыз. Қазақстан мен өзге елдердің қоқыс өңдеу зауыттарына виртуалды экскурсия ұйымдастырыңыз.
Үшінші кезеңде педкеңестің аясында жобаны қорғау өткізіп, ұжымға жұмыс қорытындысы бойынша презентация көрсетіңіз. Фойеде ұйымдастырылған көрмеде жарамсыз материалдан жасалған қол бұйымдарын көрсетіңіз.
Жобалық қызметтің өнімдері:
тәжірибелер мен эксперименттер картотекасы;
- экологиялық мультхикаялар мен видеоматериал картотекасы;
- жарамсыз материалдан жасалған бұйымдар;
- «Қоқыс жер серігі емес» суреттер көрмесі;
- жылжымалы папкалар, сәбилерге арналған кітаптар;
- экологиялық таңбалар;
- «Қоқыс қалай шіриді» экспериментінің нәтижелері көрсетілген бақылаулар күнделігі.
Жобаны іске асыру жоспары

Педагогикалық жұмыс тәжірибесін жалпылауға көмектесетін 14 аспаптық техника
Жеке тәжірибе талдауы біліктілікті арттырудың аса тиімді нысандарының әрі кәсіби біліктілікті қалыптастыру шарттарының біріне жатады. Тәжірибелі педагог кәсіби өмірінде көп қиындықты байқайды, оларды жою жолын іздейді, осы арқылы кәсіби қасиеттері «қалыптасады». Сондықтан мектептегі әдістемелік қызметтің өзекті міндеті – мұғалімге тәжірибені түсіну мен жалпылаудың тиісті аспаптық техникаларын таңдап беру әрі ұсыну. Мақалада мұғалім мен мектеп әкімшілігіне қолда бар инноватиканы сипаттауға мүмкіндік беретін аспаптық техникалар кешенін ұсынамыз.
Педагогикалық тәжірибені жалпылау түрлері
Озық педагогикалық тәжірибе педагогикалық мәселелерді шешу көзіне айналуы тиіс. Білім беру ұйымында білім сапасының төмендігі; оқушылар дайындығының төмендігі, жеке және сараланған түрде тіл табысудың жоқтығы, түрлі бағыт бойынша БДМ қалыптастырудағы кемшіліктер немесе тәрбиенің төмен деңгейі секілді мәселелер болуы мүмкін. Егер қиындық болса, педагог оны шешіп, тәжірибе жинақтайды, нәтижеге қол жеткізеді. Оң нәтиже тіркеледі, мұны басқаларға айтуға болады.
Педагогикалық тәжірибені жалпылаудың үш негізгі түрі бар: көрсету, әңгімелеу, сипаттау.
Көрсету – бәсекелес педагогтердің кәсіби сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған тікелей, қатынас арқылы тәжірибе алмасу нысаны. Жалпылаудың осы нысанының негізгі әрі тартымды ерекшелігі – педагогпен жеке тіл табысудың, белсенді кәсіптік қарым-қатынас өрісін құрудың айрықша мүмкіндігі. Білім беру ұйымы деңгейінде көрсетудің сәйкес нысанына ашық сабақ жатады.
Әңгімелеу (дәріс, әңгімелесу, семинар) – бұл да жалпылаудың тікелей қатынасты нысаны, ол алдын ала анықталған топтық кәсіби қиындықтарға негізделіп құрылады.
Сипаттау – жалпылаудың жоғары, аналитикалық деңгейі. Тәжірибе біртұтас, жүйелі түрде ұсынылып, оның бастапқы көзін, қалыптасу мен даму диалектикасын аша алады.
Осыдан кейін мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің тәжірибені жалпылаудың қандай нысандары арқылы қалыптасқан инноватиканы сипаттауға болатынын көрсетеміз.
Педагогикалық тәжірибені жалпылау құралдары
Аспаптық техникалар жинағы ауқымды, педагог жұмысының көп қырлы стилін бейнелей алатындай болуы тиіс. Әдістемелік қызмет тиісті жеке қолдау мен сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, жұмыс тәжірибесін түсіну әрі жалпылау техникаларының жинағын анықтауға көмектеседі.
«Сабақ рефлексиясы» техникасы
Мұғалімнің тәжірибесін түсінуі күнделікті қысқамерзімдік жоспарда «Сабақ рефлексиясы» бөлімін толтырудан басталады. «Сабақ рефлексиясы» аспаптық техникасы мұғалімнің сабақтағы дидактикалық әрекеттер құрылымын түсінуі мен сипаттауына мүмкіндік береді.
Сабақтағы дидактикалық әрекеттер құрылымы
Педагог үнемі сабақ рефлексиясын өткізе отырып, өз тәжірибесін жан-жақты әрі өзара байланысты түрде көруді үйренеді, сондықтан оның тұтастық әрі тиімділік деңгейін саналы түрде көтереді.
«Әзірлеме», «Баяндама», «Мақала жариялау» техникасы
Әдістемелік әзірлемелер, баяндамалар, мақалалар мұғалімнің инновациялық авторлық жаңалықтарын «танымал» етуіне мүмкіндік береді.
Әдістемелік әзірлемелер. Сабақ әзірлемелері кешенін жариялау мұғалімнің сабақтың тиімді элементтеріне назар аударуына мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа материалды таныстыру нысандарының алуан түрлілігі, формативтік бағалаудың нақты «жұмыс істейтін» техникалары, сыни бағалау жүйесі және т. б.
Баяндама. Бұл техника әріптестеріңмен тәжірибеңмен бөлісуге көмектеседі, мысалы, әдістемелік бірлестіктің отырысында. Мұғалім әдістемелік тәсілдерді сипаттайды, жаңалықтарын баяндайды, сабақтың белгілі үзіндісіне назар аударады, оқу мақсаттарына жету туралы тұжырым жасайды.
Педагогикалық мақаланы жариялау. Тәжірибені жалпылаудың осы техникасын қолдану үшін мұғалім басында дайындық жұмысын жүргізеді: мақала тақырыбына қатысты әдебиетпен, материалмен, сараптамалық пікірлермен танысады. Осыдан кейін мақаланың болжамдық мөлшерін анықтап, негізгі тезистерді құрастырады. Осыдан кейін контент «жанды» әрі қызықты болуы үшін авторлық қадамдық ойластырады.

Кіріспеде осы тақырыпқа қатысты қолда бар әдебиетқа қысқаша шолу жасап, тақырыптың өзектілігін негіздеңіз. Негізгі бөлімде әдістемелік тәсілдерді, жаңалықтарды мысал келтіре отырып сипаттап, шыққан нәтижені талдаңыз. Соңында мақалада сипатталған тәсілдердің оқу нәтижелері мен сабақтың мақсатына жетуге қалай әсер еткенін тұжырымдаңыз. Қорытындыда сипатталған әдісті басқа сабақта қолдану тәсілі мен осы әдістердің метапәнділігі туралы баяндаңыз.
Пәндік ӘБ жетекшісі мұғалімнің материалымен танысады. Егер олар барлық талапқа сай болса, директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасарының атына ӘБ мұғалімінің белгілі мәселеге қатысты жұмыс тәжірибесін озық педагогикалық тәжірибенің дерекқорына енгізу туралы өтініш береді.
«Сабақты микрозерттеу» техникасы
Педагогтің инновациялық тәжірибесімен танысу үшін мектепте сараптамалық топ құрылады, оның құрамына ӘБ жетекшісі мен тәжірибелі педагогтер кіреді. Топты директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасары басқарады. Сараптамалық топ мүшелері «Сабақты микрозерттеу» аспаптық техникасын қолданады. Ол педагог тәжірибесін бағалауда субъективизмнің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа бағдарлама «Сабақты бақылау парағын» қолдануды ұсынады. Ол сарапшылар назарын педагогтің педагогикалық машықтарына аударады, тәжірибенің мәнін, оның әдістердегі, тәсілдердегі, нәтижелердегі көрінісін анықтауға мүмкіндік береді. Сарапшылар тәжірибеден тұжырым жасайды, онымен бөліспейді. Олардың мақсаты – сабақта орын алған қиын, ауқымды процестерді, заңды құбылыстарды, ойларды, идеяларды көру, яғни тәжірибеде барын көру.
Сабақты микрозерттеу тәжірибені педагогика санаттары бойынша сипаттауға мүмкіндік береді: мақсаты, мазмұны, нысандары мен әдістері, технологиялары, шарттары, нәтижелері. Микрозерттеу нәтижелері басқарушылық шешім қабылдауға негіз бола алады: зерттелген тәжірибенің қоғамдық презентациясын өткізеді.
Мұғалім портфолиосы
Педагогикалық жаңашылдықты портфолио түрінде көрсету тәжірибе туралы ақпаратты жүйелеуге, реттеуге мүмкіндік береді. Мұғалімнің әдістемелік әзірлемелерін көрсету үшін портфолионы қолдану ерекшелігіне мұғалімнің педагогикалық зерттеуінің дамығанын көрсету жатады. «Портфолио» техникасы өз бетімен білім алу тақырыбы бойынша мұғалім жұмысын, оның қызметінің ерекшелігін бағалауға, мұғалімнің шығармашылық әрі кәсіптік өсуін бақылауға мүмкіндік беріп, рефлексия дағдысын көрсетеді.
Рефлексивті-аналитикалық семинар
Бұл техника педагогтің жеке дидактикалық жүйесін өзіндік талдау мен негізгі ережелерді қорғауды көздейді. Ол
- қолданылатын оқу тұжырымдамасына, авторлық көзқарасты қорғауға сүйене отырып, өзіндік таныстырылымды;
- сарапшы-аналитиктердің педагог ұсынған дидактикалық-әдістемелік жүйенің тиімділігін жедел талдау сауалдарымен шығуын;
- тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтиды.
Педагогтің шығармашылық зертханасына экскурсия
Мұғалімнің жеке педагогикалық жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін зерттеу үшін осындай техниканы қолданады. Экскурсия мыналарды қамтуы мүмкін
- авторлық оқу технологиясын қолдану арқылы өткізілетін ашық сабақ;
- сабақты талқылау;
- мұғалімнің педагогикалық жүйесін өзіндік талдауы.
«Шығармашылық есеп» техникасы
Шығармашылық есеп тәжірибені жалпылау мен тарату нысаны ғана сонымен бірге педагогтің еңбегі мен тұлғасына құрмет көрсету белгісіне жатады. Шығармашылық есеп мыналарды қамтиды
- әріптестерін тәжірибесімен таныстыру;
- «ашық» сабақ пен сыныптан тыс іс-шаралар өткізу;
- жұмыс туралы көрмені безендіру.
«Педагогикалық көрме» техникасы
Педагогикалық көрме мына материалдардың таныстырылымын қамтиды:
- әдістемелік қызмет дайындаған педагогтің жұмыс тәжірибесінің сипаттамасын;
- тәжірибе идеясы көрініс тапқан сабақ жоспарларын;
- оқушылар жұмыстарын;
- жұмыстың мазмұны мен әдістерін сипаттайтын дидактикалық материалдар жинағын;
- сыныптан тыс іс-шаралар сипаттамасын;
- мұғалімнің тәжірибе туралы баяндамасын: өзектілігін, мәнін, нәтиженің талдауын, маңызын;
- тәжірибенің ғылыми негізі, жұмыс тәжірибесінің, жұмыс тәжірибесінің талдауы, тәжірибенің бұқаралық практикамен салыстырылымы берілген жазбаша сын-пікір (сыртқы сараптама); нәтижелілік, «қосымшалардың» болуы.
«Педагогтің жеке файлы»
Жеке файлды директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары жүргізеді. Педагогтің педагогикалық қызметінің түрлі аспектісіне қатысты дидактикалық материалдарды, өз бетімен білім алу жоспарын іске асыру материалдарын және т. б. қамтиды.
«Қысқаметражды фильм»
Директордың орынбасары сәуір айында нені бақылауы тиіс. Жұмыстың дайын циклограммасы
Педагогтерді мазалайтын еңбекақы төлеуге қатысты сұрақтар. Кәсіби бухгалтердің кеңесі
Қазіргі мектептің техникалық жарақтандырылуы мен штатты техникалық мамандардың болуы педагог-шеберлердің, педагог-зерттеушілердің жұмыс тәжірибесін көрсете отырып, сапалы педагогикалық кино түсіруге мүмкіндік береді.
«Мектептік инноватика дайджесті»
Үнемі – жылына төрт рет дайджест шығару озық педагогикалық тәжірибенің көлемді әрі жан-жақты жинақшасын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ озық тәжірибені жалпылаудың «Шеберлік сағаты», «Авторлық семинар», «Жарияланымдар» секілді аспаптық техникалары сұранысқа ие әрі танымал.
«Әдістемелік бағыт»
Мектептерде әдістемелік жаңалықтар ішінен «Әдістемелік бағыт» секілді аспаптық техниканы қолданады. Бұл техника инновациялық тәжірибені сипаттауға ғана емес, сонымен бірге болашақта оны әйгілендіруге септігін тигізеді. Әдістемелік бағыт үлгісін төменнен қараңыздар. Оны e.metodist.mcfr.kz сілтемесі арқылы жүктеуге болады.
Қосымша
